Тарих

Ұлт киесі – Ұлытау

Қазақ халқының қасиет тұтқан, аңыз-жырға қосқан, елдіктің нышанындай қараған жерлердің бірі – Ұлытау аймағы. Ол – ұлан-байтақ қазақ даласының түп кіндігі, географиялық орталығы. Қазақ елі алып Еуразия құрлығының тең ортасын ойып алып иеленіп отырғанын ескерсек, онда Ұлытау бүкіл Ұлы Даланың тірек нүктесі екенін білеміз.

Ұлытау – қатпарлы жүйесі Үлкен Қаратаумен жалғасып, 1500 километрге құлаш жайып жатқан Сарыарқа дөңдерінің негізі болып табылатын геологиялық құрылым. Ол Сібір жазығын Бетпақдаладан бөліп, Орал мен Алтай таулары жүйесін қол ұстастырып, табыстырып тұр. Бұрынғы ғылыми кітаптарда «Қырғыздың таулы аймағы», «Арал-Ертіс суларын айыратын дөң» деп аталған.

Ұлытаудан бастау алатын Үлкен және Бала Терісаққан өзендері солтүстік-батысқа құлай ағып, Обь өзенінің сағасына қосылады. Қаракеңгір және Сарыкеңгір, Жезді, Жыланды өзендері Сарысуға құяды. Сарыторғай, Қараторғай, Жыланшық, Саба, Дулығалы өзендері Торғайға қосылып, еліміздің батысындағы көлдерін кемеріне келтіріп суға қарық етеді.

Ұлытауда сонау Шыңғыс хан заманында Төле бидің бабасы Майқы би бүкіл Алаш баласына енші бөлген деген аңыз бар. Сонда Ұлытау Алаш жұртына ортақ жазғы орда болып белгіленген. Дешті Қыпшақ даласында түркі тайпаларының тобы қазақ болып бірігіп, бір ту астына жиналып, енші алысқаны туралы таңбалар қасиетті таудың төрінде – Таңбалы тасбұлақта әлі тұр.

Қаныш Сәтбаев өзінің «Доисторические памятники в Джезказганском районе» атты мақаласында былай деп жазды: «Показателем значения гор Улутау как древнего политического центра казахов является тот факт, что от Улутауских гор расходились некогда территории всех основных племен, составлявших народность «казах». Существование древнего политического центра казахов в Улутау подтверждается также имеющимся в этом районе памятниками материальной культуры».

«Көкшетау мен Ұлытау, Ордабасы,

Бірлік үшін тіл жетпес зор бағасы.

Үшеуінің Ұлытау төрінде тұр,

Елдің көне саяси астанасы», – деген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың өлең жолдары аз сөзбен үлкен ойды білдіріп тұр ғой.

Орыстың ұлы ғалымы П.Савицкий өзінің досы Л.Гумилевке жазған хатында айтқанындай: «Ұлытау сан алуан замандардан бері жалпы даму, этноөркендеу ғана емес, өшпес із қалдырған «даналардың жері» атанды».

Ұлытау өңірінде Жошы ордасының орнауы, Шыңғыс тұқымының еуразиялық саясатында ыңғайлы орталық болуы бұл өңірдің даңқын шығарып, мәртебесін паш етті. ХІІІ ғасырдан Кендіртау енді Дешті Қыпшақтың орталығы Ұлытауға айналды. Ол бірнеше жүздеген жылдар түркі-мұңғыл көшпенділерінің хандары, батырлары, ақсүйектері, дегдар топтары мекен қылған саяси-мәдени орталығы болды. Қазақ хандарының, атақты тайпа көсемдерінің мүрдесі жерленген пантеон да осы жерде.

Жошы күмбезінің төңірегіндегі қорымдарда үш жүздің іргелі нығыз тайпалары мен руларының белгілері бар. Ел қамын жеген ер Едігенің Еділ-Елек бойынан мәңгілік тыныс таппай, Ұлытаудың ұшар басына жерленуінде де үлкен мән-мағына жатыр.

