Рух үнін асқақтатқан дарабоз
Биыл қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақ КСР Халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толып отыр. Ұлттық мәдениетіміздің тарихында өшпес із қалдырған өнер иесінің есімі халқымыздың әншілік, күйшілік және театр өнерімен тығыз байланысты. Оның шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қорынан орын алып, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ өнері жаңа белеске көтерілген кезеңде Манарбек Ержанов та ел мәдениетінің дамуына белсене араласты. Ол әнші ғана емес, күйші, композитор әрі актер ретінде де танылды. Өзінің ерекше дауысымен халық әндерін жаңа деңгейде орындап, ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына еңбек сіңірді. 1938 жылы оған Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілді. Бұл – оның өнер жолындағы еңбегіне берілген жоғары баға еді.
Манарбек Ержановтың шығармашылығында ол орындаған күйлердің орны ерекше. Солардың бірі – «Шалқыма» күйі. Бұл шығарма қазақ күй өнерінің нәзік те сырлы үлгілерінің бірі саналады. Күйді тыңдаған жан кең дала төсіндегі еркіндікті, табиғаттың әсем көрінісін, халық рухының асқақтығын сезінеді. Шығармада бірде толқындай шалқыған қуаныш, бірде терең толғаныс байқалады. Домбыра шегінен төгілген әуен тыңдарманды қазақтың бай музыкалық әлеміне жетелейді.
«Шалқыма» күйі – Манарбек Ержановтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігінен туған туынды. Өнер иесі бұл күй арқылы Қарағанды мен Балқаш өңірінің қанат жайып, гүлденіп келе жатқан келбетін күй тілімен сөйлеткен. Сондықтан да, «Шалқыма» күйі туған жердің мерейін асырған, ел дамуын домбыра пернесінде сөйлеткен шығармалардың бірі ретінде бағаланады.
Өнер иесінің халық арасында кең тараған шығармаларының бірі – «Шегенің термесі» ариясы. «Шегенің термесі» – халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттайтын маңызды шығарма. Шығарма «Қыз Жібек» операсындағы Шеге кейіпкерімен байланысты дүниеге келген. Терменің мазмұнында қазақ халқының өмірге деген көзқарасы, тапқырлығымен шешендік дәстүрі көрініс табады. Манарбек Ержанов бұл шығарманы үлкен сахналарда орындап, оның халық арасына кең таралуына жол ашты. Бүгінде «Шегенің термесі» концерттік бағдарламаларда, дәстүрлі ән кештерінде орындалып келеді. Сонымен қатар, Арқа өңірінде бұл туындының әуені беташар рәсімдерінде жиі пайдаланып келеді, халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасқан рухани мұраға айналған.
Манарбек Ержановтың композиторлық қырын сөз еткенде «Сайра бұлбұл» әніне арнайы тоқталмау мүмкін емес. Бұл туынды қазақ музыка өнерінің інжу-маржандарының бірі саналады. Әннің әуенінен нәзік сезім, сұлулыққа деген іңкәрлік пен өмірге деген сүйіспеншілік байқалады.Әннің сөзін белгілі ақын Тайыр Жароков жазған. Бұл шығарма 1936 жылы қазақтың бұлбұл үнді әншісі Күләш Байсейітованың өнердегі зор табысына орай туған. Әннің нәзік әуені мен сыршыл сазы Күләштің бұлбұлдай әсем дауысын бейнелеп, қазақ музыка өнерінің алтын қорына енді. Бүгінде бұл шығарма ұлттық классика ретінде бағаланып келеді.
«Сайра бұлбұл» әнін қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің дүлділі Дәуренбек Әркенов орындап жүр. Сонымен қатар, Дәуренбек Әркенов концерттер мен шығармашылық кештерде Арқа ән дәстүрін кеңінен дәріптеп, Манарбек Ержановтың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді. Осылайша, ұлы өнерпаздың мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буын орындаушылар арқылы халықпен қайта қауышып келеді.
Айдана ДҮРНАЗАРОВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



