Спорт

Жерлестер жетістігі жігер сыйлады

Қазақстандағы әуесқой шахматшылар арасындағы ең ірі жарыстардың бірі саналатын III Senat Open – 2026 ашық кубогында Қарағанды облысының құрамасы табысты өнер көрсетіп, еліміздің үздік алты командасының қатарына енді. Дүбірлі додаға елдің түпкір-түпкірінен сегіз мыңға жуық спортшы қатысқан. Облыс командасы жоғары нәтиже көрсетіп, жекелей сында да жүлделі орындарға ие болды. Аталған турнирдің жүлдегерлерін облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов қабылдап, арнайы құттықтады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов өз сөзінде аталған турнирдің бүгінде қарапайым спорттық жарыс аясынан асып, ауқымды зияткерлік қозғалысқа айналғанын айтты.

– Бұл турнир бүгінде нағыз зияткерлік қозғалысқа айналды. Мемлекет басшысы шахматтың стратегиялық ойлау қабілетін дамытып, сабырлылық пен дұрыс шешім қабылдау дағдысын қалыптастыратынын бірнеше мәрте атап өтті. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, кез келген салада аса маңызды. Сондықтан, депутаттық корпус алдағы уақытта да облыс құрамасының турнирге қатысуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Қарағандыда ересектерге арналған Шахмат үйін ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жоба өңірдегі шахматтың дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді ол.

Турнир төрт кезеңнен тұрды. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турда өтіп, қатысушылар «рапид» форматында сынға түсті. Додаға тек эло рейтингі 2000 ұпайдан аспайтын әуесқой шахматшылар ғана қатысқан. Финалдық кезеңде Қарағанды облысының денсау­лық сақтау саласының өкілдері жоғары нәтиже көрсетті. Димаш Кәріпбаев өз санатында топ жарса, Тимур Рахымжанов күміс жүлдеге қол жеткізді.

Димаш Кәріпбаев шахматқа бала кезінен қызыққан. Зияткерлік ойынға деген сүйіспеншілігін атасы оятып, төрт жасында шахматтың қыр-сырын үйреткен. Жеңімпаз өз сөзінде:

– Әрине, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болатын еді. Екі партияда жеңіске жетуге толық мүмкіндік болды. Ойынның барысы да біздің пайдамызға шешіліп келе жатты. Алайда, шешуші сәтте уақыт жетіспей қалды. Рапид форматында уақыт факторы өте маңызды. Жалпы, Қарағанды облысында шахматтың деңгейі жоғары. Мұнда мықты әрі бәсекеге қабілетті ойыншылар өте көп, – деді Димаш Кәріпбаев.

Аймақта шахматқа қызығу­шылық жыл сайын артып келеді. Бүгінде өңірдің көптеген білім беру ұйымдарында оқушылар шахматтың қыр-сырын меңгеріп, зияткерлік ойынға ерте жастан бау­лынуда. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында шахмат әуесқойларына арналған қоғамдық ойын алаңдарының саны да көбейіп келеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button