Жаңа форматтағы сауда — уақыт талабы

Қарағанды облысының даму әлеуеті зор. Аймақта бизнестің белсенділігі жоғары. Он айда тіркелген әрекеттегі шағын және орта бизнестің саны 12 пайызға көбейген. Бұл туралы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевке бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуде мәлімделді.

Жалпы, 10 айдың көрсеткіші облыс экономикасының сауда айналымындағы үлес 10 пайызға өскенін көрсетеді. Бизнесте облыс тұрғындарының 42 пайызы, яғни, 220 мың адам еңбек етеді. Кездесуде айтылғандар алдағы уақытта ескеріліп, бизнестің дамуына, жалпы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға ықпал етуі тиіс. Осы орайда вице-министр министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Сауда және интреграция мәселесі, баршаңызға мәлім, қазіргі таңда күрделі жағдайды өткеріп отыр. Әуелі пандемия, ендігі кезекте геосаяси ушығулар орын алып жатыр. Мұның бәрі сауда-саттық легіне ықпал етеді. Негізгі кілттік сауда бағыттары қиындықтарға тап келгені аян. Ол – Еуропа-Ресей, АҚШ-Қытай бағыттары. Бұл екі белдеу сауданың басым бөлігін алады. Осыған байланысты біздің алдымызда уақыт талаптарын ескеріп, балама жолдарды іздеу міндеті тұр. Тауарларымыздың экспортқа кедергісіз шығып, импорттың түсуін қадағалауымыз қажет. Бұның басымдық иеленген бірқатар елдермен ірі сауда байланыстарды ұйымдастыруға да қатысы бар. Мәселен, 2025 жылға дейін елдегі шикізаттық емес экспорт көлемі 41 млрд.долларды құрауы тиіс. Бұл орайда біздің сауда-саттықтағы серіктестердің ондығында бірінші кезекте Еуропа, Ресей, Қытай, алыс және жақын шетелдер – Өзбекстан, Түркия, Иран елдері бар, – дейді Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар, вице-министр азық-түлік қауіпсіздігі мен оның тапшылығын болдырмаудың да қазіргі таңда өзекті екен атап айтты.

— Маусымаралық кезеңде біз тауарлық инвентаризация жасауға тиіспіз. Бағаны түсіру үшін оның кем дегенде қолда 30 пайыз қоры болуы керек. Ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алудың тәсілдерін қарастырып, несие құралдарына қолжетімділік қамтамасыз етілуі керек.

Сонымен қатар, сауданың заманауи форматын дамыту да тұр күн тәртібінде, – деді Арман Шаққалиев.

Заманауи форматтағы сауда-саттықтың үлесі елде 31 пайыз. Басқа елдерде көрсеткіш 85 пайызға дейін екен. Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 70 пайызға жетуді көздейді.

– Қарағанды облысында заманауи форматтағы сауданың үлесі 45 пайыз. «Global City» көтерме-бөлшек сауда орталығын көрдік. Бұл – орталық заманға сай, азық-түліктің сапасы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Негізі, қоймаларда азық-түлікті сақтауда оның технологиясы қатаң қолданылуы шарт. Әйтпесе, азық-түліктің 40 пайызы жарамсызданып, күйіп кетуі мүмкін. Біз бүгін Қарағандының қоймаларда азық-түлік сақтау тәжірибесін өзге өңірлерге ұсынуға келісімге келдік. Әрбір облыс орталығында дәл осындай қуатты 2-3 көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылуы тиіс. Бұл қоймалар «А» сыныпты.

Ішкі нарықты сақтау — маңызды. Бұл – біздің министрліктің міндетінің бірі. Жүргізілген талдаулар Қазақстанның импортқа жұмсайтын қаржысы АҚШ-пен пара-пар екенін көрсетті. Алайда, штаттар секілді бай мемлекет емеспіз. Өзбекстан, Түркия елдері өз өнімдерін тұтыну арқылы 80 пайыз қаржатын ел ішінде қалдырады, – деді Арман Шаққалиев.

Кездесу барысында кәсіпкер Төлеген Әшімов құрылыс саласындағы үйдің қымбаттығы құрылыс материалдарына байланысты екенін атап, Ресейден келетін құны удай бөренелерді жеткізу туралы айтты. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, баспанадағы негізгі баға құраушы фактор – құрылыс материалдары. Ол үй құнының – 70 пайызы.

– Мысалы, мемлекеттік құрылыста бөренеге 60 мың теңге салынса, біз Ресейден кемі 140 мың теңгеден аламыз. Осы арада неге ресейлік бизнесмендермен, өндірістермен бүтін бөренені сату туралы келісім жасамасқа? Егер бүтіндей сатса, ағаш өңдеу ілгерілеп, ішкі нарықта бағаны бақылауға қандай да бір септігі тиер еді. Бұл – тұрғын үй бағасын арзандатады. Мен мысалы үшін бір ғана құрылыс материалы желісін атадым. Меніңше, Ресей өндірушілерімен келісімге келуге мүмкіндік бар, – дейді Төлеген Әшімов.

Вице-министр бұл орайда Қазақстан үшін квота бөлінгенін, дегенмен, бүгінде оны шығарып әкеліп, жеткізуде қиындықтар барын атады.

– Келесі аптада Орынборда кездесу өтеді. Сонда министр бұл мәселені көтереді, – деді Арман Шаққалиев.

Саран қаласының бизнесмені Владимир Алексеров банк жүйесіндегі кедергілердің бизнес тынысын ашуға кедергі келтіретіндігіне шағымданды.

– Біздің компания 10 жылдан бері жұмыс істейді. Тақыр жерден бизнес бастап, 150 жұмыс орнын аштық. Үш бағытта 550 тауар түрін шығарамыз. Өмірімізде, 10 жылда бірінші рет несие рәсімдеуге тырыстық. Бір жылдан бері сол несиені ала алмай келеміз. Қажет кезінде банктерден несие алу мүмкін емес. Сондықтан да несие берудің қатаң түрде реттелуін сұраймыз. Қазіргі күнде банк коммерциялық құрылым ретінде өздерінің шарттарын ұсынып отыр. Ресейде банктер өндірістің соңынан жүгірсе, бізде керісінше, өндіріс орындары банктердің соңынан жүреді, – дейді кәсіпкер.

Ұн комбинатының басшысы Дос-Мұқасан Тәукебаев ұнды экспорттаудағы кедергілерді жою туралы ұсыныстарын жеткізді. Қосымша құн төлеуге, экспорттауға қатысты көлік шығындарын субсидиялауға, бидай экспортына шектеу қоюға, теміржол тасымалындағы вагондардың жетіспеушілігіне қатысты мәселелер көтерілді.

Өз кезегінде Арман Шаққалиев айтылған ұсыныс-тілектерге толығымен жауап берді. Сондай-ақ айтылғанның ешбірі ескерусіз қалмайтынына сендірді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz