Байтамдағы бағзы белгі
«Оянған өлкенің» сом тұлғасы
Қарағандының көмір өндірісімен әлемге танылған бүгінгі асқақ келбеті мен алып өндірістік қуаты бір күнде қалыптасқан жоқ. Бұл тарихтың тереңінде жердің жайын таныған, ел ісіне білек сыбана араласқан, қоғамдық және шаруашылық өмірінде айрықша із қалдырған талай біртуар тұлғалардың тағдыры өріліп жатыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында археология мен реставрация саласында нақты тәртіп орнатып, теңдессіз тарихи нысандарды келер ұрпаққа қаз-қалпында аман жеткізу қажеттігін қадап айтқаны мәлім. Елдік деңгейдегі осы ауқымды міндеттің аймақтағы нақты әрі жемісті көрінісінің бірі – Байтам ауылындағы Игілік би кесенесінің ғылыми негізде қалпына келтірілуі.

сақтау орталығынан
Игілік Өтепұлы – XIX ғасырдағы Сарыарқа даласының ең ықпалды тұлғаларының бірі
Игілік Өтепұлы – XIX ғасырдағы Сарыарқа даласының ең ықпалды, беделді тұлғасының бірі. Тарихи құжаттар мен шежірелік анықтамаларда ол Қареке-Алтай болысының бас биі, дәулеті мен абыройы қатар жүрген, сөзі дуалы ірі тұлға ретінде сипатталады. Ел ішіндегі күрделі дау-дамайларға әділ төрелік айтып, көшпелі шаруашылықтың тізгінін ұтымды ұстаған Игілік бидің есімі Қарағанды көмір алабының алғашқы игерілу тарихымен тығыз сабақтасып жатыр.
Өлкетанушылардың қаперге аларлық деректеріне сүйенсек, қара алтын қоры тұнып жатқан жерлердің біраз бөлігі кезінде Игілік би мен оның ұрпақтарының иелігінде болған. Кейіннен бұл аумақтың орыс кәсіпкерлерінің қарамағына өтуі Қарағанды көмірін өндірістік, өнеркәсіптік жолмен игерудің іргетасын қалады.
Оның кесек тұлғасы қазақтың көркем әдебиетінен де ойып тұрып орын алды. Қазақ сөз зергері Ғабит Мүсірепов өзінің әйгілі «Оянған өлке» романында Игілік бейнесі арқылы өндіріс дәуірі қарсаңындағы дүмпулі өзгерістердің күрделі сипатын шебер ашып берді. Әрине, көркем шығармадағы Игілік – нақты тарихи тұлғаның негізінде, қаламгердің қиялымен сомдалған жиынтық образ. Десе де, классикалық роман оның есімін қалың оқырманның, жалпы халықтың жадында мәңгілікке жаңғыртып, өңір тарихындағы орнын өлшеусіз биікке көтерді.
Байтамдағы үнсіз шежіре
Игілік би бейітінің басындағы еңселі кесене шамамен 1875-1880 жылдары тұрғызылған деп болжанады. Сегіз қырлы, күмбезді бұл бірегей құрылыс күйдірілмеген шикі кірпіштен аса асқан шеберлікпен қаланған. Өкінішке қарай, осынау сәулет өнерінің үлгісін тұрғызған сәулетші-шеберлер туралы нақты жазбаша деректер бүгінге жетпеді. Алайда, кесененің геометриялық пішіні мен қалану тәсілі XIX ғасырдағы Сарыарқа өңіріне тән мемориалдық сәулет өнерінің өзіндік қайталанбас қолтаңбасын айқын аңғартады.
Игілік бидің өмір сүрген уақыты мен кесененің салынған мерзімін ғылыми тұрғыда салыстыра зерделегенде, мазардың ол дүниеден өткен соң тұрғызылғаны байқалады. Демек, бұл архитектуралық ескерткішті бидің тікелей ұрпақтары немесе оның ел алдындағы еңбегін жоғары бағалаған, қадірін білген замандастары салдыруы әбден ықтимал. Бұл – кесененің ғылыми төлқұжатын жасақтап, архив қатпарларынан тың деректер іздеуді қажет ететін, әлі де тереңірек қаза түсуді сұрап тұрған тың тақырып.