Ұлытау баурайынан киіз туырлықты, ағаш уықты елдің қалың қолын бастап, Жошы ханның ұлы Бату 1235 жылы Еуропаға «жеті жылдық» соғысқа тәуекел етіп аттанған. Қазақ даласының кіндік өңірінде ХІІІ ғасырдың 1-ші жартысында Ақ Орда билеушісі Орыс хан, Алтын Орда билеушілері Едіге мен Тоқтамыс болған.

Алаш жұртының негізін қалаушы әрі билеушісі Алаша ханның сәулетті һәм айбынды күмбезі Жошы хан кесенесінен 30 шақырым жерде Кеңгір өзенінің жағасында асқақ тұр.

Бұл ұлы тұлғалар – қазақ елі тарихының алғашқы бетін ашқан, аты аңызға айналған бабаларымыз. Жошы ханның ұлық ұлысы – Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толғалы отыр. Алтын Орданың мәртебелі мерекесін атап өту кезінде тарихи тұлғаға әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанасына айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар басталғалы тұр.

Қазақ хандығын құрып, тізгінді қолға алған Керей мен Жәнібек хандар Ұлытауды жайлады. Үш жүз өкілдері Ұлытауда Тәукені ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Ұлытаудың түстік бөктерінде «Хантөбе» дейтін жерде ХІХ ғасырдың 30-жылдары игі жақсылары қазақтың соңғы ханы Кенесары батырды басы арғын Шеген би болып хан көтерген.

«Қасқа жолдың» иесі Қасым хан, кейін Абылай хан алты ай жазда ордасын Ұлытауға тігіп, қазақ елінің төрт құбыласынан туған мәселелерді қарап, сараптап, июін қандырып, не шиеленісін тарқатып отырған. Белгілі орыс капитаны Н.Рычков өзін 1771 жылы Нұралы хан Ұлытау тауының баурайындағы жазғы ордасында қабылдағанын өз күнделіктерінде жазып қалдырған.

Томирис, Еділ, ер Едіге, Шыңғысхан, Жошы хан, Кетбұқа, Ақсақ Темір, Барақ, Көшім, Әбілқайыр, Ақжол, Қазыбек, Төле, Әйтеке, Бөгенбай, Қабанбай, Шақшақ Жәнібек және тағы да басқа ұлы тұлғалардың өмір жолы Ұлытаумен байланысты.

Ұлытау исі қазаққа ортақ. Соның бірі ел есінде «Қайың сауған» атанған 1723-1725 жылдардағы қалмақтардың шапқыншылығында анық байқалды. Түркістан мен Ташкентті қол астына алған қалмақ әскері жеңіліп, жөңкіле қашқан қазақтарды өкшелей қуып, Ұлытауға бет түзеді. Қазақтар алдында өлім, одан жаманы – бодандық, не өмір, қазақ мемлекетін сақтап қалу – екінің бірін таңдау міндеті тұрды. Ел ширықты, намыс ойнады, аруақтап арқаланып, Шұбартеңізде жауға қарсы соғыс ашты. Жеңді.

Сөйтіп еуразиялық көшпенділердің екі жолбарысы 1727 жылы Ұлытаудың қақпасы Білеуті-Бұланты өңіріндегі кең жазықта өліспей бітіспес айқасқа шықты. Қазақтар қалмақтарды қынадай қырып, даланы жосадай қанға бояды. Жаудың аман қалған аз ғана бөлігі бас сауғалап кетті.

Ұлытау аман қалды, біз де аманбыз, «Алла, тәубе!» – деді үлкен-кіші.

