Жастарымыз жарап тұр
Қарағандылық «Шахтердің» жастар командасы футболдан Қазақстан Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясында топ бастап келеді. Клубының жас футболшылары чемпионаттың XVI туры аясында Петропавлдың «Қызылжар» жастар командасымен сырт алаңда кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

«Шахтер» жастарының биылғы маусымдағы қарқыны көпшіліктің назарын аударуда. Әр кездесуде шабуылға бейім, жүйелі ойын үлгісін көрсетіп келеді. Сырт алаңда өткен кезекті ойынында да «Шахтер» жастары допқа көбірек иелік етіп, қос қаптал арқылы қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Жылдам әрекеттері арқылы алаң иелеріне едәуір қысым жасап, бірнеше мәрте қақпа маңынан мүмкіндік іздеді. Алайда, бірінші таймда жерлестердің шабуылдары нәтижелі соққымен аяқталмай, есеп ашылмады.
Екінші таймда да «Шахтер» жастары шабуылдағы белсенділігін бәсеңдетпей, қарсылас қақпасына бағытталған соққыларымен алаң иелерін әбігерге салды. Қарағандылықтардың үздіксіз қысымына қарамастан, алғашқы сәттерде есепті өзгерту мүмкін болмады. Дегенмен, кездесудің 72-ші минутында Алихан Исраилов көзге түсіп, команданы алға шығарды. Ал, негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда Сұлтан Шымырхан қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеді. Осылайша, «Шахтер» жастары сырт алаңда жеңіске жетіп, маңызды ұпайына қол жеткізді.
Биылғы Екінші лиганың «Солтүстік-Шығыс» конференциясында 10 команда өнер көрсетіп жатыр. Чемпионаттың әр турында тартыс күшейіп, командалар турнирлік кестедегі өз орындары үшін барын салуда. Осындай бәсекелі ортада қарағандылық жастар әзірге тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, көштің басына шықты. 16 турдан кейін «Шахтер» жастар клубының еншісінде – 36 ұпай бар. Ал, бұл лиганы жеңген команда келер маусымда Бірінші лигада өнер көрсетпек. Одан кейінгі сатыда 35 ұпаймен «Astana» жастары тұрса, үздік үштікті 26 ұпаймен «Қызылжар» түйіндеп тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



