Инклюзия инфрақұрылымының игілігі
Кез келген өркениетті қоғамның кемелдігі оның мұқтаж жандарға деген шынайы жанашырлығымен өлшенбек. Әлеуметтік әділдік орнаған мемлекетте әрбір азаматтың кедергісіз дамуына тең мүмкіндік беру – басты басымдық. Осы маңызды мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік қолдау – үнемдейтін сала емес. Бұл – біздің азаматтық борышымыз әрі қоғам алдындағы парызымыз», – деп дөп басып айтқан. Президенттің бұл ұстанымы бүгінде аймақтардағы әлеуметтік саясаттың темірқазығына айналып, Қарағанды облысында нақты жобалар арқылы көрініс тауып отыр. Қарағанды облысында инклюзивті ортаны дамыту бағытында қолға алынған жаңа бастамалар ерекше қажеттілігі бар жандардың өмірін қалай өзгертпек? Аймақтың әлеуметтік әлеуетіне үңіліп көрдік…

Сұраныс салмағы
Өңірдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының өсу динамикасы бұл саланың стратегиялық маңызын айқындайды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне сүйенсек, 2022 жылы мұндай балалардың саны 14 870 болса, 2023 жылы 14 788-ге, 2024 жылы 14 760-қа тұрақтап, ал, былтырдан бастап көрсеткіш айтарлықтай артып, 16 980-ге жеткен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 17 673-ке жетіп, қолдауға мұқтаж жандардың қатары жыл санап сиремей, қайта еселеніп отырғанын көрсетеді.
Бұл өсу динамикасы, әсіресе, аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар арасында анық байқалады. Мәселен, 2022 жылы облыс бойынша небәрі 638 бала тіркелсе, бұл дерек 2023 жылы 967-ге, 2024 жылы 1 266-ға, ал, өткен жылы 1 359-ға көтеріліп, биыл 1 373 баланы құрады. Мұндай статистика бір жағынан, өңірдегі диагностикалау мен ауруды ерте анықтау жұмысының жолға қойылғанын аңғартса, екінші жағынан, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артқанын айғақтайды.
Білім мен қолдау
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының артуы өңірдегі оқу-ағарту жүйесіне де асқан жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл ретте Қарағанды облысында арнайы қолдау тетіктерін мейлінше кеңейтуге басымдық берілген. Бүгінгі таңда аутизмге шалдыққан және өзге де ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектерге 33 арнайы білім беру ұйымында, сондай-ақ, балабақшалар мен мектептердегі инклюзивті оқыту аясында соны серпінмен көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен 1 223 бала, яғни, мұқтаж жандардың 89 пайызы толық қамтылған. Дегенмен, «басталған іс – біткен іс» емес, бұл бағытта әлі де болса 150 баланың кезекте тұрғаны жүйені одан әрі жетілдіре түсудің ең маңызды екенін аңғартса керек.
– Біздің басты мақсатымыз – ерекше қажеттіліктері бар әрбір балаға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты қадамдар жасалып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы ұстанған өңір басшылығы сұранысты қанағаттандыру үшін ілкімді қадамдар жасауда. Соның айқын дәлелі – биыл Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Шет аудандарында заманауи үлгідегі үш психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ашылуы. Бұған қоса, кезекті шұғыл қысқарту мақсатында жұмыс істеп тұрған жеті кабинетте штат саны 22,5 бірлікке артып, қосымша 100 баланы қамтуға кең мүмкіндік жасалмақ, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Сүлейменова.
Айгүл Қайдашқызының мәліметінше, қазіргі таңда облыстық білім басқармасына қарасты №1 оңалту орталығында да қызмет аясын мейлінше ұлғайту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Орталықтың штат санын жеті бірлікке көбейтіп, екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшіру – кезек күттірмес шаралардың бірі. Сонымен қатар, 2026-2027 оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат негізінде 120 баланы қабылдайтын облыстық №11 арнайы мектеп-интернаты құрылмақ. Бұл мекеме дамуында тежелісі бар және аутизм спектрі бұзылған балалар үшін ең жайлы білім ұясына айналмақ. Ал, Шахтинск қаласында жылына 300 баланы қабылдауға қауқарлы жаңа аутизм орталығының ашылуы өңірдегі әлеуметтік картаның ең жарқын тұсы болмақ.
Ерекше балаларды күнделікті оқыту жүйесі де жыл санап нығайып келеді. Қазір облыс бойынша 62 қолдау кабинетінде 1 247 оқушы тұрақты қамқорлыққа алынған. Санитарлық талапқа сай жабдықталған бұл орталықтардың қатары биыл Шет ауданы мен Шахтинск қаласындағы жаңа екі кабинетпен толықпақ. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс тетігі де өз жемісін беруде. 2024 жылдан бері бұл механизм арқылы 600 бала қызмет алса, оның ішінде тек былтырдың өзінде алты жеке орталықта 300 балаға сапалы көмек көрсетілген.
Кешенді оңалту
Инклюзивті ортаны қалыптастыру – тек білім беру жүйесімен ғана шектелетін тар ауқымдағы іс емес. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына күнделікті өмірде тыныс болатын, сапалы әлеуметтік қызмет пен заманауи оңалту инфрақұрылымын талап ететін ауқымды процесс. Бұл бағыттағы жұмыстар да соңғы жылдары мүлдем жаңа сипат алды. Бүгінде өңірде психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 125 орындық іргелі орталық пен оның жанындағы 45 орындық күндізгі бөлімше үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Балқаш қаласындағы 30 орындық оңалту орталығы мен өткен жылдың желтоқсанында есігін айқара ашқан аутизмі бар балаларға арналған 125 орындық жаңа нысан – аймақтағы әлеуметтік қамқорлықтың еңселі екендігінің нақты айғағы.
Бұл мекемелердің қызметі тек құрғақ есеп берумен шектелмейді. Мұнда әрбір баланың жеке абилитация және реабилитация бағдарламасы жасалып, нақты мұқтаждығына қарай жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, Қарағанды қаласындағы орталықтар бүгінде тек облыс орталығын ғана емес, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Абай, Бұқар жырау аудандарын қоса қамтитын стратегиялық хабқа айналған. Осы аймақтар бойынша аутизмі бар 392 балаға қызмет көрсету қажеттілігі анықталса, қазіргі уақытта орталықта 62 бала (оның 30-ы – аутизм спектрі бұзылыстарымен, 32-сі – өзге менталдық ерекшеліктерімен) екі ауысымда, аптасына бес күн бойы арнайы бағдарламамен шыңдалуда.
Орталыққа келуге мүмкіндігі жоқ жандар да мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Алдын алу маңызды
Ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсетудегі ең шешуші фактор – уақыт. Бала дамуындағы ауытқулар неғұрлым ерте анықталып, тиісті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілсе, оның қоғамға бейімделуі мен әлеуметтік дағдыларының қалыптасу көрсеткіші де соғұрлым жоғары болмақ. Осыны ескере отырып, Қарағанды облысында соңғы жылдары «ерте қолдау» жүйесін қалыптастыруға баса назар аударыла бастады.
– Бұл бағыттағы жұмыс тек денсаулық сақтау саласының шеңберімен шектелмеуі тиіс. Тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін медицина, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының басын біріктіретін пәнаралық тәсіл қажет. Инклюзивті ортаны қалыптастыру тек диагноз қою емес, баланың күнделікті өміріне, оның отбасы мен оқу ортасына кешенді түрде әсер етуді талап етеді, – деді балалар психиатриясы орталығының жетекшісі, облыстың бас балалар психиатры Ирина Брико.
Бұл стратегиялық бағыт білім беру саласында да нақты жобалармен көрініс табуда. Мәселен, «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларында 0-3 жас аралығындағы балаларға арналған мамандандырылған кабинеттер ашылып, кадрлар даярланды. Сонымен қатар, барлық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарына ерте қолдау қызметін кеңейту бойынша нақты міндеттер жүктелген.
Ерте қолдау жүйесінің нәтижелілігі тек мамандарға ғана емес, ата-аналардың даярлығына да тікелей байланысты. Осы орайда өңірде ересектерді оқыту мен педагогтердің біліктілігін арттыру ісі жүйелі сипат алды. Былтыр «Aqyl sana» қоғамдық қоры мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында аутизмі бар балалардың 50 ата-анасына арнап 72 сағаттық оқыту курсын ұйымдастырды. Ал, биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 300 педагогін арнайы біліктілік курстарынан өткізу жоспарланған.
Нейропсихолог не дейді?
Инклюзивті ортаны дамыту жайын тек инфрақұрылым, әлеуметтік көмек немесе білім беру тетіктерімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Бұл мәселенің мәнісінде адамның ішкі дамуы, ортаға бейімделуі және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі жатыр. Осы тұрғыдан алғанда нейропсихолог Эльмира Әбілдинаның пайымы инклюзия ұғымының шынайы мазмұнын ашып береді.
– Түптеп келгенде, инклюзия – ерекше қажеттілігі бар адамды «қалыпқа салу» немесе «түзету» әрекеті емес. Керісінше, бұл – қоғамның өзі адамға бейімделе алатын кемел деңгейге жетуі. Яғни, шынайы инклюзия адамды өзгертуден емес, ортаны кедергісіз, түсінікті әрі қабылдаушы етуінен басталады. Адамның физикалық немесе танымдық ерекшелігі өзгермеуі мүмкін, бірақ орта соған лайық ұйымдастырылса, оның әлеуеті ашылып, қоғамға берер пайдасы арта түседі.
Нейропсихологтың пайымынша, дамудың басты алғышарты – психологиялық қауіпсіздік. Адам миы әлеуметтік кеңістікте дамиды. Егер бала немесе ересек адам үнемі қысым, шеттету, салыстыру, аяушылық не жатсыну жағдайында өмір сүрсе, оның танымдық белсенділігі де, бейімделу мүмкіндігі де әлсірейді. Мұндай жағдайда ми даму мен үйрену режимінен қорғаныс күйіне көшеді.
– Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін уақыт аса құнды. 0 мен 6 жас аралығы – мидың ең икемді, ең сезімтал кезеңі. Дәл осы шақта көрсетілген кәсіби қолдау, түзету-дамыту жұмыстары мен әлеуметтік бейімдеу баланың кейінгі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Ерте араласу – тек бүгінгі көмектің емес, ертеңгі ауыр психологиялық және әлеуметтік қиындықтардың алдын алудың тиімді жолы. Тағы бір айтарым, инклюзияны аяушылықпен шатастыруға болмайды. Себебі, шынайы қолдау мен гиперқамқорлық – екі бөлек ұғым. Артық аяушылық адамды тәуелді етіп, оның өздігінен шешім қабылдау қабілетін әлсіретеді, – деді Эльмира Амангелдіқызы.
Нейропсихологтың тұжырымынша, толыққанды инклюзивті орта үш деңгейден құралады. Біріншісі – физикалық қолжетімділік, яғни, кедергісіз кеңістік. Екіншісі – ақпараттық қолжетімділік, яғни түсінікті тіл, визуалды сүйемелдеу, ыңғайлы коммуникация. Үшіншісі – әлеуметтік қолжетімділік, яғни, қоғамның өзгешелікті тосын құбылыс емес, өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдауы. Осы үш негіз қатар орныққанда ғана инклюзия формалды талаптан нақты қоғамдық құндылыққа айналады.
Инклюзия жас таңдамайды
нклюзивті ортаны дамыту мәселесі тек балаларға көрсетілетін қолдаумен шектелмеуі тиіс. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірім есейген соң, оның алдынан «қоғамнан өз орнымды қалай табамын?» деген заңды сауал туындайды. Бұл кезеңде дербес өмірге бейімделу, еңбек дағдыларын меңгеру және әлеуметтік ортаға еркін араласу мәселелері алдыңғы шепке шығады. Осы орайда, Қарағандыда ересек жастағы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік-еңбекке бейімдеуге бағытталған соны бастамалар қолға алынды.
Бұл бағыттағы елеулі жобалардың бірі – Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен ашылған «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығы.
– Бұл жоба – ерекше қажеттіліктері бар жандарды қоғамға бейімдеудің тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған пилоттық бастама. Орталығымыздың ерекшелігі – мұнда тек еңбек дағдыларын қалыптастырумен шектелмей, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беру қызметтері де ұсынылады. Бейімделу процесі бірнеше бағытта қатар жүреді. Адам бір жағынан кәсіби машыққа дағдыланса, екінші жағынан эмоционалдық және құқықтық тұрғыдан өзін нық сезіне бастайды, – деді орталық басшысы Әсел Бекбаева.
Азаматтық сектордың әлеуеті
Инклюзивті ортаны қалыптастыру тек мемлекеттің иығына жүктелген міндет емес. Бұл істе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейтін азаматтық сектордың, атап айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. Соның ішінде Қарағанды қаласындағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметі – мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі. Былтырғы жылдың ақпан айынан бастап өз жұмысын жандандырған бұл орталық мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік, құқықтық, психологиялық тұрғыдан қолдап, олардың еңбекке араласуына тікелей септігін тигізіп келеді. Орталықтың негізгі міндеттері тек кеңес берумен шектелмейді. Мұнда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, техникалық оңалту құралдарын таңдауға сүйемелдеу және қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігіне мониторинг жүргізу сияқты ауқымды істер атқарылады.
– Қазіргі қоғамның сұранысы тек жәрдемақы немесе анықтама рәсімдеуден әлдеқайда кең ауқымды қамтиды. Адамдарға психологиялық кедергілерді еңсеру, өз құқықтарын қорғай білу және қолжетімді ортада кедергісіз өмір сүру маңызды. Біздің басты міндетіміз – азаматтарды қоғамдағы күнделікті өмірге, еңбекке және дербес шешім қабылдауға бейімдеу. Былтыр сол бағытта 5 036 қызмет көрсетілді. Ең басты нәтиже – жұмыспен қамту бағытында. Орталыққа жүгінген 67 адамның 35-і нақты жұмысқа орналасса, тағы 3 азамат көрсетілген кәсіби қолдаудың арқасында өз күшімен жұмысқа орналасқан, – деді «Qamqor Plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.
Түйін
Аймақта жүзеге асып жатқан жетелі жобалар мен баянды бастамаларға зер салсақ, «инклюзивті орта» ұғымының мазмұны біртіндеп кеңейіп келе жатқанын аңғарамыз. Егер бұрын бұл мәселе көбіне пандус, көтергіш немесе арнайы мекемелер ашу деңгейінде ғана қабылданса, бүгінде оған анағұрлым тереңірек әрі ауқымдырақ тұрғыдан қарау қажеттігі айқын сезіледі. Себебі, шынайы инклюзия – адамның тек ғимаратқа кедергісіз кіруі емес, оның сапалы білім алуға, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге, ортаға толық бейімделуге, еңбекке араласуға және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасаумен өлшенбек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



