БалқашАймақБас тақырыпСпорт

Балқашта облыстық «Арай-2026» XIX спартакиадасы басталды

Бүгін Балқаш қаласында Қарағанды облысының ең ірі спорттық додаларының бірі – «Арай – 2026» XIX облыстық спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі жарысқа өңірдің қала-аудандарынан келген үздік спортшылар қатысуда, деп хабарлайды Балқаш қаласының әкімдігі.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Спартакиаданың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың дене шынықтырумен жүйелі айналысуына қолдау көрсету және облыстың ең мықты спортшыларын анықтау.

Биылғы жарысқа 2005 жылы туған және одан үлкен ерлер мен әйелдер қатысуда. Барлық спортшылар алдын ала дайындықтан өтіп, медициналық тексеруден өткен.

Қазіргі уақытта Балқаш қаласының спорт нысандарында спорттың 14 түрі бойынша тартысты бәсекелер басталды. Қатысушылар жеңіл атлетика, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, футбол, қазақ күресі және өзге де спорт түрлерінде бақ сынап, өз өңірлерінің намысын қорғайды.

Спартакиада бірнеше күнге созылады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен жеңімпаз спортшылар марапатталып, облыстың құрама командаларын жасақтауға үміткерлер айқындалады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button