Тарих

Ұлы ма, Ұлық па, Орда ма?

«Алтын Орда деп жүргеніміз қате, Жошы ұлысынан мұрагерлікке қалған ұлыс хандары ресми атауын Ұлы Ұлыс елі деп атаған. Алтын Орда – орыс кінәздері Ұлы Ұлыс хандарының ордасына (Алтын орда) княз мәртебесін алуға барғанда жылнамашыларының жазып жібергені ғой» дегені анық есімде жазушы, ғалым Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫНЫҢ. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қарағандыға келген сапарында. Одан кейін бұл тақырып қаншалықты жазылғанын білмеймін, бірақ, біз «мемлекеттік деңгейде өткеріліп жатқан Алтын Орданың 750 жылдығы» дегеннен танбай келеміз. Басында Алтын Орда деп жазылғанымен, кейіннен кей тарихшылар Ұлық Ұлыс атауын қосақтай бастады. Қайсы дұрыс?

Ұлы Ұлыс еліне қатысты мынадай деректерден көз сүрінеді: «Ғұлама Рашид әд-Диннің қолжазбасында Шыңғыс ханның 1224 жылы Орта Азиядан Моңғолияға оралуы жайында айта келіп, ол Бұқа Сижигу деген жерге келіп, Урду-и заррин-и бузург, яғни, «Үлкен немесе Ұлы Алтын Орданы тігуге» бұйырғаны жазылған. Құрамында сансыз ұлыстар мен тайпалар одақтасқандықтан, «Ұлық Ұлыс» деп аталды.

Алтын Орда бөренелері алтыннан, ішіне мың адам еркін сыйған деседі». Алтын Орда атауы қайдан шықты деген сауалға да бас қатыратын ұзын-сонар жауаптар жетіп жатыр.

«Алтын Орда деген атау ресми атау болмаса керек. Тарихшылардың пайымынша, Жошы ұлысы ол баста «Ұлық ұлыс» деп аталған» дейді. Бірақ, неге Ұлық Ұлыс аталғанын тарқатып жазбайды. Нақты жауапты тағы осы Қойшығара ағамыздан табамыз. Бұл кісінің айтқандары дәлелді, негізді, ақылға қонымды болғандығынан мақұлдап, оқырманға ұсынып отырмыз. Қараңыз онда: «Жошы ұлысы» осы ұлыстың негізін қалаушы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан өлгеннен кейін мұрагерлік жолмен әке орнын басып, таққа отырған Батый (Бату) ханның тұсында, нақтырақ айтсақ, 1243 жылдан бастап «Ұлы Ұлыс» деп аталады. Оның бұлай аталуы тарихи заңдылық еді. Өйткені, Ұлы Дала тұрғындары құрған мемлекеттің бәрі қай деңгейде екеніне (ірілі-ұсақтығына) қарамастан, ежелден қалыптасқан заңдылық бойынша ішкі құрылымы рулық-тайпалық жүйеге негізделгені мәлім. Соған орай, далалық мемлекеттердің ішкі құрылымдық сатылары да рулық-тайпалық жүйе заңдылығына негізделген. Мұнда кемі екі, не болмаса, бірнеше аталықтың бірігуінен «ру» құралады. Сол секілді бірнеше рудың бірігуінен «тайпа», бірнеше тайпадан «бектік», бірнеше бектіктен «хандық», бірнеше хандықтан «қағандық», бірнеше қағандықтан «ұлыс», бірнеше ұлыстан «ұлы ұлыс» құралады.

Жеті жылға созылған осы жорықта Батый хан Еділ болғарларын, орыс князьдіктерін талқандап, Солтүстік Кавказды бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Трансильванияны ойрандап, Адриат теңізінің жағасына жетеді. Сөйтіп, 1242 жылы өзінің ордасы орныққан Еділдің сағасына үлкен жеңіспен қайтып оралады. Осылайша, шетелдік бірнеше ұлыстарды (мемлекеттерді) қосып алу нәтижесінде Батый хан иелігіндегі жер Алтайдан Дунайға дейін кеңейіп, орасан алып аймақты құрайды. Соған орай, бұрынғы бір «Батый ұлысы» жаңадан қосылған бірнеше ұлыстармен ұлғайып, күшеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталады (Ұлы Ұлыс – еуропалықтар танымындағы «империя», «держава» атауымен мағыналас – Қ.С.).

