Жақсының жарқын бейнесі

Зымырап өтіп жатқан қайран уақыт десеңізші?! Міне, әріптес ініміз Кәрім Тілеубергеновтің дүниеден озғанына да 38 жыл болыпты. Бүкіл болмысымен, жан дүниесімен жақсылық пен ізгілікті ұстанған, бауырмал, ақкөңіл жан еді. Адамды жақын тартып тұратын қасиеті бар еді. Үнемі үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсетуден бірде-бір рет ауытқығанын көрген емеспін. Күнбе-күнгі тіршілікте, қат-қабат жұмыста қандай қиыншылықтар кездессе де, өзінің адамгершілік, кішіпейіл қасиеттерін сертке таққан семсердей қалтқысыз ұстап, ақжарма пейілінен, сабырлы қалпынан айныған жоқ. Аудан активінің санатында ерекшеленіп тұратын абзал азаматтың бейнесі толыққанды болып шығуы үшін аудан жағдайымен байланыстыра отырып баяндасақ.

…Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында еліміздің экономикасы өзінің даму қарқынын бір мезгіл жоғалтып алды. Оған себеп, экономиканы басқарудағы жіберілген кемшіліктер болатын. Әсіресе, ауыл шаруашылығы аумақтық бөліністерге түсті де, өзіндік аумақтық бірлестіктер пайда болды, бей-берекеттік орын алды, олар бір-біріне бағынбай, әрқайсысы жеке тірлік жасады. Осыдан соң, божырап бара жатқан жағдайды байыппен саралап, шаруашылықтарды тік тұрғызу қажеттігі туындады.

Шет өңірі Ақтоғай ауданына қарап кеткен болатын. Мәртебесін қайыра қайтарған Шет ауданы орталығын белгілеп, шаруашылықтардың дамуын бір қалыпқа түсіру қажет болды. Өндірістік аудан орталығы Ақшатау кенті болатын, енді қай елді мекенді аудан орталығы ету жөнінде бірқатар әңгіме болды. Ақыр соңында географиялық орналасуы жағынан, экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлылығы ескеріліп, Шет ауданының орталығы болып Ақсу-Аюлы белгіленді.

Шаруашылық басшыларының оң қолы парторгтар десек, партия ұйымдарының сондай парасатты жетекшілерінің санатында Мақан Есмағанбетов, Кәрім Тілеубергенов, Өкен Жуасбаев, Мақай Күлейменов, Әбікен Манабаев есімдерін атап өту ләзім.

Мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде аудандағы шаруашылықтарды көріп шыққаннан кейін, шұғыл актив жинадық, жаңа міндеттер белгіленді. Аудан шаруашылықтары негізінен мал шаруашылығын өсіруге бейімделген. Ал, мал басын өсірудегі алғашқы мәселе – мал азығын қамдау болатын. Міне, осыған баса назар аударылды. Шаруашылықтар механизация мен мелиорацияға баса көңіл бөле бастады. Жаңа кеңшарлар құрылды. Олардың алдында үлкен мәселелерді шешу тұрды. Халықты азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету керек болды. Шаруашылықтарды мамандандыру, яғни, белгілі бір салаға бейімдеу қажеттігін сезініп, жүзеге асыра бастадық. Ауыл шаруашылығын жүргізудің тәуекелді деп аталатын аймағында ораласқан кеңшарлар мүмкіндіктеріне қарай қолдан суаруды тәжірибеге енгізе бастады. Жердің балл бонитетінің төмендігін, жауын-шашын аз түсетіндігін ескере отырып, суармалы шаруашылықты көтердік. «Красная поляна» асыл тұқымды шаруашылығында «Бекет» су қоймасы салынса, «Просторный» асыл тұқымды мал өсіретін кеңшарында «Батық», «Ақсу» бөлімшелеріндегі үлкенді-кішілі су қоймалары мол жетістіктің бастауы болды. «Нұраталды» кеңшарында он екі шақырым жерде «Тұматай» су қоймасы, С.Орджоникидзе атындағы шаруашылықта «Манақа», сол сияқты «Көктіңкөлі», «Босаға» шаруашылықтарында да суармалы тәсілге мән беріліп, оның жақсы нәтижесі де кешікпей өз жемісін бере бастады. Аудан көлемінде суармалы жерлердің көлемі айтарлықтай ұлғайды. Жер-жерлерде «ДДА-100», «Волжанка», «Фрегат» деп аталатын механизмдер іске қосылып, ғылымның жетістіктері қолданылып, еңбек өнімділігі айтарлықтай өсті. Бұл өз кезегінде жаңашылдыққа жол ашты. Жаңа техникамен қамтамасыз ету, оларды шебер меңгерген кадр дайындау деген сияқты толып жатқан кейінге қалдыруды көтермейтін мәселелер андыздап алдан шықты. Көбіне-көп шаруашылықтардың рентабельділігі төмен, таза пайдамен шығатын асыл тұқымды мал өсіретін «Просторный», «Красная поляна» сияқты кеңшарлар қатарына «Нұраталды» да ілігіп, бірақ жүйелі жұмыс көрсете алмай жүрген болатын.