Бұланты-Білеуті жеңісінен кейін қазақтар қалмақтармен 33 жыл соғысты. Жоңғар басқыншыларына тойтарыс берудің бүге-шігесі Ұлытау өңірінде үш жүз өкілдері қатысқан 3 жиында (1710 жылы Қарақұмда, 1729 жылы Арғанатының Балбұлағында, 1752 жылы Ұлытауда) талқыға түсті. Балбұлақтағы жиынға Әбілмансұр – кейін Абылай хан бес қаруын асынып, жал-құйрығы сүзілген, ұзындығы есік пен төрдей сары атқа мығым мініп келеді. Әбілмансұр сұлтанның 20 жасында жекпе-жекте жеңіске жетіп, «Абылайлап» жауға шауып, Абылай бабасының атын иеленген жері 1731 жылғы Ұлытау шайқасы екенін әркім біле бермейді.

Арғанатының Балбұлағындағы бірнеше күн кеңестен кейін жер қайысқан мың-мың қазақ жасақтары алдында Ақтамберді жырау атақты «Күлдір-күлдір кісінетіп…» толғауын жүрек түбіндегі сарысуын шығарып, тасқындатып, жалындатып, ақ алмастай ақтарып тастады:

«Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз,

Күдеріден бау тағып,

Қамқапты киер ме екенбіз?!

Құлаты тауға қол салып

Садақтың оғын мол салып,

Бетпақтың ең бір шөлінен

Төтелеп жүріп жол салып,

Қолды бір бастар ма екенбіз?!»

Ұшы-қиыры жоқ ұлан даланың дәл ортасынан орын тепкен Атажұрт, Анажұрт, Данажұрт – Ұлытау, сонымен қатар қазақтың қара қазанын бүлкілдеткен береке-игіліктің, несібе-ырзықтың қайырлы құт-мекені.

Ерте заманда жаз түскен бетте қазақтар мыңғырған малын айдап, Ұлытаудың баурайына ағылады. Батыс пен Шығыстан, Оңтүстік пен Солтүстіктен де келеді. Қазақ еліміздің төрт құбыласынан жиылған соң ақ шаңқан киіз үйлерін тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде ұлдарын үйлендіреді, қыздарын ұзатады, бірімен бірі құда болып тарасады. Осының өзі ұлан-ғайыр даладағы қазақтардың мәдениетіне, тілінің тазалығына, диалектілерімен шұбарланбауына, салт-дәстүрлердің бірыңғайлығына әсер етті. Былайша айтқанда, қазақ ұлтының генетикалық кодын қалыптастырды. Орыс патшасы билікті қолына алғанша Ұлытау қазақ баласының ортақ меншігі болып есептелген. Мұндай мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүрген ұлытаулықтардың кеңпейіл мінезі, бар қазақты бауырына тартуы, елге, жерге ыстық сүйіспеншілігі сүтпен дарыған ізгі қасиеттер деуге болады.

Ұлытау арқылы Ұлы Жібек жолының негізгі тармақтарының бірі – «Сарысу» немесе «Мыс жолы» өткен. VΙXΙΙ ғасырлардағы Орталық Қазақстан, соның ішінде Ұлытау өңірі биік мәдени деңгейде дамыған, қалалық тұрмысты көшпелі мал шаруашылығымен келісті байланыстырған, үлкен сауда арнасын қамтамасыз етіп, шалқыған өркениетті туғызған.

Араб географы Әбілғазының жазбаларында Ұлытау мен Кішітауда орналасқан мыс кеніштері VΙΙΙ-X ғасырларда оғыз-қыпшақтардың Ыстықкөл, Алмалық, Сайрам және Қаратау сияқты Еуразияға танымал елді мекендерінің бірі болды деп көрсетілген. Жезқазғанда тазартылмаған күмістің төрттен бірі өндірілген, мыс, қорғасын, қалайы, алтын қорытқан. Ташкенттің саудагерлері әкелген тауарларын металдарға айырбастап, мысты, күмісті барлық алыс және жақын шет елдерге тасымалдаған.

