Білім

Кемел жоба, кең көкжиек

«Мектеп – ұлттың болашағын қалыптастыратын қасиетті шаңырақ. Сондықтан, әрбір баланың сапалы білім алуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауы тиіс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселесіне арналған әрбір Жолдауында осы ұстанымды басты назарға қояды. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – осы саясаттың нақты көрінісі. Жоба жаңа мектептер салумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – балаларға қауіпсіз, жайлы, технологиялық тұрғыдан жабдықталған және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін білім беру ортасын қалыптастыру.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Аймақта бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары өңірде халық санының өсуі, жаңа тұрғын үй кешендерінің салынуы білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырды. Бірқатар мектептерде орын тапшылығы байқалып, үш ауысымды оқыту мәселесі күн тәртібінен түспеді. Осындай түйткілдерді жүйелі шешуге бағытталған ұлттық жоба бүгінде алғашқы нәтижесін көрсете бастады.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Мөлдір Жұмаділова ұлттық жоба аясында өңірде 10 мектептің құрылысы жоспарланғанын айтады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта 6 мектеп пайдалануға беріліп, білім беру қызметіне лицензия алып, толыққанды жұмыс істеп тұр.

– Бүгінде аталған алты мектепте 5 мың оқушы білім алып жатыр. Қазір тағы төрт мектепті жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Олар іске қосылғаннан кейін қосымша 2 100 оқушы орны ашылады. Жалпы ұлттық жоба бойынша Қарағанды облысында 7 100 жаңа оқушы орны құрылады, – дейді маман.

Бұл көрсеткіштер – өңірдегі мектеп тапшылығын жою бағытындағы нақты нәтижелердің бірі. Бұрын жаңа шағын аудандарда тұратын ата-аналардың баласын басқа мектепке тасуына немесе бірнеше ауысыммен оқуға тура келетін жағдайлар кездесетін. Енді жаңа мектептердің ашылуы бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеді. Білім басқармасының мәліметінше, ұлттық жоба аясында ең алдымен мектептердің шамадан тыс жүктемесін азайту көзделген. Нәтижесінде Қарағанды қаласында оқушы орнының тапшылығы 4 577 орыннан 1 844 орынға дейін қысқарып, көрсеткіш 1,8 есеге төмендеген. Ал, Балқаш қаласында үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапқан.

– «Келешек мектептері» халықаралық талаптарға сай жобаланады. Әр мектепте заманауи пәндік кабинеттер, зертханалар, кітапханалар, роботтехника және STEM кабинеттері, спорт және шығармашылық залдары қарастырылған. Бұл – балалардың сапалы білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін жан-жақты дамытуына мүмкіндік береді, – дейді ол.

Шынында да, бүгінгі мектеп бұрынғыдай тек сабақ өтетін орын ғана емес. Ол – ғылым, шығармашылық, цифрлық технология және тұлғалық дамуды тоғыстыратын кеңістік. Сондықтан, жаңа мектептердің сәулеті де, ішкі жабдықталуы да оқушының қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық бала қай жерде тұрса да, сапалы білім алуға бірдей мүмкіндікке ие болуы тиіс», – деген болатын.

Осы ұстанымға сәйкес ұлттық жоба ауылдық елдімекендерді де қамтып отыр. Бүгінде Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында және Сәкен Сейфуллин кентінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе, Доскей ауылдары мен Ғабиден Мұстафин кентінде жаңа білім ошақтарын пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ауыл мен қала арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл балалары да заманауи мектепте білім алып, сапалы білімге тең қолжетімділікке ие болады. Ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді дамыту. Жаңа мектептердің барлығы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға толық бейімделген. Мектептерде пандустар, лифтілер, тактильді навигация, бейімделген санитарлық тораптар, арнайы мамандар кабинеттері және түзету-дамыту бөлмелері қарастырылған. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балалардың кедергісіз білім алуына мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін өңірде 4,9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат оқу кабинеттерін заманауи құралдармен жабдықтауға, цифрлық технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Педагог кадрларын жасақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде пайдалануға берілген алты мектепте 474 мұғалім еңбек етеді. Мамандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурс арқылы қабылданады. Сонымен бірге, жаңа мектептердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру мақсатында педагогтердің басым бөлігі бұрынғы білім беру ұйымдарынан толық құрамда ауыстырылған. Алдағы оқу жылында өңірде ұлттық жоба аясында тағы төрт жаңа мектептің есігі айқара ашылады. Оның ішінде, Қарағанды қаласының «Жаңа аудан» шағын ауданындағы 1 200 орындық мектеп пен Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе, Доскей ауылдары және Ғабиден Мұстафин кентіндегі 300 орындық үш мектеп бар. Бұл тағы 2 100 баланың заманауи білім ордасында білім алуына мүмкіндік береді.

– «Келешек мектебінің» басты артықшылығы – заманауи білім беру ортасы мен оқушыға бағытталған оқыту жүйесі. Мұнда әр баланың шығармашылық қабілетін ашуға, сыни ойлауын дамытуға және сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Ағылшын тілін оқытуда да жаңа мектептің мүмкіндіктері айқын сезіледі. Интерактивті тақталар, цифрлық платформалар және заманауи жабдықталған кабинеттер сабақтарды қызықты әрі тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығы артып, сөйлеу, тыңдау және коммуникативтік дағдылары қарқынды дамып келеді. Оқушылардың білімге деген ынтасының артқанын күнделікті сабақ барысында байқап жүрмін. Олар жаңа білімді игеруге белсенді қатысып, ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасауға талпынады. Жобалық жұмыстар мен заманауи оқыту тәсілдері олардың өзіне деген сенімін нығайтып, білімге деген құштарлығын арттыра түсуде, – дейді №19 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аружан Мақан.

Жалпы соңғы үш жылда Қарағанды облысында 13 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оның 10-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы ең ірі жобалардың бірі саналады.

Сондықтан, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – тек бүгінгі оқушылар үшін емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Қарағанды облысында бой көтеріп жатқан жаңа мектептер – осы мақсаттың нақты көрінісі.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button