АймақБас тақырып

Талды төрінде ұлы дала мұрасы қайта жаңғырды

Бүгін Қарағанды облысындағы «Талды» тарихи-археологиялық паркінде халықаралық деңгейдегі ғылыми симпозиум өтті. Басқосуда отандық және шетелдік ғалымдар Ұлы даланың тарихи мұрасын зерттеу, сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу мәселелерін талқылады.

Суреттер Мәдениет басқармасынан

Конференция өтетін орын ретінде «Талды» паркінің таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда өңірдегі танымал ескерткіштердің бірі – қола дәуіріне жататын бірегей археологиялық нысан Қаражартас пирамидасы орналасқан. Ғалымдар «Талды» кешенін Ұлы даланың бай тарихы мен мәдени мұрасын айғақтайтын маңызды ескерткіштердің бірі деп санайды.

Симпозиумның ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қазіргі заманда тарихи ескерткішті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірімізді қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Алайда біздің кім екенімізді және тамырымыздың қайдан бастау алатынын түсінуге тек тарих көмектеседі. Өз өткенін ұмытпаған халық өзінің болмысын сақтап қалады. Егер Мысыр пирамидалары Ніл аңғары өркениетінің символына айналса, Сарыарқадағы сақ қорғандары Ұлы дала өркениетінің ауқымы мен тереңдігін әлемге танытты, – деді ол.

Форум барысында көшпелі өркениеттің тарихы, археологиялық ескерткіштерді сақтау және зерттеудің заманауи тәсілдері кеңінен сөз болды.

Мамандар Ұлы даланың мәдени мұрасы тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің құнды қазынасы екенін атап өтті.

Шараның ашылу салтанатында сөйлеген спикерлер тарихи жадымызды сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында бірнеше меморандумға қол қойылып, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды.

Симпозиум аясында өңір музейлерінің көрмелері ұйымдастырылып, келушілерге көне жәдігерлер мен тарихи құндылықтар таныстырылды. Қолөнер шеберлерінің туындылары мен ұлттық дәстүрді дәріптеген мәдени шаралар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Әсіресе, садақ атудан өткен сайыс қонақтарға көшпелі мәдениеттің ерекшелігін жақыннан сезінуге мүмкіндік берді.

Ғылыми секцияларда археология, антропология және көне дәуірлерді зерттеудің жаңа әдістері талқыланып, мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Талды төрінде өткен халықаралық симпозиум Ұлы даланың бай мұрасын тереңірек тануға жол ашты.

Ғалымдардың пікір алмасуы мен жаңа серіктестіктердің орнауы тарихи-мәдени құндылықтарды зерттеу ісіне тың серпін беріп, Қазақстанның археологиялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік жасады.

Аяжан АЙДЫНҚЫЗЫ
ҚарҰЗУ-дың  II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button