Жаңадан тағайындалған директор И.Морозов өзінің талап қоя білетін, шаруашылық жайын терең түсінетін маман екендігін дәлелдеп, кеңшардың экономикасы алға баса бастады. Тек мінезі дөрекі, адамдармен жұмыс ұйымдастыру, олардың тілін таба білу, мұқтаждықтарына қарасу – оның әлсіз жері болатын. Міне, осындай өзімбілемдігі мол, кеудемсоқ басшыға жөн сілтейтін, экономикадан да, саясаттан да, партия талабын ұқтырудан да кем соқпайтын, адамдардың тілін таба білетін партия жетекшісі қажет болды. Шаруашылықтың өрге басуының бірден-бір кепілі адамдармен жанды жұмыс ұйымдастыру болатын.

Ондай адам – партия, совет қызметінде шыңдалған, шаруашылыққа ысылған, халықтың ішінен шыққан – Кәрім Тілеубергенов лайық деп, таңдау осы азаматқа түсті.

Кәрім Тілеубергенов 1927 жылғы 18 қазанда туған. Еңбек жолын соғыс жылдары жасөспірім кезінде бастаған, мал бақты, колхоздың есепшісі, аудандық соттың хатшысы болып еңбек еткен. 1947 жылдан партия мүшесі.

Қарағанды совет-партия мектебінде 1959-1961 жылдары оқып, агроном мамандығын алған. Мұның алдында 7 жылдай аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болып істеген, оқуын бітіріп келген соң, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған.

1961 жылдың күзінен К.Маркс атындағы колхоз басқармасының төрағасы, кейінірек шаруашылық «Ақшатау» совхозы болып қайта құрылғанда партком хатшысы болып 1968 жылдың күзіне дейін еңбек етті.

Адамгершілігі мол, жаны таза, бекзат болмысты адам болатын. Маңайындағыларды білімдарлығымен, арлылығымен, жан баурар шыншылдығымен тәнті ететін.

Бағыныштыларын, жасы үлкен-кішіні Алла берген азаматтығымен, кішіпейілдігімен, асқан жауапкершілігімен бірге талапшылдығымен, ұстанған принципіне адалдығымен, жүріс-тұрысымен, мінез байлығымен тәрбиелейтін.

Ұстанған бағытымыз дұрыс болып шықты, директормен тең дәрежеде сөйлесе алатын, иық тірестіріп қат-қабат мәселелерді бірге шеше алатын партия ұйымының хатшысы ретінде Кәкең өз орнын тапты. Күткеніміздей шаруашылық өрлей бастады. Мұның бәріне кеңшардағы адамдарды ең басты байлық ретінде бағалап, олардың пікірлерімен санаса отырып, шешім қабылдау, көтермелеу шараларын жүзеге асыру арқасында қол жеткізілді. Кадрларды дайындауға партия комитеті зор көңіл бөлді. Жан-жақты дайындалған, білімді кадрлар легі осы «Нұраталдыда» өсіп шықты. Кәрім Тілеубергеновтің тікелей ұсынысымен бірқатар азаматтар жоғарғы жұмыстарға жолдама алды. Оның ішінде кеңшар директорлары, партком хатшылары, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары көптеп саналатын.

Шаруашылықтың техникалық әлеуеті таң қаларлық деңгейге көтерілді. Тек бір «Нұраталды» кеңшарында 20-25 «К-700», «К-701» алып тракторлары болатын.

