Білім

Тең мүмкіндікке бастайтын орта

Инклюзия дегеніміз – ерекше баланың өзгелермен бір ғимаратта отыруы ғана емес. Бұл – оның ортаға сіңуі, құрдастарымен тіл табысуы, білім процесіне араласуы, қоғамда өзін бөтен сезінбеуі. Қарағанды облысында осы бағытта бірқатар жетелі жұмыс атқарылып келеді. Арнайы қолдау кабинеттері ашылып, түзету және оңалту орталықтарының желісі кеңейіп, әлеуметтік бейімдеудің жаңа тәсілдері енгізілуде. Ресми дерекке сүйенсек, өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар 17 мыңнан астам бала бар. Оның 16 мыңнан астамы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
Дегенмен, инклюзивті ортаны қалыптастыру тек инфрақұрылыммен өлшенбейді. Бұл салада шешімін күткен түйткілдер де аз емес. Әсіресе, кәсіби кадр тапшылығы, инклюзияның кей жағдайда формальды сипатта қалып қоюы және ерте диагностиканың маңызы күн тәртібінен түспей тұр. Ендеше, Қарағанды облысында ерекше балаларды әлеуметтік бейімдеу бағытында қандай жұмыс жүріп жатыр, қандай жаңа әдістер қолданылуда және бұл салада қандай мәселелер өзекті? Осыған шолу жасап көрелік…

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қолдау аясы кеңейіп келеді

Ерекше балаларды қолдау жүйесі соңғы жылдары бірнеше бағытта қатар дамып келеді. Бірі – білім беру арқылы бейімдеу болса, екіншісі – әлеуметтік қорғау, оңалту және тұрмыстық қолдау тетіктері. Екі саладағы деректерді салыстыра қарағанда, өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымның кеңейіп келе жатқанын байқауға болады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде ерекше білім беру қажеттіліктегі бар 17 673 бала бар. Оның 92,1 пайызы, яғни, 16 283 бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Атап айтқанда, 3 474 бала балабақшаларда, 8 818 бала жалпы білім беретін мектептерде, 1 500 бала арнайы мектеп-интернаттарда, 774 бала техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, 950 бала арнайы білім беру ұйымдарында қолдау алады. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының мекемелерінде ПМПК қорытындысы бойынша 767 бала қамтылған.

Бұл жерде бір жайтты анықтап алған абзал. Ерекше білім беру қажеттілігі бар бала мен мүгедектігі бар бала – бір ұғым емес. Дерекке сүйенсек, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қарағанды облысында 5 412 мүгедектігі бар бала тұрады. Оның ішінде, 7 жасқа дейінгі балалар – 1 458, бірінші топтағы балалар – 683, екінші топтағы балалар – 1 554, үшінші топтағы балалар – 1 717. Яғни, білім саласындағы статистика баланың оқу процесіндегі ерекше қажеттілігін көрсетсе, әлеуметтік қорғау саласындағы дерек мүгедектік мәртебесі бар балаларды қамтиды.

Қазір облыста арнайы білім беру ұйымдарының желісі де кеңейіп отыр. Білім басқармасының дерегінше, өңірде 32 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның қатарында 10 арнайы мектеп-интернат, 3 арнайы балабақша, 6 психология­лық-медициналық-педагогикалық консультация, 10 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 2 оңалту орталығы және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар.

Инклюзивті ортаны дамытуда қолдау кабинеттерінің маңызы ерекше. Қазіргі уақытта облыста 63 арнайы білім беру қолдау кабинеті жұмыс істейді. Олар Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Балқаш, Приозерск қалаларында және Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында орналасқан. 2026 жылы Шет ауданындағы Талды жалпы білім беретін мектебінде және Шахтинск қаласындағы №12 жалпы білім беретін орта мектепте тағы екі қолдау кабинеті ашылды.

– Қазір ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы қолдау бір ғана мұғалімнің немесе бір ғана маманның міндеті емес. Бұл – психолог, логопед, дефектолог, педагог-ассистент және ата-ана бірлесіп атқаратын командалық жұмыс. Баланың мектепке келуі жеткіліксіз, ол оқу процесіне, құрдастарымен қарым-қатынасқа, мектеп өміріне біртіндеп кірігуі қажет. 2029 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасы аясында облыста инклюзияны қолдау бойынша 12 ресурстық орталық жұмыс істейді. Оның 10-ы арнайы мектеп-интернаттарда, біреуі Қарағанды қаласындағы №27 орта мектепте, тағы бірі аутизмі бар балаларды қолдау орталығында орналасқан, – дейді Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Галина Абишева.