Қаныш Сәтбаев 1961 жылы көктемде Жезқазғанда өткен Қазақ ССР Ғылым академиясының сессиясын ашардағы кіріспе сөзінде «Жезқазған – адамзаттың мыс-қола мәдениетінің, металды адам тіршілігінде бірінші пайдалану мәдениетінің әлемдік бесіктерінің бірі» деп атап көрсетті.

Судай ағып, дариядай тасыған керуен легі XV ғасырдың ортасында саябырсып, бірте-бірте тоқтап қалды. Еуропалықтар теңіз жолын игерді, шаруашылық-әлеуметтік жаңа жүйеге көше бастады. Еуропа мен Азияның басын қосып, берекесін кіргізіп, байлыққа тұғыр болған ұлы жол бос қалды. Сауда тоқтаған соң қалалар азды-тозды. Жүз жылдың ішінде Орта Азия жау шауып кеткеннен бетер құлдырап, тек топырақ үйінділеріне айналды.

Осынау тарихи сәтте саяси сахнаға Қазақ хандығы шықты. Қазақ хандары ұлттық мемлекетіміздің саяси тәуелсіздігін кеңейту, елдің аумақтық жай-күйін қалпына келтіру үшін күресті. Оның аса бір мәндісі, әрі қажеттісі Сыр бойындағы қалаларды қарамағына алу болатын.

Сонау сақ заманында елбасылары қоныс еткен Ұлытау, ғұндардың жақсылары мен жайсаңдары тәу еткен Ұлытау, тоқсан екі баулы қыпшаққа алтын жұрт болған Ұлытау – қазақтардың небір орасан жеңістерінің, тарыдай шашылып жауға жем болған кездерінің, Тәуке хан кезінде кең далада береке-байлыққа малынып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған замандағы сәнді тіршіліктің куәсі.

Ұлытау – қазақ елінің құты, көз тұндырған көркі бар, ежелгі табиғат тылсымдарының бірі.

Оны Шамбала, Иерусалим, Қойлас және тағы басқалары сияқты әлемдік рухани күштер орталығы деп те айтады. Дүние жүзін топан су басқанда тек Гималай мен Тибет шыңдары, Гобидің биік қыраттары су бетінде қылтиып тұрған. Ұлытау тау жынысының гранит, базальттан тұратынының арқасында аман қалған.

Ұлытаудың ұшар биігіндегі үңгірлерде энергия ағыны, ерекше аура байқалады. Желдің соғуы да бөлек. Ол жоғарыдан төмен ұрып, ауа құйынша үйіріліп, биіктен жерге бағытталған. Таудан соққан қоңыр салқын, хош иісті, күмістей ауа Жаратқанның халқына ең қымбат сыйы тәрізді. Тау беткейіндегі мәңгі жасыл аршалар жылжып бара жатқандай көрінеді. Ақ қайындар мың бұралып, иіліп билеген ақбалтыр қыздарға ұқсайды. Таудың басында ауаны кеудеңді керіп жұта бересің, көзіңнің көруі де жақсарады, даусың саңқ-саңқ алысқа жетеді, ойың да жаңаша серпіліп, ап-анық болады.

Халық аузында Заратуштра (түрікше – Зәрдеш, грекше – Зороастр) бала кезінде Ұлытау үңгірлерінің бірінде ұйықтап жатқанда белгісіз күш оны орнынан көтеріп, шындардың ең биігіне жеткізген деген аңыз бар. Ол енді өзіне келе бергенде қараңғы түн қарс айырылып, төңірек аппақ болып, күндізгідей жайнап тұрды. Шуақты нұр Сарыарқаның ортасында шөккен нардай жатқан тұтас тауды бұрын-соңды болмаған сөзбен айтып жеткізгісіз алтын шұғылалы сәулемен шомылдырды. Осы сәтте шуақ нұрына малынған қасиетті бала құдіреті күшті Алланың нұр сипатын көреді. Жаратқан ием Зәрдешке адам баласын жақсылық, тек қана жақсылыққа бастауды жүктеп, аян береді.

