Өзіндік өрнегі бар өлке
Әр өңірдің өркендеу деңгейі өзіндік даму өрнегімен өлшенеді. Бірі өндірістік қуатымен дараланса, екіншісі, әлеуметтік әлеуетімен озады. Ал, Нұра өңіріндегі Шахтер ауылы бұл екі бағытты да сабақтастыра жүргізіп, заманауи ауылдық елдімекендердің сәтті даму үлгісіне айналды.Мұнда берекелі экономика мен әлеуметтік игілік қатар өріліп, халықтың тұрмыс сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Осы оң өзгерістер мен жүйелі дамудың басты тірегінің бірі – бұқаралық спорт. Өйткені, саламатты ұрпақ – қуатты мемлекеттің берік діңгегі.Осы қағиданы темірқазық еткен ауылда жастардың бойына патриоттық рух пен саламатты өмір салтын дарытып келе жатқан қос спорт нысаны бар. Олар – ауыл спортының қарашаңырағына айналған «Шахтер» спорт кешені мен жыл он екі ай тұрғындар мен жастардың игілігіне кәсіби деңгейде қызмет ететін заманауи жабық хоккей корты. Бұл қос кешен ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа баулып, болашақ чемпиондардың бағын ашқан орталыққа айналды.

Еңселі спорт кешені
Шахтер ауылындағы еңселі спорт кешенінің іргетасы 2017 жылы қаланды. Ел игілігіне арналған жоба мемлекет пен ауылдың жанашыры, «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоптың ортақ бастамасымен жүзеге асқан. Екі жылға жуық жүргізілген құрылыс сәтті аяқталып, ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін толықтай мемлекет меншігіне өткен. Содан бері аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде ауыл спортына серпін беріп, тұрғындардың сүйікті орталығына айналды.
– Бұл спорт кешені – ауыл тынысын түлетіп, бұқаралық спортқа серпін берген құтты шаңыраққа айналды. Мұнда 100-ден астам өрен тұрақты шынығып жүр. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан бастап, футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі секциясы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал, заманауи құрал-жабдықтармен толық жасақталған тренажер залының кез келген ауыл тұрғыны үшін есігі қашан да ашық. Бүгінде бұл нысанда 10-нан астам қызметкер жұмыс істейді, – деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ержан Смайылов.
Осы спорт кешенінде жас ұрпаққа тәлім беріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген жас маманның бірі – Нұрсұлтан Құлшыман. Волейболдан жаттықтырушы болып еңбек етіп келе жатқанына да екі жылдан асыпты. Өзі сонау жылдары ауылдағы Қайып Шайменов атындағы орта мектепті тәмамдап, білімін жетілдіру мақсатында қалаға аттанады. Жоғары оқу орнында дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп, алғашқы еңбек жолын ішкі істер саласында бастаған. Әйтсе де, туған жерге деген сағынышы оны қайтадан ауылға әкелді. Осылайша, мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы өзі тәмамдаған мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, ауыл жастарын спортқа баулыды.Оған дейін ауылда спорттық үйірмелер мектеп қабырғасында өткен. Жас маман келісімен спорт кешенінің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жастарды волейболға жаттықтырады.
– Бүгінде волейбол үйірмесіне 60-қа жуық бала тіркелген. Жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөліп, аптасына бес рет тұрақты жаттығу жасаймыз. Жалпы, ауыл жастарының спортқа қызығушылығы жоғары. Ал, волейболға көбінесе қыздар келеді. Жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбектің арқасында шәкірттерім аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарда ауыл абыройын қорғап келеді. Жуырда 9-11 сынып оқушылары арасында өткен аудандық жазғы спартакиадада ауыл жастарынан құралған қыздар командасы жүлделі ІІ орынды иеленді. Қазір шәкірттерім алдағы бәсекелерге тыңғылықты дайындалып жатыр. Жаңа оқу жылы басталысымен түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинақтап, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Сағындықұлы.
Ел назарындағы хоккей корты
2022 жылы Шахтер ауылында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен заманауи жабық хоккей корты бой көтерген. Кешеннің басты артықшылығы – маусым таңдамай, жыл он екі ай бойы бұқаралық спортты жандандыруға толық мүмкіндік беруінде.Сақылдаған сары аяз түсісімен-ақ корт іші мұз айдынына айналады. Арнайы техникаға сүйенбей-ақ ауыл азаматтары мен кешен ұжымы жұмыла жүріп мұзды өз қолдарымен құйып, бетін де өздері тегістейді. Одан кейін халықаралық стандарттарға сай таңбалау сызығы жүргізіліп, кәсіби жаттығулар мен дүбірлі жарыстар өткізуге толыққанды жағдай жасалады.