Білім саласындағы қолдаумен қатар, әлеуметтік қорғау жүйесінде де бірқатар жаңа қызмет түрлері енгізілген. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, мүгедектігі бар балаларға техникалық оңалту құралдары, арнайы қозғалыс құралдары, міндетті гигиеналық құралдар және өзге де әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Биыл 1 281 бала оңалту құралдары мен қызметтерімен қамтылып, бұл мақсатқа 445,8 млн теңге бағытталған.

Қолжетімділік мәселесін шешуде инватакси қызметінің орны орасан. Қазір облыстың барлық 13 өңірінде жергілікті бюджет есебінен инватакси қызметі көрсетіледі. Бұл қызметке 199 автокөлік тартылған, оның 16-сы арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Биыл инватакси қызметімен 1 045 мүгедектігі бар бала қамтылған.

Былтырдан бастап, тағы бір жаңа жоба іске қосылды. Ол – мүгедектігі бар адамдар мен балаларға сатыда жүретін шынжыртабанды көтергіш құрылғы арқылы қызмет көрсету жобасы. Бұл жоба көпқабатты үйлерде тұратын, қозғалысы шектеулі балалар үшін аса маңызды. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл қызмет 20 балаға көрсетіліп отыр.

Әлеуметтік бейімдеудің тың бағытының бірі – иппотерапия. Қарағанды қаласында бұл қызметті 115 мүгедектігі бар бала пайдаланып жүр. Сабақтар аптасына кемінде екі рет өткізіледі және ерекше балалармен жұмыс істеуге арнайы даярланған сертификатталған жаттықтырушылардың қатысуымен жүргізіледі. Биыл ақпан айында дәл осындай жоба Балқаш қаласында іске қосылып, 40 бала қамтылған. Ал, мамыр айында Теміртауда 25 баланы қамтитын иппотерапия қызметін енгізу жоспарланған.

«Сыныпта бар, сабақта бар ма?»

Соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалғанымен, мамандар бұл саланың әлі де күрделі мәселелері аз емес екенін айтады. Әсіресе, инклюзияның кей жағдайда формальды сипат алып кетуі алаңдатады.

Нейропсихолог Эльмира Әбілдинаның айтуынша, ерекше баланы мектепке қабылдау немесе сыныпқа отырғызу мәселені толық шешпейді. Ең маңыздысы – оның оқу процесіне шынайы араласуы мен ортаға бейімделуі.

– Қазір инклюзивті орта қалыптасты деп айтылғанымен, көп жағдайда бұл формальды түрде ғана жүзеге асады. Инклюзивті статус бар, бірақ, оған орта толық бейімделмеген. Кейде бала сыныпта отырғанымен, сабаққа мүлде қатыспауы мүмкін. Сондықтан, мәселе баланы сыныпқа отырғызуда емес, оны сол ортаға шынайы кіріктіруде болып отыр, – дейді маман.

Қазір облыста 776 арнайы педагог, 567 педагог-ассистент және 8 жеке көмекші жұмыс істейді. Алайда, білім басқармасы да, әлеуметтік қорғау саласы да кадр тапшылығы негізгі мәселелердің бірі болып отырғанын мойындайды. Әсіресе, дефектолог, логопед, нейропсихолог, тьютор және педагог-ассистенттерге сұраныс жоғары.

– Көбіне балаға сыртынан ғана қарап, «тәртіпсіз», «қабылдамайды», «мінезі қиын» деген көзқарас қалыптасады. Бірақ, оқымайтын бала болмайды. Оны оқыта алмайтын проблема бар деп қарау керек. Әр баланың ерекшелігін түсініп, соған сай әдіс қолданылуы тиіс. Қазіргі таңда ерекше балаларды сүйемелдеу жүйесінде командалық тәсілдің маңызы артып келеді. Яғни, бір ғана мұғалім емес, психолог, дефектолог, логопед, педагог-ассистент және ата-ана бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Бұл ретте педагог-ассистенттердің рөлі ерекше. Бүгінде олар баланың мектеп ішінде бағдар алуына, құрдастарымен қарым-қатынас орнатуына, эмоционалдық жүктемені жеңуіне көмектеседі. Дегенмен, мұндай мамандар саны әлі жеткіліксіз. Ерте диагностика мен уақытылы нейропсихологиялық қолдау – ең маңызды мәселенің бірі. Көп адам осы уақытты жіберіп алады. Егер балаға екі-үш жасында диагностика жасалып, ертерек коррекция басталса, көптеген қиындықтың алдын алуға болады. Әрі ата-аналардың да психологиялық және эмоциялық тұрғыдан дайын болуы маңызды. Қазіргі қоғамда гаджетке тәуелділік, уақыт тапшылығы және эмоциялық шаршау ата-ананың баланың дамуындағы өзгерістерді кеш байқауына әсер етуі мүмкін, – дейді ол.

Инклюзия ауданға жете алды ма?

Инклюзивті ортаны дамытуда ең маңыз­ды сауалдардың бірі – қолжетімділік. Себебі, ерекше балаға көрсетілетін қолдау тек облыс орталығында немесе ірі қалаларда ғана шоғырланса, жүйенің толыққанды жұмыс істеуі қиын. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын балалар үшін психологиялық-педагогикалық көмекке, түзету сабақтарына, арнайы мамандарға дер кезінде жету – өз алдына бөлек мәселе.

Өңірде бұл бағытта бірқатар ілкімді жұмыс атқарылып жатыр. Облыстық білім басқармасының дерегінше, ауыл мектептерінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдауға арналған 28 кабинет жұмыс істейді. Олар Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, Қарқаралы, Абай және Осакаров аудандарында психология­лық-педагогикалық түзету кабинеттері қызмет көрсетеді.

Соңғы екі жылда бұл желі тағы кеңейген. Былтыр Бұқар жырау ауданында жаңа психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылса, биыл Шет ауданында дәл осындай кабинет іске қосылды. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының Гүлдер-1 шағынауданында да жаңа түзету кабинеті ашылу кезеңінде.

Әлеуметтік қорғау саласында да ауылдық жерлер назардан тыс қалмаған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, облыстың әр ауданында үйде арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін бөлімдер бар. Бұл әсіресе, қозғалысы шектеулі, тұрақты сүйемелдеуді қажет ететін балалар үшін маңызды.

– Инклюзивті білім беруді дамытудағы негізгі кедергілердің бірі – бейінді мамандар тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып әкім гранттары бөлініп, қайта даярлау курстары ұйымдастырылуда. Биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетті арнайы бағыттағы 59 жас маман, оның ішінде, 13 магистр тәмамдап, білім беру жүйесін толықтырады, – дейді білім басқармасының бас маманы Галина Абишева.

Сенсорикадан иппотерапияға дейін

Кей бала үшін ең үлкен жетістік – құрдасымен сөйлесу, бір орында тыныш отыру, нұсқауды түсіну, эмоциясын басқару немесе өздігінен қозғалу болуы мүмкін. Сондықтан, қазіргі инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау жүйесінде дәстүрлі әдістермен қатар баланың мінез-құлқын, сенсорлық қабылдауын, коммуникациясын және дербестігін дамытуға бағытталған тәсілдер қолданыла бастады.

Білім басқармасының мәліметінше, облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыста бейімделген білім беру бағдарламалары, цифрлық білім беру ресурстары, ойын және интерактивті оқыту әдістері, сенсорлық интеграция элементтері, баламалы және қосымша коммуникация құралдары енгізілуде. Аутизм спектрі бұзылыстары бар балалармен жұмыс кезінде «ABA-терапия» элементтері, визуалды қолдау және әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларды дамыту тәсілдері пайдаланылады.

Бұл әдістердің мәні – баланы бір қалып­қа салу емес, оның қабылдау ерекшелігіне қарай жол табу. Мәселен, кей бала ақпаратты ауызша нұсқаудан гөрі сурет, белгі, карточка немесе қысқа визуалды кесте арқылы жақсы қабылдайды. Енді бір балаға сабаққа кіріспес бұрын сенсорлық жүктемені реттеу қажет.

Әлеуметтік бейімдеудің тағы бір маңыз­ды бағыты – қозғалыс пен дене арқылы дамыту. Аймақта бұл тұрғыда иппотерапия қызметі жолға қойылған. Қазір Қарағанды қаласында 115 мүгедектігі бар бала иппотерапиямен қамтылған. Балалар аптасына кемінде екі рет сабаққа қатысады. Жаттығулар ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге кәсіби дайындықтан өткен сертификатталған жаттықтырушылардың қатысуымен өтеді.

