Жаңалықтар

Жандос СӘРСЕНОВ: “Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру – маңызды”

Мемлекеттің беделі мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты. Демек, бәсекеге қабілетті, бастамашыл, сын тұрғысынан ойлай алатын қызметшісі болған елдің ғана тасы өрге домаламақ. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс» деп айтқан болатын. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенов те басшылық қызметінде осы қағиданы ұстанады…

 

  • Жандос Шерәліұлы, елімізде қабылданып жатқан әр түрлі бағдарламалардың табысты болуы – мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Демек, әуелі қызметшілердің біліктілігімен қатар, әл-ауқаттарын да арттыру қажет қой?

– Әрине, елімізде қабылданатын бағдарламалардың тиімділігі, әуел бастағы көздеген мақсатына жетуі – әр мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Егер мемлекеттік қызметке, мемлекетке, жалпы, халыққа деген жанашырлығы болмаса, кез келген бағдарламаның сәтсіз аяқтаулы мүмкін. Бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанымен, онымен жұмыс жасайтын қызметкерлердің біліктілігі үлкен роль атқармақ. Сол себепті, елімізде кәсібилендіру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде.

  • Ал, мемлекеттік қызметшінің әл-ауқаты ше?

– Әрине, осы орайда мемлекеттік қызметшілердің жағдайын жақсарту мақсатында жаңа еңбекақы жүйесі енгізілуде. Бұған дейін олардың арасында мәртебелеріне қарай қандай да бір теңсіздіктер болды. Мәселен, министрліктердің бюджеті үлкен әрі санаттарының басқа болуынан айлықтары да әр түрлі. Сондай-ақ, олардың өздерінің қызметкерлеріне сыйақы беру мүмкіндіктері де бар. Осының барлығы табыстағы үлкен айырмашылыққа алып келді. Бұның кадр тұрақтамауына әсері бар. Ал, жаңа еңбекақы жүйесі бойынша әр мемлекеттік қызметші өзінің істеген жұмысының нәтижесіне қарай жылына бір рет жыл соңында бонус алады. Тіпті, жұмыс жасауды талап ету қажеттілігі де болмай қалды. Әр қызметкер өзіне тапсырылған жұмысты орындауға мүдделі. Жұмыс сапалы жүрмесе, тапсырма орындалмаса, жыл соңындағы бонустан қағылады. Жауапкершілікке тартылса, оның да бонусқа әсері бар.

  • Жалақының өсуі кадр тұрақтылығына әкеледі дейсіз ғой…

– Кадр тұрақталуымен қатар, оған мемлекеттік қызметшілердің өздерінің де көзқарастарының өзгеруі әсер етті деген ойдамын. Себебі, жеке сектормен салыстырғанда бұл жерде тұрақтылық бар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте әр қызметкердің өзінің атқарған еңбегіне қарай өсу мүмкіндігі де бар. Яғни, меритократия бар. Өсу мүмкіндігі бар екенін көзі жеткен адам, әрине, өз орнында қалуға тырысады. Жұмыс тұрақты, жалақы тұрақты, құқығы қорғалған. Айлығының өзі өсіп жатса, жыл бойғы жоспарын орындағаны үшін жыл соңында бонус алатынына сенімді болса, аудандағы, ауылдағы қызметшілердің өздері орындарында қалуға мүдделі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еңбегіне қарай еңбекақы төлейтін жүйені енгізу қажеттігін тапсырды. Осының өзі мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыра түсуде.

  • Жаңа еңбекақы жүйесі осы қызметке келемін деушілер арасындағы бәсекелестікті де арттырған болар?

– Қызығушылық танытушылар саны көп деп айтуға әлі ертерек. Мемлекеттік аппаратты әлі де кәсібилендіру, тартымды ету керек. Оның бір жолы – еңбекақы жүйесін енгізу болса, агенттігімізде жаңа еңбекақы жүйесі енгізілгеннен кейін, конкурсқа қатысушылар, мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келгендер саны 10 есеге дейін артқаны рас. Тіпті, жеке секторда басшылық қызмет атқаратындардың өзі бізге келуге мүдделі. Таңдау барда іріктеу, таза бәсекелестік болады. Білікті маман жақсы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға мүмкіндік береді.

  • Өзіңіз үшін бұл қызмет несімен тартымды?

– Мен үшін ең бірінші – тұрақтылық. Мемлекеттік қызметте 20 жыл тәжірибем бар. Осы уақыт аралығында мансабым өсті, талай жетістіктерге жеттім. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқанымда, өзіммен бірге жұмыс істейтіндердің көпшілігі қызыл дипломмен бітіргендер екен. Біраздан кейін, қызыл дипломның өзі аздық ететініне көзім жетті. Мемлекеттік қызметші бәсекеге қабілетті, бастамашыл әрі стратегиялық, сын тұрғысынан ойлау қабілеттері болмаса ол мансаптық өсуге де қабілетсіз. Яғни, өз-өзіңді дамыту үшін, бәсекеге қабілетті болу үшін шетелде білім алу қажет. Шетелде мемлекеттік басқару бойынша білім алдым. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы қызметіне келгеніме жеті жылға шамаласты. Бұған дейін де біраз жерде басшылық қызметтер атқардым. Осының өзі – меритократия. Мәселен, осы жылдар ішінде агенттіктің төрағасы талай ауысқанымен, бізде тұрақтылық сақталған. Еңбегіне қарай өтемі. Оны әр мемлекеттік қызметші дұрыс түсінуі керек.

  • Үстеліңізден Абайдың қара сөздерін көрдік…

– Абайдың сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Агенттігімізде кітап оқу үрдіске айналған. Кейде қызметкерлерге Абайдың сөздерін оқып келуге тапсырма беремін. Кейін бәріміз осы турасында талқылап, әркім өз пікірін айтады. Н.Гоголь атындағы кітапханасымен де келісіміміз бар. Апта сайын қазақ жазушыларының кітаптарын алдырып отырамыз. Өзім де жыл сайын 15 кітаптан оқып отыруды мақсат еттім. Әрине, олардың қатарында қазақ жазушылары ғана емес, шетелдік әдебиеттер де бар. Осы арқылы өзіміздің білімімізді арттырып қана қоймай, балаларымызға да үлгі боламыз. Олардың бойында елімізге, жерімізге деген патриоттық сезімді нығайтып, сол арқылы жемқорлықсыз қоғам құруға ұмтыламыз.

  • Демек, тәрбиені өзімізден емес, бала кезден бастау керек дейсіз ғой…

– Иә. Мәселен, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының пайымдауынша, өзгерісті баладан, мектептен бастау керек. Сол кезден бастап тазалыққа, әдептілікке үйренеді. Бізде мектептерімізде «Адал ұрпақ» ұйымы болғанымен, ондай дәрістер оқылмайды. Жастайынан адалдықты санасына сіңіріп өскен бала 18 жасқа толғанда азаматтық ұстанымы бар азамат болып өседі.

  • Ал, еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы шетелдіктердің пікірі қандай?

– Дүниежүзілік банктың тиімді үкіметтік бағыты бағамында еліміздегі мемлекеттік қызмет 154-ші орыннан 102-ші орынға ауысты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағасы да жақсы. ТМД және Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда біз әлдеқайда озықпыз. Бұл – халықаралық ұйымдардың берген бағасы. Оған еліміздегі меритократия, мемлекеттік қызметке конкурс арқылы өту, сондай-ақ трансформациялық өзгерістер жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button