Текті жұрттың төл ойыны
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы «Келешек мектебі» базасында ұлттық рухты ұлықтаған, тағылымы терең ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды шараға ауданның 35 мектебінен 600-ге жуық оқушы қатысып, салт-дәстүр мен ұлттық спорттың мерейін үстем етті.

Игі бастаманың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіру, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру және ата-баба мұрасына деген құрметті жаңғырту болды.
Шара барысында халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық ойындары кеңінен дәріптелді. Асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақ күресі және жілік сындыру сынды спорт түрлерінен оқушылар өзара бақ сынасып, ептілік пен шапшаңдықтың, төзімділік пен мергендіктің үлгісін көрсетті. Әсіресе, тоғызқұмалақ ойынындағы жас спортшылардың логикалық ойлау қабілеті көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
«Көшпенділер ойындары» тек жарыс алаңы ғана емес, ұлттық рухты асқақтатқан рухани мерекеге айналды. Қос ішектен төгілген күмбірлі күй мен ұлттық өнерге арналған сахналық көріністер көрермен көңілін тербеп, төл өнеріміздің қадір-қасиетін айшықтай түсті. Сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдары мен өнер мектептерінің республикалық байқауларда топ жарып жүрген дарынды оқушылары ән мен биден шашу шашып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Шара аясында мектептер бірлесе ұйымдастырған этноауыл ерекше әсер сыйлады. Киіз үйлер тігіліп, олардың іші ұлттық нақышта безендірілді. Құмай тазы мен қыран бүркіт әкелініп, қазақ халқының саятшылық өнері дәріптелді. Бұл көріністер жас буынның ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, ата дәстүрінің терең мәнін ұғынуға жол ашты.
Іс-шара барысында бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан «Заң мен Тәртіп» идеологемасы аясында «Жеті жарғы» қойылымы сахналанды. Көркем қойылым арқылы қазақ халқының әділдікке, заңдылық пен тәртіпке негізделген дәстүрлі құқықтық жүйесі кеңінен насихатталды.
Жарыс қорытындысында алты спорт түрі бойынша үздік атанған оқушылар арнайы дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Командалық есепте І орын алған командаға 100 мың теңге, ІІ орынға 70 мың теңге, ІІІ орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Командалық есеп нәтижесі бойынша І орынды Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебі жеңіп алса, ІІ орынды Сәкен жалпы білім беретін мектебі иеленді. Ал, ІІІ орын Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі командасына бұйырды.
Айта кетейік, жоғары деңгейде ұйымдастырылған ІІ аудандық «Көшпенділер ойындары» қатысушылар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастырып, ата-баба мұрасын қастерлеуге тәрбиелейді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы



