Қазақстан Бірінші лига ойындарының VI туры тәмам. Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы бұл кезеңде өз алаңында «Ақтөбе» жастарын қабылдап, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Әрі жерлестер турнирлік кестеде 16 ұпай жинап, өз орынын сақтап қалды.

Жерлестер үшін алғашқы айналым барлау кезеңі болған сыңайлы. Олай дейтініміз, 45 минут бойы таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Қос команда қанша шабуыл ұйымдастырып, соққы жасағанымен бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Тек, есеп, екінші айналымда ғана ашылды.
Төреші допты ойынға қосқан бойда қарсыластар допқа иелік еткен. Алайда, жерлестер допты тартып алып, ойынның 46-шы минутында есеп ашты. Гол авторы – Рифат Нұрмұғамет. Допты алаң жиегінен қорғаушы Данила Васильченко ойынға қосқан еді. Айып добының сыртында тұрған Рифат өзіне бағытталған допты қақпаға жойқын соққы жасап, ойындағы алғашқы есепті ашты. Бұдан кейін 51-ші және 56-шы минутта Артем Литош қос голды қатарынан салып, дубль авторы атанды. Есеп – 3:0.
Қарсылас қақпасына салынған төртінші гол да жойқын соққы еді. Артем Литош сол қапталдан қарсылас команда қорғаушыларын алдап өтіп, қақпаға ұмтылған Рифат Нұрмұғаметке пас асырып еді. Рифат қарсылас қақпасын нысанаға алып, жойқын соққы жасап, ойындағы екінші голын салды. Осылайша ойынның 600-шы минутында жерлестер таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді.
Бұдан кейін 69 және 70-ші минутта Арман Нүсіп, 90+3-те Роман асылбаев көзге түсіп, есепті 7:0-ге жеткізді.
Қазіргі таңда сұрмергендер тізімінде алты гол және төрт голдық пас берген Артем Литош көш бастап тұр. Ал, осы ойында қос голдың авторы атанған Рифат пен Арман бұл тізімде IV және V орында. екеуінің еншісінде төрт голдан.
Турнир кестесінде ІІ сатыда 14 ұпаймен «Қайрат» жастар клубы, ІІІ орында «Тарас» клубы тұр.
Енді жерлестер мамыр айында тағы екі кездесу өткізеді. 21-інде сырт алаңда «Астана» жастар клубымен кездессе, 26-сында семейлі «Елімай» клубын өз алаңында қабылдайды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



