Жаңалықтар

Тұңғыш ғарышкерге арналған танымдық шолу

Топар кенті кітапханасында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің туғанының 80 жылдығына арналған «Тоқтар Әубәкіров – ғарышқа қадамдар» атты танымдық шолу ұйымдастырылды.

Сурет автордан

Іс-шара барысында оқырмандарға Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы, авиация саласындағы ерен еңбегі және 1991 жылы ғарышқа жасаған тарихи ұшу сапары туралы кеңінен мәлімет берілді. Сондай-ақ ғарышты игерудің маңызы, еліміздің ғылым мен техника саласындағы жетістіктері жайында қызықты деректер ұсынылып, тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды.

Танымдық бөлімнен кейін балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында көңілді ойындар өткізілді. Қатысушылар «Ұшты-ұшты» және «Сымсыз телефон» ойындарын қызыға ойнап, белсенділік танытты. Ойын соңында балаларға тәтті сыйлықтар табысталды. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа қазақтың тұңғыш ғарышкерінің ерлігін насихаттау, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, білімге құштарлық пен ғылымға қызығушылықты қалыптастыру.

Іс-шара соңында оқырмандар алған әсерлерімен бөлісіп, Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы мен ерлігі әрбір жас ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті.

Алтыннұр ШАЙЗАДА
Топар кентінің кітапханашысы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button