Жеке тұлғаның банкроттығы: заң жобасы талқыда

Қазір әр кімнің басында бір-бір несие. Оны төлеп те, төлей алмай жатқандар да бар. Банкке қарызға белшеден батып, оны қайтаратын мүмкіндігі жоқ жандар үшін жаңа заң жобасы қарастырылуда. Ал, бұл заңның халыққа берер пайдасы қандай? Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Алданыш АДАМБЕКОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Азаматтарды бірінші кезекте банкроттық рәсімін қолдану немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы сотқа жүгінуге кімнің құқығы бар екендігі, осы рәсімдердің қандай салдары болатыны көпшілікті қызықтыратыны анық. Бұл тұрғыда заң жобасында рәсімдердің үш түрі қарастырылған. Біріншісі, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Екіншісі, сот арқылы банкроттық рәсім болса, үшіншісі, соттан тыс банкроттық.

заң жобасында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе төлемге қабілетсіз болған тұлғаларға банкроттық қолдану көзделген. Бұл рәсім – Қазақстан Республикасының Заңнамасына қарсы келмейтін қаржылық, құқықтық және өзге де іс-шараларды қолдана отырып, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған сот тәртібімен қолданады, – деді Алданыш Адамбеков.
Ал, банкроттық рәсім банкроттың мүліктері есебінен талаптарын қанағаттандыру мақсатында сот тәртібі мен борышкерге қатысты жүзеге асырылады. Бұны 5 млн. теңгеден астам берешегі бар тұлғаларға және олардың сатылатын мүлкі болған кезде қолданылуы мүмкін.

Соттан тыс банкроттық рәсімі міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асады. Бұл рәсім тұрақты кірісі, берешекті өтеу мүмкіндігі жоқ тұлғалар үшін қолжетімді.

Айта кететін жайт, аталмыш рәсімнің бірін қолданбас бұрын әр азамат заң алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Және осы заң жобасы қиын қаржылық жағдайда қалған азаматтарды қолдау мақсатында әзірленгенін түсінуі керек. Яғни, жекелеген азаматтардың банкроттық рәсімін қолдану есебінен кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен жалтару осы заңмен қудаланады. Мысалы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттық рәсімін жүргізу туралы іс қозғалғанға дейін 3 жыл ішінде азамат бұрын меншік құқығында болған қандай да бір мүлікті сатып жіберсе, ондай мәмілелер осы заңның 11-і бабына сәйкес жарамсыз деп есептеледі, – деді басқарма басшысы.

Оған себеп, жасалған мәміленің құны және өзге де шартта борышкердің жағдайын нашарлататын мәмілелер болуы мүмкін. Мүлік өтеусіз, төмендетілген бағамен берілсе, уақытша пайдалану немесе борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары да жарамсыз деп танылады. Сондықтан, осы заң жобасында әдейі банкроттық деген түсінік бар. Яғни, әдейі банкроттық – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру соттан тыс және сот банкроттық рәсімдерін қолданғанға дейін 3 жыл ішінде мүлікті иеліктен шығару, жасыру немесе жою арқылы кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында азаматтың жеке мүддесі үшін жасалған әрекеттері.

Заң жобасының 11-бабында көзделген фактілерге жол берілген жағдайда азаматтардың іс-әрекеттері әдейі банкроттық ретінде қабылданады. Және осы заң жобасында борышкердің құқықтары мен міндеттері де айқындалған.

Азаматтарға заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайтынын тағы да ескертемін. Сондықтан, рәсімдердің бірін қолдану туралы қабылданған шешімді түсіну өте маңызды, – деді Алданыш Мейірханұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.