Елжан Серғалиұлы Qaragandy Invest инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы болып тағайындалды
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өткізген ашық конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша «Qaragandy Invest инвестицияларды дамыту орталығы» АҚ – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы болып Елжан Серғалиұлы тағайындалды.

Жаңа басқарма төрағасын Инвестицияларды дамыту орталығының ұжымына және бизнес қауымдастығына Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев таныстырды.
Елжан Серғалиұлының мемлекеттік және корпоративтік секторларда басқарушылық қызметте 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары Ақмола облысы әкімдігінде кәсіпкерлік, инвестициялар және туризм мәселелеріне жетекшілік етті, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ құрылыс, сауда, жылжымайтын мүлікті басқару және өнеркәсіп салаларындағы ірі компанияларды басқарған.

Жоғары заңгерлік және қаржылық білімі бар, MBA дәрежесінің иегері.
Кездесу барысында Qaragandy Invest орталығын одан әрі дамытуға бағытталған негізгі міндеттер айқындалды. Басым бағыттардың қатарында Қарағанды облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру, арнайы экономикалық аймақты дамыту, жаңа инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сапалы сүйемелдеу мәселелері аталды.
Асқар Ғазалиевтің айтуынша, бүгінде өңірлер арасында инвестиция тарту бағытындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан инвесторларды сүйемелдеу институтының тиімді жұмысы ерекше маңызға ие.
– Арнайы экономикалық аймақ құрылғаннан бері 231 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, шамамен 320 млрд теңгенің өнімі өндірілді, 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінгі міндетіміз – өңірдің инвестициялық тартымдылығын ұдайы арттыру, бизнес жүргізу жағдайларын жетілдіру және әрбір жобаны барынша қолайлы жағдайда сүйемелдеуді қамтамасыз ету. Елжан Серғалиұлының тәжірибесі Qaragandy Invest орталығының дамуына және жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыруға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Асқар Ғазалиев.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



