Тарих

Әлихан әлемі 3. Тәуелсіздік жолындағы тарихи тәуекелдер 

Қазақ – тағдырлы халық. Тарих доңғалағын 750 жылға кері айналдырсаңыз – «Алтын Орда», 550 жылға шегінсеңіз – Қазақ хандығы, 100 жылға мойын бұрсаңыз – «Алашорда»… Тіпті әрідегі түркінің түбін бойласаңыз – күннің астын билеген Күлтегін мен Тоныкөк. Барлығының арманы – Азаттық, мұраты – Мәңгілік Ел. Тәуелсіздік жолындағы тарихи тәуекелдер жылнамасы тым әріден басталады, әйтеуір. Жасампаздық. Күрескерлік. Мақсатшылдық. Түбі – күйреу. Бірақ, арман өлген жоқ, үміт семген жоқ. Ғасырлар бойы найзаның ұшына, қылыштың жүзіне байланған тәуекел Тәуелсіздікке жеткізді. Күлтегіннің мұратына айналып, күннің шеңберіне байланған қастерлі Азаттыққа ХХ ғасырдың соңында (1991 жылы) ғана қол жеткіздік. 

Әлгінде күйреуді айтып күмілжіп қалдық… Неге? Азаттық жолындағы алапат күрес, Тәуелсіздік жолындағы тарихи тәуекел белгілі бір идеяға иек артады. «Алтын Ордадан» «Алашордаға» дейінгі бірде-бір құрылым идеядан сүрінді деп айта алмаспыз. Әсіресе, үш жарым ғасыр бойы отаршылдық саясаты салтанат құрған, озбырлығы орасан патшалық Ресеймен тайталасу мехнаты маңдайына жазылған «Алашорданың» жолы ауыр болғаны ақиқат. «Алаш» автономиясының ат төбеліндей зиялы көсемдері ақ патшаның озбырлығына дес бермегенімен, Кеңес өкіметінің өлермендігі өктем шықты. Атты, асты… Көсемдердің көзін жойды. Алайда, өр рух өле ме?! Өлген жоқ! Сол ұлты үшін құрбан болған Әлекеңдердің асыл аманаты бүгінгі Қазақстан билігінің стратегиялық идеясымен сабақтасып, өр рухы Есіл жағасындағы «Ақ Ордаға» орнықты.

Ұлтына барынша адал қызмет етіп, қазақты сүюдің символына айналған Әлихан Бөкейханның «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген антқа бергісіз сөзі бар. Өз басым Әлекеңнің осы сөзін оқыған сайын ойға шомамын. «Өзі шексіз сүйіп, жан-тәнімен адал қызмет еткен туған халқының алдында неге өзін осынша айыпты сезінді екен?» деген сұрақ мазалайды. Оның да жауабын таптым. Ұлт көсемінің ұшан-теңіз бай мұрасына үңіле отырып, оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы санында жарияланған «Қазақ тарихы» атты мақаласында «Бұрынғының көбі, күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді», – деп жазғанын кездестірдім. Әлекеңнің қаламынан жүрегінің лүпілін аңғарып, адалдық жұпарын сезінесің.

Жалпы, «Алаш» көсемдерінің атылуы, қудалануы сол заман билігінің талабы бойынша заңды да шығар. Өйткені, Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы ұлттық сананы жаңғыртып, саяси салмағымен де, тарихи талғамымен де өз дәуірінің құбылысына айналып үлгерген еді. Ұлттық-мәдени өре-танымы еңсе көтерген ұлт жаппай бірігу, ұлы мұратқа ұмтылу қағидаларын меңгере бастады. Дербес ел болу, сол арқылы өз жеріндегі игілікті өз ұрпағының кәдесіне жарату идеясын өмірге әкеліп, ұлттық буржуазия қалыптастыруды көздеген қозғалыс ресми билікке қай қылығымен жаға қойсын?! 

Әлихан бастаған «Алаш» көсемдері әзірлеген ұлттық бағдарлама бүгінгі Қазақстан билігінің мақсат-мұратымен сабақтасып, Мәңгілік Ел идеясымен ұштасып жатқандығын алдыңғы жазбамда тәптіштеп айтқан болатынмын. Шынымен-ақ, «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның сан қырлы таланты мен дара қасиеттері «бұратана» халықты қатарға қосып, әлем елдерінің алдыңғы легіне шығару жолындағы алғышарттарын әзірлеуге, бағытын нақыталуға мол септігі тигендігі туралы да аз зерттеліп, кем зерделеніп жатқан жоқ.

