Ұлттық құраманың жаңа бапкері таныстырылады
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін таныстыруға дайындалып жатыр. Жаңа маманды таныстыру рәсімі 7 тамызда сағат 17:00 де Астана қаласында өтеді.

Федерация мәліметінше, шара барысында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, оған Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн және ұлттық құраманың жаңа бас бапкері қатысады.
Қазіргі таңда жаңа жаттықтырушының есімі ресми түрде жарияланған жоқ. Қазақстан футбол федерациясы маманның кім екенін құпия сақтап отыр. Сондықтан ұлттық құраманы танымал шетелдік бапкер немесе қазақстандық маман басқара ма деген сұрақ әзірге ашық күйінде қалуда.Бірақ инсайдтар мен болжамдар бойынша құраманың жаңа бапкері нидерландылық маман-Джон ван’т Схип болуы әбден мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін Талғат Байсуфинов атқарған еді. Ол қызметінен кеткеннен кейін команда тізгінін ұстайтын жаңа маман іздестірілді.
Жаңа бапкер үшін алғашқы маңызды сынақтар алда тұр. Қыркүйек айында Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы кездесулерін өткізеді. Жаңа жаттықтырушының алдында команданы алдағы ойындарға дайындау және ұлттық құраманың нәтижелерін жақсарту міндеті болады
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