Таудың ең биігінде Ақмешіт әулиенің бейіті бар. Құлаған ескі монастырдың немесе Этли монастырының орны жатыр. Бір ғажайыбы үй орнындай үңгір кісіге жайлы, жылдың төрт мезгілінде бірқалыпты температураны ұстап тұрады. Бұл жерге тәу етуге ағылған адамдар қысы-жазы тыным алмайды.

Ұлытауға Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы 15 қыркүйекте келді.

– Еліміз тәуелсіз болып, өз Туымызды, Әнұранымызды бекітіп жатырмыз. Құдайға шүкір, жүз елуден артық мемлекет Қазақстанды, қазақ ұлтын танып, қанатымыз кеңінен жайылып, елдігімізді білдіріп жатырмыз. Ә дегенде шашылып жатқан қазақтың басын құрау үшін бүкіл дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. Өздеріңіз білесіздер, мені сол құрылтайдың басшысы етіп сайлаған болатын. Содан бері, мінеки, біраз уақыт өтті, амандық болса биыл Тәуелсіздіктің екінші жылын атап өтеміз, – деп бастады сөзін ол Ұлытаудың баурайында мыңдаған адам қатынасқан үлкен жиында.

«Саяси тәуелсіздігіміз бар, енді аяғымыздан нық тұрып, нағыз тәуелсіз мемлекет болуға біраз жылдар керек. Біраз еңбек керек. Асығып-саспау керек», – деп әңгімесін бір түйіндеген Президент.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында осынау дала төсіндегі көне де қасиетті Ұлытауда Бірлік монументін орнату жөнінде бәтуа жасалған.

Нұрсұлтан Назарбаев монумент орнатылатын белгітас жанында тұрып, мынадай маңызды мәлімдеме жасады: «Біз баяғы өткен ғасырдағы, оның ар жағындығыдай ру-руға, жүз-жүзге бөлініп, әр ауыл өз батырын сайлаған бәледен құтылуымыз керек. Елдің басы бірікпесе, быт-шыт болып кетеміз. Онда көлденең көк атты келеді де, басқара береді. Солай болған. Менің замандастарым, үлкен ағалар мен аталарымыз ұрпақты тәрбиелегенде бірлікке, Отанын сүюге, халықты сүюге, халыққа аянбай қызмет етуге тәрбиелеуі керек».

Елбасы 1994 жылғы 3 қарашада Жезді кентіндегі тау-кен және мыс балқыту ісі тарихы мұражайында болды. Мұражай жәдігерлерімен байыпты түрде бір сағаттан аса танысқан. Ол көне замандағы қарабайыр пеште мыс балқымасын алып, балға құйып шығарды. Риза сезімін өз қолымен жазып қалдырды. Ағылған ойдың түйіні «қазақ елінің өндіріс атасы болып саналатын Жезді өңірінің тарихы келер ұрпақтың есінде сақталуы керек» деген арнаға тоғысты.

Тәуелсіздік жылдары аймақтың біртұтас тарихи-мәдени кешені Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі, М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі, академик Қ.Сәтбаевтың музей-үйі қалыптасты.

Жаңа тірліктің көрінісі ретіндегі мысалдар көп. Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы Жезқазған облысында кеңшарлар таратылып, жекешелендіру жедел жүрді. Республикада бірінші болып ұлытаулықтар маңдай терлерінің пайдасын көрді. Тараған кеңшарлардың төрт түлік малына, қора-қопсысына, жайылымы мен шабындықтарына, техникасы мен егістіктеріне ие болды.