Міне, осыдан бастап, нақтырақ айтқанда 1243 жылдан қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Батый ханнан бастап, оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықта билік тізгінін ұстаған ел билеушілерінің бәрі де бірдей өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған, өздерін осы Ұлы Ұлыстың билеушілеріміз деп таныған. Мұның солай екеніне, бүгінгі күнге аман жеткен, Ұлы Ұлыстың соңғы ханы Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қолын қойып, мөрін басуы да айғақ. Бірақ, осындай басы ашық айғақты жайларға қарамастан, қазіргі ресми тарих ғылымында елдің «Ұлы Ұлыс» деген төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді.

Мұндай алтын ордалар Батый құрған Ұлы Ұлыстан бұрын да болған. Бұл ретте басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс Түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы, Рашид әд-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сыятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтындығын жазады (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. Стр.41). Сол секілді Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357) үйінің де «Алтын орда» аталғаны мәлім (Қойшығара Салғараұлы. «Қазақтың қилы тарихы». Алматы. 1992 жыл. 79 бет). Бұлардан басқа да алтынмен апталғанына орай, «Алтын Орда» аталған ұлыс хандарының ордалары баршылық.

Кешегі кеңестік дәуірдегі одақтас республикалар басшыларының Бірінші хатшылық қызметіне беку үшін Мәскеуге баратыны сияқты, сол кездегі орыс князьдері де Ұлы князьдікке бекуге Ұлы Ұлыс билеушісінің Ордасына арнайы барып, оның келісімін алатын болған. Орыс князьдерінің осындай шаруамен Ұлы Ұлысқа барған сапарларын жазған орыс жылнамалары олардың барған мемлекетінің атын атамай, оның орнына оларды қабылдаған билеушінің кеңсесінің, яғни, ордасының атын көрсеткен. Ұлы Ұлысқа барған сол князьдердің «Алтын Ордаға кеттік», «Алтын Ордадан келдік» деген ауызша мәліметтерін қағазға түсірген орыс жылнамаларында: «Ұлы князь пәленше Алтын Ордаға кетті», «Алтын Ордада мынандай жайлар болды», «Ұлы князь Алтын Ордадан елге оралды» тәріздес ақпараттық деректер пайда бола бастайды. Бір қызығы, мұның өзі Батый ұлысы Ұлы Ұлысқа айналған 1243 жылдан емес, арада жүз жылдан астам уақыт өткеннен кейін, яғни, ХІV ғасырдың орта тұсынан басталады. Оған дейін «Алтын Орда» атауы еш жерде кездеспейді, тіпті, орыс жылнамаларында да айтылмайды.

Ұлы Ұлыстың (Алтын Орданың) негізін қалаған Жошыұлы Батый (Бату). Бұл – барлық дереккөздерінде көрсетілген, ресми тарих ғылымы мойындаған шындық. «Алтын Орда» хандары кестесінің Батыйдан басталатыны да содан. Бұрынғы «Батый Ұлысы» – Батыйдың Шығыс Еуропаға жасаған жеті жылдық (1236- 1242) жеңісті жорығынан кейін 1243 жылы «Ұлы Ұлыс» деп аталған. Осы дерекке негіздесек, алдағы жылы «Ұлы Ұлыстың» құрылғанына 777 жыл болады. Ал біз тойлағалы отырған 750 жылға келетін болсақ, бұл Батыйдан кейін билік басына келген «Алтын Орданың» төртінші ханы – Мөңке-Темірдің (1267-1280) заманына, яғни, 1270 жылға дәл келеді. Арадағы айырмашылық – 27 жыл! Мұның үстіне «Алтын Орданың» негізін қалаған Мөңке-Темір еді» деген дерек еш жерден кездеспейді. Сонда біздің атап өткелі отырған «750 жыл» қандай негізге сүйеніп алынған?! Күні кешеге дейін «300 жыл татар-моңғол езгізісінде болдық» деп келіп, енді өздерін «Алтын Орданың шынайы мұрагері – біз» деп аласұрып жатқан орыс тарихшылары ертең осыны желеу етіп шу көтеріп жүрмей ме? Қалайда мүмкіндік барда шындыққа көз жеткізу қажет секілді» – дейді Қойшығара Салғараұлы.

Қалғаны – оқырманның өз таразысында.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button