Десек те, Әлекеңнің қайраткерлік қырына қазық болған бес ұстанымының екіншісі ойландырады мені. Қыр баласы осы ұстанымында: «Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек», – деді. Сіз де үңіліп көріңіз…

Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биік мінберден жиі қайталаған «шикізатқа тәуелділіктен арылу» талабы тұр Әлекеңнің осы ұстанымында. Яғни, отандық өндірісті дамыту. Идеялар сабақтастығына көңіл жұбатқанымыз болмаса, Әлихан ұстанымының бүгінгі дәуірдегі игілігіне «қарнымыз ашатыны» жасырын емес. Дегенмен, бетбұрыс бар, сең қозғалды. Елімізідң Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлармен өткен бір кездесуінде «Қазақстандағы табиғи байлықтардың ірі қорына қарамастан, ұлттық экономиканың шикізатқа тәуелді болмасы үшін тиісті салалық бағдарламаларды жүргізуіміз керек», – дегені бар. Ал, өндіріс көлемінің сұранысқа тәуелді екенін естен шығармауымыз да керек шығар. Мәселен, әлемді індет жайлаған бір жылдың ішінде еліміздегі мұнай магнаттарының бірі «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның өндіріс көлемі құлдырап кетпесе де, едәуір кемігендігі байқалады. Аталған компанияның өндірістік көрсеткіштері 2020 жылы мұнай өндіру көлемінің 7,9%-ға, газ өндіру көлемінің 3,1%-ға төмендегенін көрсетіп отыр. Яғни, компания қомақты қаржыдан қағылды деген сөз. Иә, осының барлығы – Қазақстан экономикасының әлі де болса, шикізаттық экспортқа тәуелділігінің салдары.

Бүгінгі таңда елімізде 8 мыңға жуық кен орны бар. Оның 317-сі – мұнай-газ кен орындары болса, 910-ы – қатты пайдалы қазбалар. Осынша кен орындарының ішінде Қызылорда облысы бойынша мұнай өндіру көлемі 1 млн. тоннаға дейін кеміген. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында да сарқылу салқыны сезілуде. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше ірі қорғасын-мырыш кен орындарының табиғи қоры біржола сарқылып, жабылған. Ашық дерек көздерінен алынған бұл кері көрсеткіштер ел экономикасының дағдарыс табылдырығында тұрғанын аңғартады. Осы мәселеге қатысты Қазақстан Үкіметі жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға қатты көңіл бөліп отыр. 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша геологиялық барлау жұмыстарына 800 млрд. теңге инвестиция салу көзделуде. Осынша қыруар қаржы жұмсау бізді тығырықтан шығарып, шикізатқа тәуелділіктен арылта ма? Не керек, тәуелділіктің арқанын үзіп, алысқа ұзай алмай тұр біздің ұлттық экономика.

Осы орайда, Әлихан Бөкейханның «Бізге фабрикалар, зауыттар, шаруашылық ұйымдары, кооперативтер және басқа да көп нәрселер керек. Мұның бәрі білімді қазақтарды қажетсінеді», – деген тарихи сөзі ойымызға оралады тағы. Ақиқатын айтсақ, Әлихандардың дәуірі оқығандарға зәру болды. Қазіргі технологиялық мүмкіндіктің елесі де жоқ кезең. Сонда да, ұлт тағдырын кемел ойлаған кемеңгердің көрегендігі неткен ғажап еді деп тамсанудан басқа амалымыз да жоқ.

Әлекеңдер көксеген ұлттық буржуазия ең әуелі ұлттық қауіпсіздіктің кепілі екенін түсінуіміз керек. Елбасының өзі бір сөзінде: «Отыны мен азық-түлігін сырттан таситын мемлекет тәуелсіз мемлекет емес», – деді. Сонда да, ұлтты ұшпаққа жеткізетін «ұлы жобаларды» көзіміз шалып тұрған жоқ. Әрине, экспорт – табыстың еселенген көзі. Бізде постиндустриалды қоғам құру мәселесі қолға алынып, индустриалды-инновациялық бесжылдықтар аясында ұлттық экономиканы экспортқа шығаратын тауарлар өндірісіне бағыттау үдерісі бел алып барады. Ал, бізге алдымен өзіміздің ішкі нарықтың сұранысын таразылап, соған сай тұтынушылық-тауарлық бағытқа басымдық беру керек секілді.

