АймақБас тақырыпРуханият

Абай күні Қарағанды облысында қандай іс-шаралар өтеді?

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 10 тамызда Қарағанды облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы әрі сазгер Абай Құнанбайұлына арналған Абай күні кең көлемде аталып өтеді. Қарағанды облысында бүгінде Абай есімі қалаға, ауданға, екі ауылдық округке, 80-нен астам көшеге және тоғыз мектепке берілген. Сондай-ақ, Қарағанды, Шахтинск және Абай қалаларындағы ақын ескерткіштері мемлекет қорғауына алынған. Осы орайда өңірдің қала-аудандарында кітап көрмелері, әдеби кештер, тақырыптық кездесулер мен өзге де мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарламаның негізгі іс-шараларының бірі – «Ән болған Абай мұрасы» атты кеш. 10 тамыз күні сағат 12:00-де Қарағандының Орталық саябағында өтетін кеште Абайдың әндері мен оның өлеңдеріне жазылған шығармалар орындалады.

Сол күні сағат 11:00-де Қарағандыдағы Бауыржан Момышұлы көшесі, 28 мекенжайында жаңа кітапхананың салтанатты ашылуы жоспарланған. Бағдарлама аясында кітап көрмелері, әдеби-танымдық шаралар мен өлкетану әдебиеттерінің көрмесі ұсынылады.

Сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Абай мұрасы кітапта» кітап көрмесі өтеді. Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан ауданындағы саябақта «OPEN AIR LIB: Қарағанды кітапханалары» жобасы ұйымдастырылып, келушілер әдеби кездесулерге, кітап оқу сағаттарына, викториналар мен танымдық акцияларға қатыса алады.

Поэзия сүйер қауым үшін сағат 15:00-де Теміржолшылар мәдениет үйінде «Абай үні» әдеби кеші өтсе, осы уақытта «Жастар» мәдениет үйінің кіші залында «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты тақырыптық сағат ұйымдастырылады.

Мерекелік іс-шаралар Абай қаласында да жалғасады. Сағат 11:00-де Абай ескерткішінің алдындағы алаңда «Хәкім Абай» концерттік бағдарламасы өтіп, гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button