Спорт

Өмірінің өзегі – өжеттілік

Қарағандыда ерекше рух пен жігерге толы алғаш рет облыстық «SARYARQA BOCCIA» ашық турнирі өтуде. Паралимпиадалық бочча спортының бұл бәсекесіне еліміздің 10 өңірінен 70-тен астам спортшы қатысып, шеберлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетуде. Турнир – ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамдағы белсенділігін айқындайтын, инклюзивті спорттың ма­ңызын насихаттайтын ма­ңызды алаң. Үш күнге жалғасқан жарыста қатысушылар тәжірибе алмасып, ұлттық құрамаға іріктеледі. Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, «SARYARQA BOCCIA» енді дәстүрлі турнирге айналады.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қамқорлықта қолдау бар

Айтулы жарыстың негізгі мақсаты – инклюзивті спортты дамыту, ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау көрсету және бочча спортын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, турнир спортшылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, Қарағанды облысы құрамасының да кәсіби шеберлігін шыңдауға жол ашады.

– Баршаңызды Сарыарқа топырағында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бочча – спорт қана емес, ол – батылдық пен табандылықтың көрінісі. Сіздер өз жетістіктеріңізбен көпшілікке шабыт беріп, кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәлелдеп келесіздер. Аймақтық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрсіздер. Бүгінгі жарыста баршаңызға әділ ойын, тартысты бәсеке және жеңіс тілеймін, – деді турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың төрағасы, Қарағанды облыстық бочча федерациясының президенті Нұркен Кобжанов.

Турнирде Астана қаласы мен Абай, Маңғыстау, Жамбыл, Же­тісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарынан келген спортшылар бәсекеге түседі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұркен Нұратов тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастырудың маңызын атады. Осы орайда бочча инклюзия мәдениетін дамытудың, бірлік пен өзара қолдауды нығайтудың жарқын үлгісіне айналып отыр.

– Бүгінде облыста бочча дамып, оған балалар мен ересектердің қызығушылығы мол. Мұндай турнирлер ерекше жандардың қоғамға араласуына және жаңа мүмкіндіктерге серпін береді, – деді Нұркен Нұратов.

Жігерді жанитын бәсеке

Бочча – тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған жандарға бейімделген паралимпиадалық спорт түрі. Бұл спортпен сал ауруына шалдыққан адамдармен қатар, жұлын-бұлшықет атрофиясы, миопатия, артрогрипоз және мойын омыртқасындағы жарақаттары бар спортшылар да айналыса алады. Бочча 1984 жылдан бері Жазғы Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген.

– Мұндай ауқымдағы турнир алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл дәстүрге айналады. Осындай бәсекелер параспортшыларға тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, облыс құрамасы мен ұлттық құраманы жасақтауға ықпал етеді. Турнир халықаралық ережелерге сәйкес BC1, BC2, BC3, BC4 және BC5 санаттары бойынша өткізілуде, – деді турнирдің бас төрешісі Гауһар Әкіжанова.

Бочча жоғары қолжетімділігі мен әлеуметтік маңызына орай әлемде кеңінен таныла түсуде. Ойынның негізгі мақсаты – түрлі-түсті доптарды ақ түсті нысана допқа, яғни, «джек-болға» барынша дәл жақындату.
Жарыс арнайы 12,5х6 метрлік алаңда өтеді. Қатысушылар алты қызыл, алты көк және бір ақ доптан тұратын 13 доп жиынтығын пайдаланады. Бұл спорт түрі спортшылардан ептілік пен дәлдікті, тактикалық ойлауды, қозғалыс үйлесімділігін және төзімділікті де талап етеді.

Ата-ана – қолдаушы әрі сүйемелдеуші

– Бочча спортымен екі жарым жылдан бері айналысамын. Барлық жарыстарда маған әжем Нұрманат Бөлекпаева қолдау көрсетіп, жанымнан табылады. 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан кубогында жеңімпаз атандым, – дейді Абай облысынан келген спорт шебері Балжан Бөлекпаева.

Қол-аяқ қозғалысы шектеулі қатысушылар үшін арнайы құрылғылар – рампалар мен бағыттаушы науалар қарастырылған. Сондай-ақ, спортшының нұсқауы бойынша допты бағыттауға көмектесетін ассистент-операторлар жұмыс істейді.

– Бочча спортымен айналысқаныма төрт жылдан асты. Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан тәжірибем бар. Бұл – өзгеше спорт түрі. Ол мен секілді жандарға дамуға, мүмкіндігін көрсетуге жол ашады. Бұған дейін жүзуге бардым, алайда, бочча мен үшін өмірімнің мәніне айналды. Ендігі басты мақсатым – Паралимпиада ойындарына қатысу, – дейді Павлодар облысынан келген спорт шебері Александр Курмантаев.

Бұл спорт түрімен шұғылдану әлеуметтік ортаға араласуға, де­не шынықтыруға деген қызығу­шылықты арттыруға, сөйлеу қабілетінде ерекшелігі бар адамдардың қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және ортақ қызығушылықтағы қауымдастықтардың қалыптасуына мүмкіндік береді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай спорт барына қуанамын. Ұлым екеуміз екі жыл бойы Қазақстан құрамасының сапында болдық. Мақсатымыз – қайтадан ұлттық құрамаға өту. Бұл спортта ата-аналардың көбі балаларына сүйемелдеуші ғана емес, төрешілік санаттарға да ие болды. Ойынның қыр-сырын толық меңгердік. Ұлым бұрын допты көбіне жоғары бағытта ойнайтын. Ал, біз кіретін BC2 санатындағы спортшылар үшін төмен бағытта ойнау өте маңызды. Мұны халықаралық жарыстарда түсіндік. Бұл санатта допты дәл орналастыру, итеру, көтеріп лақтыру секілді көптеген әдіс-тәсілдер бар. Қазір Қазақстанда бочча спорты дамып келеді, – дейді спортшының анасы әрі сүйемелдеушісі Ирина Курмантаева.

Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймағында үш ірі турнир өтеді. Соның бірі – 1-8 маусым аралығында Астанада ұйымдастырылатын World Boccia Cup халықаралық жарысы. Былтыр Қазақстан спартакиадасында қарағандылық Игнат Галанин қола жүлдегер атанып, ұлттық құрама сапына енген.

– Жерлесіміз, халықаралық деңгейдегі Бахрейндегі турнирдің қола жүлдегері Анастасия Кутурман Қостанай облысынан келген қарсыласымен ойнағанда, әріптестерімізбен бірге жанкүйер болдық. Алғашқы үш кезеңде ол дұрыс стратегия таңдап, есепте алда болды. Алайда, төртінші ойында сәл сәттілік жетіспей, есе жіберді. Мамандардың айтуынша, тактиканы дұрыс құра алмады. Сол сәтте Анастасия ғана емес, біз де қатты толқыдық, көзімізге жас келді, – деп бөлісті көрермен Мардан Әлжан.

Осындай турнирлер жаңа буын спортшыларын ерекше спортқа қызықтырып, дәлдік, стратегия және жеңіске деген жігер басты рөл атқаратын бочча әлеміне жол ашады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button