Бекітілген кестеге сәйкес аптасына төрт күн хоккей командаларының оқу-жаттығу жиындары өтсе, қалған күндері мұз айдыны тұрғындардың игілігіне беріледі. Әсіресе, сенбі және жексенбі күні ауыл халқы кешенді бетке алып, сырғанақ тебуді дәстүрге айналдырған. Тіпті, іргелес елдімекендерден де келіп демалатындар саны айтарлықтай өсіпті. Қарағандыдан бөлек, Астанадан да арнайы ат басын бұратын меймандардың да қарасы қалың.
– Көктем шығып, күн жылына салысымен мұз айдынының орнына жоғары сапалы жасанды газон төселіп, корт әмбебап футбол алаңына айналады. Таңның атысынан кештің батысына дейін ауыл жастары жаттығып, шағын футбол ойнайды.Қазіргі таңда хоккей үйірмесінің кіші тобында 13 бала жаттықса, ересектер турнирлер мен жолдастық кездесулер өткізеді. Бұл нысан жылдың төрт мезгілінде тұрғындар игілігіне қызмет етіп келеді. Мыңға жуық тұрғыны бар Шахтер ауылы үшін спорт – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған өмір салты. Оның айқын дәлелі – ауыл спортшыларының аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуі. Биыл жеті ауданның спортшылары бас қосқан дәстүрлі «Қарлы қыс» спартакиадасында ауыл өрендері конькимен жүгіруден облыс чемпионы атанса, хоккей командасы жүлдегерлер қатарынан көрінді, – деді Ержан Серғалиұлы.
Ардагер бапкердің еңбегі
Ауылда ардагер хоккейші Шалғынбай Баспақовты танымайтындар кемде-кем. Себебі, Шалғынбай Әшімұлының өмір жолы мұз айдынымен, хоккеймен және спортқа деген шынайы сүйіспеншілікпен біте қайнасып жатыр. Бала кезінен коньки киіп, хоккей таяғын жанына серік еткен жан. Жылдар өте келе, әуестігін кәсіби мансабына айналдырып, аудан намысын талай мәрте қорғаған.Бүгінде өзі зейнет жасында болса да, сүйікті ісін жалғастырып келеді. Ауылда заманауи хоккей корты пайдалануға берілген сәттен хоккей үйірмесін ашып, жас буынға тәлім беруде. Қазір тәжірибелі бапкер жазғы маусымда шәкірттеріне шағын футбол ойнатып, олардың дене дайындығын шыңдап, спорттық бабын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп жүр.Тобында мектептің жоғарғы сынып оқушыларынан 10 бала өнер көрсетеді. Сол жылдары аудан әкімі болып тұрған Аян Шалмағанбетов жас спортшыларды қолдап, оларға қажетті спорттық жабдықтардың бәрін алып берген болатын.
– Бүгінде жүйелі еңбектің нәтижесінде шәкірттеріміз турнирлерден жүлдесіз қайтпайды. Қыста аудандар арасында өткен облыстық «Қарлы қыс» спартакиадасында «Нұра арландары» ересектер командасы чемпион атанды. Бүгінде команда жастарының қарқыны күшті. Оларды әлі ешқандай турнирлерге қатыстырғанымыз жоқ. Себебі, олардың әлі бұғаналары бекіп, білегі қатайған жоқ. Болашақта сол жастардан зор үміт күтемін, – деді Шалғынбай Әшімұлы.
Өрені өрелі, жастары жалынды бұл мекенде әр баланың қабілетін ашып, арманына қанат бітіруге барлық мүмкіндік жасалған. Бірі мұз айдынында шыңдалса, бірі спорт залында шеберлігін жетілдіріп, биіктерді бағындыруға талпынып жүр. Ал, соларға бағыт-бағдар беріп, жігерін жанитын – білікті бапкер. Қолдау көрсетіп, мүмкіндік қалыптастыратын – мемлекет. Осындай сабақтастықтың арқасында Шахтер ауылында спорттың жаңа тынысы ашылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағының берік негізі қалануда.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