Шаруашылықтың рентабельділігі 68-70 пайызға дейін көтерілді. Жылды 2-2,5, кей жақсы жылдары 3 млн. сомға дейін таза пайдамен аяқтап жүрді.

Әр түрлі халық өкілдерінен тұратын үлкен ұжым саналы да, сапалы еңбек ете бастады. Ең бастысы, адамдар партияның жетекші роліне көз жеткізіп, жұмыс жүйелі қалыпқа түсті.

«Нұраталды» кеңшарының «алтын» кезеңі осы екі адамның атымен тікелей байланысты. Тіл табысқан қос басшы шаруашылықты үлкен табыстарға жетеледі. Осы кезде көптеген еңбек адамдарының аудан көлемінде аттары шықты. Сауыншылар Ынтық Бәстенова, Эмма Вальтер, Дәметкен Разақова, механизаторлар Амангелді Исин, Ақыш Тұрсанин, жүргізуші Әбдрахман Жолдасбаев, бесаспап маман Давид Пеннер, токарь Федор Дирксен тағы басқалары тиісті марапаттарға ие болды.

Қазақстан 1972 жылы Отан қоймасына миллиард пұт астық тапсырды. «Нұраталды» совхозы мемлекетке бір миллион пұттан астам астық өткізіп, еңбек көшін бастады. «Нұраталды», «Просторный», «Красная поляна», «Бұрма» кеңшарлары ауыспалы Қызыл Туды бірінен бірі кезектесіп алып, аудан облыстың ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін негізгі аймаққа айналды.

Осындай жетістіктер тек Кәрім Тілеубергенов сияқты ұйымдастыру қабілеті зор, адамдарды үлкен биікке жетелей алатын партия жетекшілерінің күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбектенгендерінің арқасында мүмкін болды.

Жанқияр еңбегі үшін тиісті марапаттар алды, бірақ тоқмейілсіп, тоқырап қалу болған емес. Кәрім Тілеубергенов партия қызметкері ретінде үнемі өсу үстінде болды. Бүкіл білімі мен қабілетін кадрларды іріктеп, оларды орналастыруға, сол арқылы шаруашылық экономикасының өрлеуіне, салаларды жаңа даму деңгейіне көтеріп, ішкі байланыстарды нығайтуға күш салған, оны жүзеге асыра білген Кәкең қандай қошеметке болсын лайық еді. Сол себепті партком хатшысы Кәрім Тілеубергенов аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Өз ортасынан дараланып шыққан азамат бұл құрметке әбден лайық болатын. Бұл биікке Кәрім Тілеубергенұлы өзінің талмай еткен еңбегінің нәтижесінде жетті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демей ме? Бүкіл ауданда партия жетекшілерінің ішінде мінез-құлқымен де, қарапайымдылығымен де, адамгершілігімен де, білімімен де оқшау тұратын үлкен азамат туралы жүректің түкпіріндегі бір сыр осы еді.

Мен естелігімді ұрпағының қайғысын қозғау үшін емес, қайраттарын жанып, қолдау үшін айтып отырмын. Ежелгі әдетім, қазақтың би-шешендерінің айтқан сөздеріне көз жүгіртіп отырамын. Бөлтірік шешен қырғыз билеушісінің баласы қайтыс болғанда: «Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес. Ақсүйекке оқ тисе, көршісіне сездірмес… Әлімдердің ақ сөзі өлгеніңді тірілтіп, өшкеніңді жандырар, Дос көтерер өлімді, бекем бу, төрем, беліңді!», – деп көңіл айтыпты. Адамның қайғысын бөлісу қазақ қоғамында ертеден келе жатқан рәуішті рәсім ғой. «Дос көтерер өлімді» деп қалай дәл тауып айтқан, ұрпағы Кәрімнің 90 жасқа толар жылы берілетін асы мен оны білетін жандардың естелік кітабын шығару арқылы есімі мен ісін мәңгілік етуге талаптанып жатқан көрінеді. Иә, ізің ісіңмен қалады. Кәкеңнің соңында қандай іс қалдырғанын көзкөргендер жеріне жеткізе айтып бағады деп кәміл сенемін.

Кәмали ДҮЙСЕНБЕКОВ,

Ұлы Отан соғысы және

еңбек ардагері,

«Даңқ» орденінің толық кавалері,

Қарағанды қаласының,

Шет ауданының

Құрметті азаматы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.