Спорт

Қарағандыда «Сарыарқа батырлары» Азия кубогы мәресіне жетті

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі ұстаз Диханбай Биткөзовтің есімі қазақ спортының тарихында айрықша құрметпен аталады. Өмірінің тұтас бір бөлігін шәкірттеріне арнаған ардақты бапкер – еңбегінің нәтижесінде 200-ден астам КСРО және Қазақстан спорт шеберін, 20-дан астам халықаралық дәрежедегі спорт шеберін тәрбиелеп шығарған тұлға. Биыл қазақ күресінің қара нары 85 жасқа толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай Қарағанды төрінде қазақ күресінен ересектер арасында «Сарыарқа батырлары» атты Азия кубогы өтті. Даланың рухын, ердің намысын арқау еткен дүбірлі додаға жеті елден 200-ден астам спортшы қатысып, өзара күш сынасты. Турнирдің ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар,  туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Жандос Мақсұтұлы да сөз сөйлеп, министр Ербол Мырзабосыновтың құттықтауын жеткізді.

Суреттер Қазақ күресі ассоциациясынан

Өңір басшысы өз сөзінде қазақ күресінің Қазақстандағы ең танымал ұлттық спорт түрінің бірі екенін атап өтті. Әрі Қарағанды облысында күрестің бұл түрімен мыңдаған бала мен жасөспірім шұғылданатынын баса айтты.

– Қарағандылық балуандар республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуде. Біздің спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін. Мұндай жарыстар спортты дамытуда маңызды рөл атқарады. Өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрлермен, белсенді өмір салтының құндылықтарымен таныстыруға, адал, бәсекеге қабілетті, күреске құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді. Спорттық байланыстарды нығайтып, достық қарым-қатынасқа да әсер етеді. Турнирдің жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне, оның қатысушылары үшін маңызды оқиғаға айналатынына, қызықты жекпе-жектермен есте қалатынына сенімдімін, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Жандос Мақсұтұлы да ардагер жайында жылы лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.

– Ұлттық спортымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан құрметті тұлға Диханбай Дүржанұлы ағамызды мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жай ғана турнир емес, достық пен бауырластықты, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тағылымы терең, маңызы зор іс-шара. Ұлттық спорт – халқымыздың тарихы мен рухының айнасы. Сондықтан, мұндай игі бастамалар өскелең ұрпаққа өнеге болып, олардың бойында елдік сана мен рухты қалыптастыруға қызмет етеді. Сонымен қатар, ұлттық спортты кеңінен насихаттап, саламатты өмір салтын ұстануға үндейді. Диханбай ағамыз – ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып, артында өшпес өнеге қалдырған бірегей тұлға. Ағамыздың өмір жолы жас спортшылар үшін әрдайым үлгі болып қала бермек, – деді Жандос Мақсұтұлы.

Құрметті қонақтар қатарында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Диханбай Дүржанұлының үзеңгілес досы Марат Жахит та сөз алып, мерейтой иесіне ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ, қазақ күресінен мемлекеттік деңгейдегі спорт қайраткері, мерейтой иесінің ұлы Жеңіс Биткөзов те іс-шараға қатысып, әке жолын жалғап келе жатқан ұрпақ ретінде жылы лебізін білдірді. Шараның құрметті меймандары қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев пен дәл осы бәсі биік додада жеңімпаз атанған Ержан Шынкеев те болды.

Турнирге әр мемлекеттен бір спортшыдан, сондай-ақ еліміздің әр облысынан бір өкілден сынға түсуде. Ал, жарысты қабылдаушы өңір ретінде Қарағанды облысына әр салмақ дәрежесінде екі спортшыдан қатыстыру мүмкіндігі берілген. Жалпы, чемпионат сегіз салмақ категориясы бойынша өткен. Қарағанды облысының құрамасы жеті салмақ дәрежесінде 14 спортшымен бақ сынауда.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Айта кетерлігі, 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Ерқанат Молдағұлов бұл жолы Ұлттық құрама сапында белдесіп, тартысты бәсекеде жүлделі ІІ орынды иеленді.

