Тіл тірегі – тәрбие

Мемлекеттік тіл саясаты қашанда маңызды мәселе, түйткілді тақырып. Осыған орай облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жаңа Қазақстанның дамуы аясында облыстық тілдерді дамыту қызметінің қорытындысы бойынша брифинг өтті.

Тілді дамыту бар республиканың қолға алған ісі. Бүгінде бұл үшін елімізде едәуір жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта облыс көлемінде арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, оның отырыстары аймақ басшысы мен облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Отырыс нәтижесінде тілдік мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілуде.

Жалпы облыстағы тіл саясаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін арттыру шараларын ұйымдастыруға және ономастика, көрнекі ақпарат пен жарнама саласында мемлекеттік  тіл саясатын жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

 – Жалпы өңірімізде тілдік дамуды жүзеге асыру іс-шараларына 2021 жылдан бастап облыстық және жергілікті  бюджеттен 204 880,0 мың теңге (оның ішінде Басқарма бойынша 78 740,0мың теңге (жалпы – 175 353,0 мың тг), аудандар мен қалалар бойынша 126 140,0 мың теңге көлемінде қаражат бөлінсе, 2022 жылы барлығы 203 640,0 мың теңге (оның ішінде Басқарма бойынша 75 400,0 мың теңге (жалпы 198 134,0 мың теңге), аудандар мен қалалар бойынша 128 240,0 мың теңге) қарастырылды – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова. 

Бөлінген қаражатқа сай, атқарылар жұмыс та біршама. Тілді оқыту курсының осы тұста пайдасы басым екені анық. Бізде тіпті баланы былай қойғанда ана тілінен «адасып» қалған ересектер де жетерлік. Мұны мойындаған абзал. Жалпылама курстар бала, ересек деп қарамайды екен. Ана тілінің әрпін талдап үйретіп, талай нәтижеге қол жеткізіп жүргендері қаншама. Осы бағытта басқарма міндетінің мәйегі — тіл үйренемін деушілерге барынша жағдай жасау. Дәл қазір осындай мақсатқа сай арнайы 6 оқыту орталығы  (1 – жекеменшік) мен 13 оқыту курстары негізінде жылына 2500 жуық адам қазақ тілін,  1900 адам ағылшын тілін оқыған. Ал, 2022 жылы 2576 адамды қазақша оқыту жоспарда болып, қазір соның 1265 оқып жатыр. Ағылшын тілінде де жоспарланған 1896 адамның 960-ы оқытылуда. 

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек тіл үйренемін деушілер саны 2011 жылмен салыстырғанда қазақ тіліне екі жарым есеге, (2011 ж. — 1049), ағылшын тілін үйренушілер 9 есеге (192-1896) өскен. Бұл көрсеткіш анағұрлым өскенді айқындайды. Осыған сәйкесінше қазақ тілін білмейтіндер  саны едәуір төмендеген. Мысалға социологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 2011 жылы мемлекеттік тілді білмеймін деген тұрғындар саны 57,5 пайызды құраса, биылғы жылғы бұл көрсеткіш 14,6 пайызға кеміді.

Сонымен қатар, қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысы да аталмыш брифингте тілге тиек етілді. 

– Тілдің жайы көптің көкейіндегі ірі мәселе. Енді ауызекі сөйлеуге келер болсақ осы тұрғыда өңірде «Мәміле», «Тағылым»,  Балқаш қаласында «Маржан сөз»,   Теміртау қаласында «Бастау», Саран қаласында «Til.kz», Сәтбаев қаласында «Қоңырау» секілді клубтар жұмыс жасайды.

Қазақ тілін дамытуда отбасылық тәлім-тәрбиенің зор екені мәлім. Ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлінсе һәм ана тілінде тәрбиелесе өз тілімізді өзіміз өгейсінер ме едік?! –дейді облыстық тілдерді оқыту орталығының ЖК басшысы Алмагүл Игенова.

Сонымен қатар отырыста облыс бойынша көрнекі ақпарат пен жарнама, халыққа қызмет көрсету саласындағы тіл мәселесі жайлы да біршама пікірлер айтылды. 

 Тіл саясаты саласындағы тағы бір басты фактор ол халыққа қызмет көрсету салалары мен кәсіпкерлік нысандарда мемлекеттік тілді басты орынға қоюы.

Облыстағы тіл саласында атқарылып жатқан шаралар барлық тіл мәселесін шешіп отыр деп айта алмаймыз. Оған бір ғана тіл басқармасының әлеуеті жете бермейді. Қазақ тілін дамыту тұрғысында түйткілді мәселелер жетерлік.

Тіл мәселесі – жалпы қоғамдық мәселе. Сондықтан да, бұл салада үлкен нәтижеге жету үшін мықты бірлік пен ұйымдасқан жұмыс қажет.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.