Әлекең бастаған ұлт зиялыларының ұйқысын қашырып, күлкісін тежеген басты мәселе сол кездегі қазақ даласының Ресей патшалығы үшін шикізат қоймасы болып, Ресей өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз етуші ғана болып келгендігі еді. Сондықтан болар, «Алаш» автономиясының бағдарламасына айналған Әлекеңнің бес ұстанымының екіншісіндегі екпіннің жер байлығы қазақтың ғана игілігі болуы керек дегенге түскендігі. Дәл қазіргі уақытта компьютер ойлап тауып, жапондардан асамыз деу – бекершілік. Өзімізден шығатын сом темірден машина жасауды емес, шетелдік маркамен құрастыруды енді меңгеріп жатқан біздің ел үшін кибернетиканың жалына жармасып, нанотехнолгияның нанын жеу әлі ертерек шығар. Дегенмен, жаңаша ойлайтын ұрпақ өсіп, инетеллектуалды ұлт қалыптасып келеді Ол күнге де жетерміз. Әзірге, өзіміздің ұлттық болмысымызға жақын мал өнімдерінің игілігін ұлт кәдесіне жаратсақ, шіркін… Тері илеу, тоқыма өндірісі деген секілді жеңіл өнеркәсіптің жолы неге ауыр болып тұр? Шикізат тапшы ма? Мемлекеттік қолдау жоқ па? Екеуі де бар бізде. Ендеше, не кедергі?!

Әлекең «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!», – деп жазды өзінің «Қазақ депутаттары» атты («Қазақ» газеті, №235, 1917 жыл) мақаласында. Яғни, «іс қылатын шебер табылса» деген екіұшты ойын сабақтай отырып, қазақ жұртының жаңа жолға түскенін, жаңа мүмкіндіктер мен тың жауапкершілік бетпе-бет келіп тұрғанын емеурін етеді. Бізге де іс қылатын бір шебер табылса – игі.

Барды жоққа шығару бағытымызды түзеп, бақытымызды еселемейді, әрине. Біздің қарыштай дамып, әлем жұртының алдына шығып кетуімізге бар жағдай жасалып жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің таңдаулы оқу орындарында оқып келген жастарымыз Әлекең айтқан «іс қылатын шебер» шықпай тұр ма, әлде? Әйтпесе, әлемді дағдартып тастаған бірнеше дағдарыстың дауылынан шайқалмай өткен Қазақстан аз уақытта алты құрлықты аузына қаратты емес пе?! ЕуроОдақтың Орталық Азиядағы стратегиясын жүзеге асыруға сындарлы түрде қатысып келе жатқан жалғыз ел екеніміз тағы бар. Дәл қазіргі індет жайлаған ауыр күндерде де еңсеміз еңкіш тартты деуге келмес. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай кезінде қарапайым заттар экономикасын дамыту бойынша жалпы құны 600 млрд. теңге болатын бірнеше жоба қолға алыныпты. Бұл жобаларға тек қана отандық өнім өндіруші кәсіпкерлер қатыса алады. Түпкі нәтиже еліміздегі тұтыну алаңын импортқа тәуелділіктен арылту болмақ.

…Түйіндей айтқанда, еліміздің қазына байлығы қазақтың игілігіне жұмсалуы керек деген Әлекеңдер ұстанымының өзектілігі әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ. Мұның астарында мемлекет құрушы ұлттың мүддесі жатыр. Ендеше, өзгенің қаңсығына таңдай қақпай, өз игілігімізді өзіміз еселейтін мезгіл жетті.

Дербестік дәулетімізге кепіл болып, Алаш көсемдері көксеген Тәуелсіздік тұғырына бекем қондық. Армандар ақиқатқа айналып жатыр. Бір ғана Әлекеңнің «Григорий Потанин» деген мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!», – деп тебіренуінің өзі неге тұрады?! Сол Қараөткел – бүгінгі Елорда. Ерке Есілдің жағалауынан Елорда тұрғызып, Ақордасын сайлаған елдің ендігі ұрпағы Тәуелсіздік жолындағы тарихи тәуекелдердің бағасын біліп, қадіріне жетсе… Сонда деймін-ау, әлгі Әлекеңнің ұстанымы болған «Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек» деген қағидасы орындалар еді.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button