Спорт

Жеңіс жылнамасының бастауы

Ауылдың ажарын ашатын да, әлеуетін арттыратын да – ел игілігіне берілген әлеуметтік нысандар. Кейінгі жылдары ауылдық жерлерде халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бас­тамалар жүйелі жүзеге асып келеді. Күні кеше Шет ауданына қарасты Кеншоқы кентінде заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Спорт кешенінің ашылуына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасқан болатын. Әрі ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытып, балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуда, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мыңға жуық тұрғыны бар шағын ғана ауыл үшін көптен күткен жаңалық. Бүгінде бұл ғимаратты ауыл тұрғындары жас ұрпақтың болашағына салынған инвестиция, ауыл спортының тынысын кеңейтетін маңызды қадам деп отыр. Екі қабатты кешеннің жалпы аумағы 1236,4 шаршы метр. Былтыр құрылыс жұмыс­тарын «AzStroyGroup» ЖШС мойнына алып, биыл белгіленген мерзімде ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынды.

– Бұл рәсім негізінде мүлікті мемлекет қажеттілігі үшін сатып алу тетігі арқылы жүзеге асырылды. Осыған байланысты былтыр Шет ауданының мемлекеттік активтерді басқаруға жауапты мекемесі тиісті хабарландыру жариялаған. Конкурс қорытындысы бойынша «AzStroyGroup» ЖШС ғимаратты өз қаражаты есебінен салып, пайдалануға берді. Кейін нысанды заң талаптарына сәйкес мемлекет меншігіне сатып алу рәсімі жүргізілді. Бүгінде ғимарат барлық белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді. Бүгінде бұл ғимарат ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне айналды. Оның игілігін ауылдың үлкені де, кішісі де көріп отыр, – деді аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Даткин.

Ғимараттың әрбір бөлмесі спортшылардың қолайлы жағдайда жаттығуына лайықталып жобаланған. Бірінші қабатында аумағы 836,81 шаршы метрді құрайтын кең футзал алаңы бар. Ауылда түрлі деңгейдегі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары дәл осы жерде өткізіледі. Сонымен қатар, мұнда ерлер мен қыз балаларға арналған жеке киім ауыстыру бөлмесі, душ кабинасы, санитарлық тораптар, жаттықтырушы кабинеті мен инженерлік-техникалық бөлмелері де қарастырылған. Ал, екінші қабатында бокс және күрес залы бар. Бүгінде ауыл жастары жекпе-жек спорт түрлерімен жүйелі айналысуы үшін осы үйірмелерге тіркеліп те үлгеріпті. Бұдан былай жас спортшылар алысқа қатынамай-ақ, туған ауылында тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен жаттығып, шеберліктерін шыңдай түспек.

– Кешеннің инженерлік инфрақұрылымы да заманауи талаптарға толық сай. Нысанда қуаттылығы 600 киловаттық екі қазандық орнатылып, жылу жүйесінің жұмысы GPS арқылы үздіксіз бақылауға алынған. Бұл кешеннің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін арнайы демалыс бөлмесі, душ кабиналары мен санитарлық тораптар қарастырылған. Мұндай заманауи спорт кешені ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына жол ашып отыр. Болашақта осы жерден рес­публикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын талантты спортшылар шығады деген үміттеміз, – деді Дәурен Қуанышұлы.

Спорт кешенінде бүгінде 15-ке жуық маман еңбек етеді. Ең бас­тысы, мұндағы барлық спорт үйірмелері мен жаттығу сабақтары тұрғындар үшін толықтай тегін ұйымдастырылған. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының 300 адамға жуығы спортқа жарамдылардың санатында. Олардың қатарында мектеп оқушыларынан бастап, саламатты өмір салтын серік еткен ауыл ақсақалдары да бар.

