Спорт

Аяулымның асуы

Ташкентте бокстан 15-17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионатына 21 елден 500-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ұлттық құрама жеті алтын, сегіз күміс және тоғыз қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте ІІІ орын иеленді. Бұл қатарда ел қоржынына алтын салған жерлесіміз Аяулым Оспанова да бар. Әрі қарағандылық былғары қолғап шебері өз салмағында «Үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды.

Сурет бокс федерациясынан

Аталған чемпионатта Қазақстанның ұлдар құрамасы 10 жүлде жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, үшеуі – күміс және екеуі – қола жүлде. Ал, қыздар құрамасы 14 медаль жеңіп алды. Оның екеуі – алтын, бесеуі – күміс, жетеуі – қола жүлде.

Аяулым Оспанова – Шахтинск қаласының тумасы. Жас спортшы бокспен алты-жеті жасынан бастап айналыса бастаған. Бұл бәсекеде 66 келіге дейінгі салмақта қолғап түйістіріп, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ақтық кезеңде қытайлық Ди Цяомен жұдырықтасып, қарсыласынан айласын асырды.

– Биылғы чемпионат мен ойлағандай өтті. Ең басты мақсат – жеңіске жету еді. Сол мақсатыма жетіп, биыл үш дүркін Азия чемпионы атандым. Осы турнирге жеке жаттықтырып, бар білгенін үйреткен әкеме алғысымды білдіремін. Маған қолдау білдірген жанкүйеріме де мың алғыс! – деді чемпион.

Айта кетейік, жалпыкомандалық есепте І орынды Өзбекстан құрамасы иеленді. Алаң иелері 13 алтын, сегіз күміс және алты қола медаль алды. ІІ орын Үндістанға бұйырды. Үнді боксшылары тоғыз алтын, алты күміс және 12 қола медаль еншіледі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button