Қарағандыда қызметтік ит жоғалған бойжеткенді тапты
Қарағанды полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары мен қызметтік іздестіру итінің жедел әрекетінің арқасында жоғалған 18 жастағы бойжеткен қысқа уақыт ішінде табылып, отбасына оралды.

Оқиға бойжеткеннің кездесуге кеткеннен кейін үйіне оралмауынан басталған. Жағдайды қиындатқан тағы бір жайт – оның ұялы телефоны үйде қалып қойған. Қызымен байланыса алмаған анасы өз бетінше іздеу жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қызметтік іздестіру итін жұмылдырды. Кинологтың жетекшілігімен ит бойжеткен жүрген бағытты дәл анықтап, іздеу жұмыстарының нәтижелі болуына ықпал етті.
Көп ұзамай 18 жастағы бойжеткеннің жүрген жері анықталып, ол аман-есен анасына тапсырылды.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға қызметтік иттердің іздестіру жұмыстарындағы тиімділігін және полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