Мазар орналасқан аумақтың халық арасында «Байтам» атануы да тегін емес. Бұл елдің тарихи жадынан, дәулетті адамның көрнекті бейітіне берілген бағадан туған топонимикалық белгі. Дала төсінде менмұндалаған еңселі құрылыс ғасырға жуық уақыт бойы ауыл тұрғындарына бағдаршы нысан болып, Игілік би есімін ұрпақтан-ұрпаққа аңыз етіп жеткізіп келді. Кейіннен бұл тарихи орын республикалық маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші мәртебесін алып, мемлекеттік қорғауға алынды.
Дегенмен, уақыт пен табиғаттың қатал заңы шикі кірпіштен қаланған көне құрылысқа өз таңбасын салмай қоймады. Ғасырдан асқан жауын-шашын, бетқарытар аяз бен Сарыарқаның екпінді желі кесененің қабырғаларын мүжіп, жекелеген бөліктерінің беріктігіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Мұндай киелі нысанды қарапайым заманауи құрылыс тәсілдерімен, қалай болса солай жөндей салу – тарихқа қиянат. Өйткені, оның әрбір қабаты, әрбір кірпіші мен бастапқы геометриялық пішіні баға жетпес тарихи дереккөз саналады.
Мұраны жаңғырту – тарихты сақтау
Сайып келгенде, кейінгі жылдары Қарағанды облысында тарихи-мәдени мұра нысандарын реставрациялауға, олардың бастапқы төл келбетін сақтап қалуға айрықша мән беріле бастады. Осынау игі істің аясында Игілік би кесенесінің де әлсіреген қабырғалары бекітіліп, уақыт тезіне ұшыраған тұстары ғылыми негізде жаңғырды. Нысанның айналасы ретке келтіріліп, тарихи кескінін барынша бұзбай сақтау – реставраторлар алдындағы ең басты әрі бұлжымас талап ретінде белгіленді.
– Кейінгі жылдары өңіріміздегі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге, қалпына келтіруге және олардың бастапқы келбетін сақтауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – жалаң өткенге құрмет көрсетіп қана қою емес, тұтас ұлттық жадымызды жаңғыртып, баға жетпес тарихи мұраны келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған жүйелі де ауқымды жұмыс. Игілік би кесенесінің Қарағанды қаласына жақын орналасуы оның танымдық және туристік әлеуетін еселей түседі. Жол қатынасы қолайлы болғандықтан, мұнда өлке тарихына қызығатын ішкі туристер мен қонақтардың көптеп келуіне толық мүмкіндік бар. Сондықтан, нысанды қалпына келтіріп қана қоймай, оның тарихи мәнін кеңінен танытып, келушілерге барлық қажетті инфрақұрылымдық жағдайды жасау – күн тәртібіндегі маңызды мәселе, – деп атап өтті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Жанболат Мәжитов.
Шынтуайтына келгенде, кесенені жаңғырту жұмыстары оның қабырғасын сылап-сипап бекітумен шектеліп қалмауға тиіс. Бұл – ауқымды кешенді жұмыстың басы ғана. Алдағы уақытта нысанның ғылыми тарихын толық жүйелеп, мазмұнды ақпараттық тақталар мен жол сілтегіштер орнату қажет. Сондай-ақ, заманауи цифрлық технологияларды (QR-кодтар, аудиогидтер) ұтымды пайдаланып, Игілік би туралы құнды деректерді кез келген келушіге қолжетімді ету – уақыт талабы. Осынау киелі орынды Қарағандының көмір өндірісі тарихымен, Саран қаласы мен Байтам ауылының шежіресімен, одан қалды «Оянған өлке» романындағы оқиғалармен сабақтастыра отырып, біртұтас мәдени-танымдық туристік бағытқа айналдырудың әлеуеті зор.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