– Әсіресе, ұлттық спорт – қазақ күресі мен дзюдо секцияларына келушілер көп. Кеншоқылық жас спортшылар қазірдің өзінде облыстық, республикалық деңгейдегі турнирлерде бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Жарыстарға қатысу шығындары аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан жүйелі түрде қаржыландырылады. Кешеннің салтанатты ашылуына облыс әкімі арнайы қатысып, нысанның құрылыс сапасы мен әлеуметтік маңызына жоғары баға берген болатын. Тіпті, осы сәтті жобаны үлгі ретінде алып, ұқсас спорт кешенін Өспен ауылында да салу жөнінде тапсырма берілді. Бүгінде бұл бастама жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстары қарқын алған, – деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Нықаш.

Кезінде ауылдағы тар спорт залында жаттығып, үлкен ареналарда белдесуді армандаған ауыл балалары бүгінде туған өлкесінде жас ұрпақты спортқа баулып жүр. Жаңа спорт кешенінде қазақ күресінен үйірме ашып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге ден қойған бапкерлердің бірі – Бекнұр Әбдіғалым. Өзінің спорттағы жолына он жылдан асқан. Осы уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, түрлі жарыстарда шыңдалып, соңғы үш жылға жуық уақыттан бері бапкерлік қызметті қатар алып келеді. Бұған дейін жергілікті мектептің шағын спорт залында шәкірттерін жаттықтырып, оларды облыстық және республикалық жарыстарға қатыстырып жүрген. Биыл жыл басында жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, жас балуандарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

– Мектеп залында мүмкіндік шектеулі болды. Зал тар, балалар алма-кезек келетін. Жуынатын бөлме қарастырылмаған. Акробатика мен гимнастикалық элементтерге арналған құралдарды өзіміз икемдеп пайдаланып, кілемдерді күнде жайып, жинап жүрдік. Биыл ауылымызда заманауи Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, қуанышымызда шек болмады. Іші заманауи талапқа сай жабдықталған. Арнайы күрес залы, тренажерлер, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер толығымен қарастырылған. Өзім бала кезде «Осындай залда дайындалсам екен» деп армандайтынмын. Бүгінде соның бәрі жүзеге асып, ауыл балаларының толыққанды спортпен айналысуына мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта екі ауысым бойынша 20-дан астам бала тұрақты түрде жаттығып жүр. Біз негізінен қазақ күресі мен дзюдо спорт түрі бойынша дайындаймыз. Екі спорт түрінің тәсілдері мен тәртібі бір-біріне жақын болғандықтан, жасөспірімдерді қос бәсекеде де шыңдап келеміз. Жаңа спорт кешені жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстануына жасалған үлкен мүмкіндік. Жасөспірімдер көшеде бос жүрмей, спортпен шұғылданады. Ел намысын қорғайтын азамат болып қалыптасады. Ауылымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Осындай мүмкіндіктер сыйлаған азаматтарға ризашылығымыз шексіз, – деді қазақ күресінің жаттықтырушысы Бекнұр Әбдіғалым.

Мәселен, Жансұлтан Әділбек есімді шәкірті – спорт шеберлігіне үміткер. Ол 50 келі салмақта жасөспірімдер арасында облыс чемпионы атанып, Республика чемпионатына жолдама алған. Алдағы уақытта Ақтау қаласында өтетін бәсекеде облыс құрамасы сапында өнер көрсетпек. Сонымен қатар, 66 келі салмақта өнер көрсететін Ерсұлтан Жанатов есімді оқушы да жастар арасында жоғары нәтижелер көрсетіп, ел чемпионаттарына дайындалып жатыр.

​Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Өспен ауылындағы жаңа спорт нысанының бетон құю жұмыстары толықтай аяқталып, металл каркастарды монтаждау шаралары жүргізілуде. Қаңқасын құрастыру жұмыстары аяқталған соң, мамандар сэндвич-панельдерді орнатуға кіріседі.

Бүгінде Кеншоқыдағы заманауи нысан өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырып, ауыл жастарына үлкен мүмкіндік сыйлады. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button