Тарих

Тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Қарағанды жұрты Долинка кентінде орналасқан Қарлаг музейінің алдындағы стеллаға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шамиль Осин, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов және ақын Айтбай Жұмағұлов лагерьде тұтқында болғандардың ұрпақтарымен бірге сталиндік саяси қуғын-сүргіннің адам айтқысыз айуандықпен жүргізілген азалы тарихын еске түсіріп, гүл шоқтарын қойды.

Тұтқында болғандардың ұрпақтарының бірі Мария Ерматенкова қазір – 73 жаста. 1949 жылы ата-анасы «халық жауы» ретінде сотталып кеткенде отбасындағы екі баланың біреуі колонияға жіберілсе, біреуі нағашы апасының қолында қалады. Тағдыр талайына қиындықты жазғанымен, өміріне налымайтын Мария Дмитриевна – бұл күні шөбере сүйген ардақты әже.

1956 жылдан бері Долинка кентінде тұрады. Қолы қалт еткенде осы жерге келеді. Ата-анасы ақталды. «Бірақ, «халық жауының» баласы деген таңба кейінгі өміріме біраз кедергі келтірді» дейді ол.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button