Иппотерапияның ерекшелігі – ол баланың тек дене қимылын емес, эмоциялық байланысын да дамытады. Атпен байланыс орнату, тепе-теңдік сақтау, нұсқауды орындау, қозғалысты сезіну – мұның бәрі баланың сенсорлық жүйесіне, өзіне сеніміне және қоршаған ортамен байланысына әсер етеді.

Биыл ақпан айында осындай жоба Балқашта іске қосылып, 40 бала қамтылған. Мамыр айында Теміртауда тағы 25 баланы қамтитын иппотерапия қызметін енгізу жоспарланып отыр. Бұл қызметтің бірнеше қалаға таралуы әлеуметтік бейімдеудің баламалы әдістеріне сұраныс бар екенін көрсетеді.

Бұған қоса, қозғалысы шектеулі балалар үшін қолжетімділік мәселесі де шешуші рөл атқарады. Облыстың барлық 13 өңірінде инватакси қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметке 199 автокөлік тартылған, оның 16-сы арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Биыл инватакси қызметімен 1045 мүгедектігі бар бала қамтылған.

Былтырдан бастап облыста сатыда жүретін шынжыртабанды көтергіш құрылғы арқылы қызмет көрсету жобасы іске қосылды. Бұл әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратын, өздігінен сыртқа шығуы қиын балалар үшін маңызды. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл қызмет 20 балаға көрсетілген.

Ерте анықталған белгі – мүмкіндік

Ерекше баланы әлеуметтік бейімдеудің ең маңызды шартының бірі – ерте диагностика. Баланың дамуындағы ерекшелік неғұрлым ерте байқалса, түзету жұмыстарының нәтижесі де соғұрлым жоғары болады. Әсіресе, 2-3 жас аралығында тіл, назар, көзбен байланыс, ортаға реакция, ойын әрекеті, дыбысқа немесе жарыққа сезімталдық секілді белгілерге мұқият қарау қажет.

– Ерте диагностика мен уақытылы нейропсихологиялық қолдау көрсету – қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Егер балаға ертерек диагностика жасалып, көмек көрсетілсе, болашақта туындайтын көптеген қиындықтың алдын алуға болады. Екі-үш жасында баланың даму деңгейін анықтап, қажетті коррекция басталса, оның кейінгі бейімделуі әлдеқайда жеңіл өтеді. Медициналық комиссиялар кезінде ерте диагностиканы күшейту керек. Мәселен, екі жасар баланың сөздік қоры қандай болуы тиіс, көзбен байланысы, реакциясы, ойын әрекеті қалай дамуы керек – осының бәрі ата-анаға профилактика ретінде түсіндірілсе, көп мәселенің алдын алуға болады. Мұны туыс ретінде емес, маман ретінде айт­қан кезде ата-ана да ертерек әрекет етеді, – дейді нейропсихолог Эльмира Амангелдіқызы.

Ерте көмек көрсету бағытында да белгілі бір қадамдар жасалып жатыр. Білім басқармасының мәліметінше, «Уақыт мүмкіндіктері» жобасы аясында Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларында 0-3 жас аралығындағы балаларға көмек ұйымдастырылған. Бұл жоба аясында кабинеттер жабдықталып, мамандар оқытылған.

Түйін

Инклюзивті орта қалыптастыру – бір күнде шешілетін мәселе емес. Ерекше баланы қоғамға бейімдеу – оны мектепке орналастырумен немесе белгілі бір қызметпен қамтумен ғана шектелмейді. Ол баланың өз ортасында орнын тауып, білім алып, қатарластарымен қарым-қатынас орнатуы және өз мүмкіндігін жүзеге асыруы арқылы өлшенеді. Сондықтан, инклюзияның шынайы нәтижесі кабинет санына емес, сол кабинеттің бала өміріне қаншалықты әсер еткеніне байланысты. Сол себепті бүгінгі басты міндет – ашылған орталықтардың санын көбейтумен қатар, олардың ішкі сапасын арттыру. Әр балаға жеке көзқарас, әр отбасыға түсінікті қолдау, әр педагогке кәсіби дайындық қажет. Сонда ғана инклюзия қағаздағы ұғым емес, баланың күнделікті өміріндегі нақты мүмкіндікке айналады.

Басқа материалдар

Back to top button