2014 жылы тамызда «Жезқазған-­Бейнеу», «Шұбаркөл-Арқалық» темір­­жолдарында поезд қатынасы басталды. «Бұл әнім бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жол Кеңес кезінде қалыптасқан қасаң тәртіппен тек оңтүстіктен солтүстікке қарай бет түзеген жоқ, керісінше, шығыстан батысқа бет алды. Ел ішінде теміржол пайда болды, аймақтардың өзара қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік туды. Жезқазған Арқалықпен теміржол қатынасын орнатты. Сайып келгенде, академик Қаныш Сәтбаев армандаған жаңа теміржол Үлкен Жезқазғанның орбитасына Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігін тартуға жағдай жасайды. Әрірек Аралдың шығысындағы минералдық және жер ресуртарына, мұнай, газ, қорғасын, мырыш, тағы басқа кен байлықтарына қол жеткелі тұр.

Басы ашық басқа игіліктердің бір-екеуін айтайын. Жер астындағы мысы алынып, жері құзданып құлап, ел көшіп, елегізіп отырған Жезқазған кенішіндегі алты мыңдай жан үш-төрт жылда Сәтбаев қаласына көшірілді. Отыз-қырық жыл тұрған ескі үйлерінен көшкен ағайындарға бірнеше бөлмелі сыры кеппеген коттедждер, қалауына қарай көпқабатты үйлерден пәтерлер берілді. Енді жер астындағы металға бай кен алына бастайды.

Геологиялық барлау жұмысы өрістеді, сарапшылар мыс қоры 40-45 жыл емес, одан да әріге жетеді деген пікір айтады.

Соңғы үш жылда Жезқазғанда экономикалық, әлеуметтік және рухани-мәдени өмірде соны жаңалықтарға куә болып отырмыз. Өткен жылы мыс зауытының тоқтап тұрған екінші пеші қайта жұмыс істей бастады. «Жалтырбұлақ» алтын кен орыны пайдалануға берілді. Адамдардың өмір сапасы іс-әрекетіміздің басты көрсеткіші болды. 4 жыл үзілістен кейін 2018 жылы бюджет есебінен көппәтерлі үй салынды, жүзден астам жезқазғандық коммуникациясы тартылған жерге жекеменшік үйлерін тұрғызды. Іске қосылған тұрғын үй көлемі 2015 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Көпбалалы аналардың, жалғызбасты, тұрмысы төмен кісілердің күйі оңалып келеді. Жезқазғандықтардың қаланың, ырысты өлкенің болашағына сенімі қайта оралды. Туған бала саны көбейді. Тұрғындар саны артуда.

Ұлытауда болғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына, әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс» деп бекемдеп айтты.

Келешекте күтіп тұрған жоспар көп. Басты міндет Ұлытауды туристік орталыққа айналдыру болып тұрғанда ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын өрістету, бейтаныс кәсіпке және әрекетке бейімдеу, демалыс, дене тәрбиесі, қоғамдық тамақтандыру, туризм саласындағы кадрлар дайындауды жеделдете жүргізу керек болады. Атқарылып жатқан істер де бар. Ұлытау селосы ерекше рең алып, ажарланып келеді. Туризм және бизнес орталығы салынуда. Жаңадан салынған Хандар алаңы, «Таңбалы тас» мәдениет және демалыс бағы, Алаш арыстары аллеясы, «Салтанат» эстрада алаңы, қазақтың тұңғыш кәсіпқой әскери ұшқышы Серікбай Асатовтың бюсті және басқалары – соңғы 4-5 жылда пайда болған құндылықтар. Рухани жаңғыру заманында «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясы жарық көрді. Яғни, сөз артынан іс келді.

Біз бәрінің тезірек болғанын тәуір көреміз. Ол – аспаннан түсетін құймақ емес. Ол күндерді жақындату барлығымыздан әлемдік үлгідегі ой-әрекетті, өнімді еңбекті, намыс пен рух биіктігін талап етеді.

Келешегіміз кәміл. Ел іске кірісті.

Нәтижесі қомақты боларына сенеміз.

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,

Ұлытау ауданының,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button