Руханият

Арқа үні – араб атырабында

Иорданияда өтіп жатқан беделді халықаралық Джараш мәдениет және өнер фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсеткен Қарағандының қос өнер ұжымы көрерменді тәнті етті. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікке қарасты «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің сазды әуені мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің мың бұралған биі Ұлы даланың рухын Таяу Шығыс төрінде қалықтатты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

22 шілде мен 2 тамыз аралығында ежелгі Джараш қаласында ұйымдастырылған биылғы өнер жәрмеңкесі фестивальдің 40 жылдық мерейтойына арналды. Қазақстандық делегация айтулы шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жолдамасымен қатысты.

1981 жылдан бері тұрақты өткізіліп жатқан Джараш фестивалі бүгінде әлемнің әр түпкірінен музыкалық, театр және хореографиялық ұжымдарды тоғыстыратын беделді мәдени алаңға айналған. Мұнда түрлі халықтардың өнері мен салт-дәстүрі сабақтасып, мәдениетаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік туады.

Арқа өнерпаздары Иорданиядағы тарихи Hippodrome Theatre сахнасында қазақтың дәстүрлі музыкасын, аспаптық шығармалары мен ұлттық билерін ұсынды. Қаз мойын домбыраның қоңыр үні мен Арқа мектебіне тән кең тынысты әуен, ұлттық бояуы қанық би композициялары шетелдік көрерменнің зор қызығушылығын тудырды.

Қазақстанның Иордания Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Шалданбай бастаған елшілік қызметкерлері қарағандылық өнерпаздарға қолдау көрсетті. Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қарым-қатынас мәдени-гуманитарлық байланыстар арқылы да нығайып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Арқа ансамбльдерінің халықаралық фестивальге қатысуы ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықты тереңдетуге үлес қосты.

– Ұлттық өнерімізді ұлықтап, төл мәдениетімізді халықаралық сахнада кеңінен танытуға тырыстық. Тұтас елдің атынан барғандықтан, бағдарламамызды барынша мазмұнды құрып, Арқаның ән-күйлерімен қатар, халқымыздың тарихы мен рухани шежіресінен сыр шертетін шығармаларды орындадық. Шығыс жұрты мен фестивальге әлемнің әр түпкірінен келген қонақтар қазақ өнеріне ерекше қызығушылық танытып, жоғары бағасын берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Сержан Мұсайын әуелете ән шырқаса, мен қылқобызбен Қорқыт күйлерін орындадым. Бір жағынан, өзге елдің мәдениетімен танысып, рухани серпіліп қайтсақ, екінші жағынан, халқымыздың абыройын асқақтатып, ұлттық өнерімізді дәріптегенімізге бек қуаныштымын, – деді «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Байғара Сәдуақасов.

Айта кетелік, беделді өнер додасына Қазақстаннан бөлек Италия, Египет, Грузия, Жапония, Испания, Қатар, Сауд Арабиясы, Мексика, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Сирия, Ирак және Иордания елдерінің шығармашылық ұжымдары қатысуда.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button