Қарағандыда «Чемпиондық рух» марафоны басталды
«AMANAT» партиясы салауатты өмір салтын қолдау мақсатында Қарағандының Орталық саябағында «Чемпиондық рух» спорт марафонын өткізді. Марафонның ашылу салтанатына партияның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, бірқатар бапкерлер мен спортшыларды партия атынан Алғыс хатпен марапаттады.

Ауқымды спорттық іс-шараға 600-ден астам қала тұрғындары қатысты. Марафон аясында жаппай жүгіру, сергіту жаттығулары, спорттық интерактивтер, шеберлік сабақтары және кәсіби спортшылармен кездесулер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, қатысушылар чемпиондармен сұхбаттасты.

– Жастарды бір мақсатқа жұмылдырып, бұқаралық спортты насихаттау – ортақ міндет. Өйткені, спорт – жас буынды әділдікке, тәртіпке, жігер мен жақсылыққа тәрбиелейтін өмір мектебі. Бүгінгі шараға өңірімізден шыққан чемпиондар арнайы келіп отыр. Олар халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, Туымызды биікте желбіретіп жүр. Іс-шараларға чемпиондарды қатыстыру арқылы жастардың жүрегіне жеңіске деген сенім мен чемпиондық рух ұялатуды көздейміз. Арамызда талай дарынды жас бар. Ал, біз сол таланттардың талабын ұштап, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Бекзат Қомарұлы.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының Жол картасын іске асыру аясында облысымызда 270-тен астам спорт алаңы мен спорт нысаны салынды.

Сондай-ақ, 200 спорт секциясы ашылды.

Соның нәтижесінде 460 мыңнан астам жас спортпен айналысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараға танымал спорт өкілдері атап айтқанда, жеңіл атлетші Данил Мұсабаев, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Елеуов, сондай-ақ спорт федерациялары мен спорт мектептерінің жетекшілері қатысты.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