– Бұл байрақты бәсекенің ұйымдастырылып келе жатқанына биыл жеті жыл толып отыр. Алғашында Диханбай Биткөзов атындағы «Сарыарқа батырлары» турнирі ретінде бастау алған елі. Бүгінде халықаралық деңгейге көтеріліп, үшінші мәрте Азия кубогы ретінде өтті. Жалпы, жыл басынан бері елімізде қатарынан үш мәрте республикалық турнир ұйымдастырылды. Сол турнирлерде топ жарған балуандарға осы Азия чемпионатына жолдама берілген. Алғашқысы қаңтар айында Астанада өтсе, екіншісі наурызда Түркістанда жалауын көтерді. Сол жарыстарда 55 келі салмақта белдескен Ержан Мұса мен 100 келіде күш сынаған Олжас Исаханов топ жарып, Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Осы жетістіктерінің нәтижесінде екеуі де «Спорт шебері» атағына қол жеткізді. Енді олар жыл соңында өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғайды.

Ал,  осы Азия кубогында Ержан Мұса тартысты белдесулер өткізіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алайда жүлдеге бір табан жетпей, V орынмен аяқтады. Жалпы, балуандардың дайындығы көңіл қуантады. Үшінші айналымға дейін спортшыларымыз жарыс жолында сәтті өнер көрсетті, – деді Қарағанды облысының ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Ахметбеков.

100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде боз кілемге шыққан Ерқанат Молдағұловтың салмағында 30 спортшы жүлдеге таласқан. Жерлесіміз финалға дейін үш бірдей кездесуде қарсыласынан басым түсіп, шешуші кезеңге жолдама алған еді. Алайда, ақтық сында жеңіске бір қадам жетпей, турнирдің күміс жүлдесін қанағат тұтты.

Жерлесіміз алғашқы белдесуінде Қытай спортшысымен кездесіп, қарсыласын үш ескерту арқылы жеңген. Одан кейін елордалық Мейіржан Ісләмшайықовпен белдесіп, жартылай жамбас әдісін сәтті қолданып, айласын асырды. Ал, үшінші айналымда Алматы облысының өкілі Аян Байғазымен күш сынасып, қарсыласын таза жеңіспен ұтқан.

– Ақтық сында шымкенттік Ерсұлтан Мұсапаровқа есе жіберіп алдым. Қарсыласым жамбас әдісі арқылы ұпай еншілеп, жеңіске жетті. Бұған дейін де онымен бірнеше мәрте белдескенмін. Соңғы рет Қарағандыда өткен республикалық турнирде кездесіп, ол жолы мен чемпион атанған едім. Бұл жолы Азия чемпионатының финалында жолымыз қайта түйісті. Өкінішке қарай, сәл босаңсып кеттім. Қарсыласымның әдісін дер кезінде аңғармай, қателік жібердім. Қазір алдағы Әлем кубогына дайындықты бастап кеттік. Арнайы оқу-жаттығу жиындары да өткен. Ендігі мақсат – дайындықты үдете түсіп, алдағы халықаралық додада жеңіс тұғырынан көріну, – деді Ерқанат Молдағұлов.

Дәл осы 100 келіге дейінгі салмақта тағы бір жерлесіміз Ақниет Оралов та жүлделі орыннан көрінді. Талай байрақты бәсекеде топ жарып жүрген жас балуан бұл жолы да өз шеберлігін дәлелдеп, Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Жарыс барысында ол төрт бірдей қарсыласпен белдескен. Алғашқы айналымда қырғыз спортшысымен, екінші белдесуінде ақтөбелік балуанмен кездесіп, негізгі уақытта тең нәтиже тіркеген. Ал, үшінші белдесуінде осы салмақта чемпион атанған Ерсұлтан Мұзафаровқа есе жіберді.  Қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен жамбылдық Айдар Бескемпірмен кездесіп, қарсыласын үш ескерту арқылы жеңді.

– Алғашқы екі қарсыласым да – өте мықты балуандар . Екеуімен де негізгі уақытта тең түстім. Турнир ережесіне сәйкес, мұндай жағдайда спортшылар салмақ өлшеуге түседі. Яғни, кімнің салмағы жеңіл болса, жеңіс сол балуанға беріледі. Қырғызстандық қарсыласым менен 1,5 келіге ауыр болса, ақтөбелік Ерасыл Амангелдінің салмағы менен екі келіге ауыр болды. Жалпы, Ерасылмен бала кезден бері қарсылас болып, осы уақытқа дейін төрт мәрте кездесіппіз. Соңғы рет былтыр Қостанайда өткен 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында белдескен едік. Ол кезде финал жолдамасы сарапқа салынған белдесуде жеңіліп қалғанмын. Бұл жолы есемді қайтарып, басым түстім. Алдағы мақсат – Шығыс Қазақстанда өтетін Қазақстан кубогында топ жарып, Әлем кубогына жолдама алу. Қазір барлық назарды сол жарысқа аударып, дайындықты күшейтіп жатырмыз, – деді Ақниет Оралов.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және бапкерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button