Спорт

Ардагерлер олжалы

Алматыда грек-рим күресінен «Аrdagerler alany» Халықаралық турнир өткен болатын. Сол бәсекеде облыс атынан бес балуан сынға түсіп, оның екеуі жүлдемен оралды. 88 келіде бағын сынаған Андрей Самохин чемпион атанса, 97 келіде белдескен Данияр Нарикбаев қола жүлдеге қол жеткізді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Айта кетейік, аталған турнирге Қырғызстан, Ресей, Ақш, Грузия және Эстония мемлекетінің кіл мықты балуандары келген. Солардың қатарында 88 келі салмақта 40-45 жас аралығында В дивизионында сынға түскен Андрей Самохин қарсылас шақ келтірмеді. Жерлесіміз Андрей – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы. Тәжірибесі толысқан ардагер бүгінде осындай турнирлерде қара үзіп жүр. Ал, ересектер арасында сынға түскен 97 келі салмақта Данияр Нарикбаев соңғы сәтте алматылық қарсыласынан басым түсіп, чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

– Өзім еркін күреспен айналысамын. Осы турнирде төрт кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеттім. Жарыс жолында бірінші белдесуімде Қырғызстаннан келген тәжірибелі палуаннан жеңіліп қалдым. Бұл маған үлкен сабақ болды. Әр қателігімді саралап, келесі белдесулерге барынша дайындықпен шығуға тырыстым. Жүлделі үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде алматылық Жеңіс Әбдіқадармен белдестім. Қарсыласым өте мықты. Тартысты өткен жекпе-жекте екі ұпай айырмасымен жеңіске жеттім. Дегенмен, бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Жоғары деңгейдегі қарсыластармен күресу спорттық шеберлігімді шыңдап, алдағы жарыстарға деген сенімімді арттырды. Ендігі мақсат – осындай қателіктерді түзеп, келесі жарыстарда жүлделі орыннан көріну, – деді Данияр Нарикбаев.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button