Жүрейік жүрек ауыртпай

 

 

 

– Адамның өмір жолында белгілі бір мамандықты меңгеруге, соған деген құштарлығын арттыруда үлгі тұтар тұлғалары болады. Бала кезімде анам Гүлбаршынның қызмет орнына ертіп апарғаны жиі есіме түседі. Ақ халат киген анам мен үшін тіпті әдемі, тартымды болып кететін. Дәрігерлік қызмет көрсетеді, дәрігерге қаралған сырқат жандар көп-көп рахметін айтады, ризашылығын білдіреді, – деп бастады әңгімесін дәрігер-кардиолог Гүлім Еламанқызы Омарова.

– Алғыс… жалпы адамдардан алғыс алып жүру еңсеңді көтереді, тың істерге құлшындырады, өз мамандығыңды одан әрі шексіз сүюге, тереңдете меңгеруге, тәжірибеңді ұштай беруге жетелейді екен. Дәрігерлік мамандықты жүрек қалауымен игеруге анамның себепші болғанын бірден айтайын. Анам медбибі болатын. Өз саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Қазір зейнетте.

– Жүрек қалауы… жүрек әмірі… кейде жүрекке әмір жүрмейді дейміз. Шындығында табиғатың, болмысың, жүрек қалауы қажет етіп тұрса маңдайыңа не жазылды, соны көресің.

– Содан мектеп бітірдің Гүлім Еламанқызы, алып ұшқан жас жүректің арман қанаты қай жаққа алып келді?

– «Біз де есейіп, мектеп бітірсек, үлкендерге ұқсап белгілі бір мамандықты меңгерсек» деген сыныптастарымның арман мұратын жиі еститінмін. Ал, менің жүрек қалауым адам дәрігері болу еді. Сырқат жандарға көмегіңді көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, ауруынан айықтырып жатсам қандай жақсы, тіпті, бір ғажап дүние дер едім. Осы арман мені 2004 жылы Қарағанды қаласындағы медициналық университетіне алып келді. Айтпақшы, мектепті 2004 жылы бітірдім. Атақты Қоңырат кентінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы №25 мектепте оқыдым. Жолым болды, университетті 2010 жылы бітіріп шықтым. Жүрек-қан тамырлары сырқатын емдеуге бейімделген маман болып шыға келдім. Әне-міне дегенше алты жыл өте шықты. Былтыр мамандығымды шыңдау, біліктілігімді арттыру сынынан сүрінбей өттім. Сөйтіп, ІІ категориялы кардиолог маманы атандым. Бұл күндері қаладағы №2 емханада ересектерді қарайтын кардиолог болып қызмет жасаудамын. Жұмыс қарбалас, жүрек-қан тамыры ауруы өте-мөте өршіп тұр. Алдыңа қаралуға келген жандар дәрігерге үнемі үлкен сенім артады. Ал, сенімнен шығу оңай емес.

– Жүрек – адам өмірінің тіршілігі, күре тамыры. Жүрек неліктен ауырады?

– Оныңыз рас, жүректен ақау шықса адамның берекесі кетеді. Бүкіл адам ағзасының тіршілік жүйесін ұстап тұрған жұдырықтай жүрек қой. Ол тоқтаса мәңгілік кеткеніміз. Бірден айтайын, жүректің ишемиялық ауруы бірінші кезекте тұр. Мен көбінесе үлкендерді қараймын.Солай бола тұрғанымен жүрек ауруы жасарып келеді. Тіпті, 25 жастағы жігіттердің инфаркт алып жатқандары бар. Гипортениялық қан қысымы көптеп анықталып жатыр. Мұнымен жастар да жиі ауырады. Қазір ІІ-ІІІ дәрежедегі гипортония көбейіп тұр. Мұның алдын алмаса келешекте жүрек ауруына алып келеді. Жүректің қанмен қамтамасыз ететін тамырлары біртін-біртін бітеле бастайды. Қан жөнді жүрмесе оның себебін холестериннің көбейгенінен іздеу керек. Кислородтың жетіспеуінен ишемиялық ауру асқынады. Негізі салауатты өмір қозғалысымен мықтап шұғылданған жөн. Адамдар аз қозғалса, кез келген аурудың өршуіне жол ашады. Майлы тамақтан мүлдем бас тартуы керек. Егер де қант диабеті болса бұл да тамырдың бітелуіне әкеліп соқтырады. Міне, осындай-осындай себептері болады. Егер де терлеп, ауа жетпей жатса міндетті түрде дәрігер шақыру керек. Яғни, жұдырықтай жүрегіңізде ақау бар деген сөз. Күйзеліс… қазіргі заманда адамдардың бойындағы күйзелісті, таусылып бітпейтін тұрмыстық мәселелерді айтып жеткізу мүмкін емес. Осының өзі жүрек дертіне ұшырауға алып келеді. Шешілмейтін мәселе жоқ, тек сабырлы болу керек. Атам қазақ айтқан емес пе, «сабыр түбі сары алтын»,- деп Гүлім Еламанқызы әңгімесін бір қайырып қойды.

Адамдарға құрметпен қарау, үлкенді сыйлау, кішіпейілдік таныту отбасы тәрбиесінен басталса керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Гүлім Еламанқызы адамдарға үнемі мейірім, іңкәрлікпен қарайды, сондықтан, оның алдына қаралуға барған жандар риза көңілмен кері қайтып жатады. Бізде кейде мейірім жетіспей жатады. Ал, дәрігердің мейірімі түссе абыржыған көңіл-күйіңді көтеріп, өмір сүруге деген құлшынысың арта түседі. Гүлімнің анасы Гүлбаршын Шүкірқызы, әкесі Еламан Әбдікарапұлы үнемі халықтың ортасында қызмет жасады. Әкесі кенші болды. Ал, көпшілікпен жұмыс жасағандардың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі ізгілікке толы болатындығы анық.

– Ата-ана тәрбиесі адам ғұмырының басты мектебі. Үйдегі ұлттық дәстүрдегі тәрбиенің ықпалы ерекше екен. Бұған көзім жетті. Соның бірі – тіл мәселесі ғой. Бала кезімізде ойын баласының тілі орысша шығады. Аулада орыс тілді балалар көп болды. Шүлдірлеп, біз де қосылып кететінбіз. Оқу орысша жүрді. Ал, енді осыдан ана тіліңді ұмытпай қайтесің. Мен барынша ана тілімді қадірлеп, дәрігерлік ақыл-кеңестерді үлкендерге ана тілімде жеткізуге тырысамын.

– Ұжым жайында не айтар едіңіз?

– Ұжым – адамның екінші үйі. Тіршілігіміздегі көп уақытымыз ұжымда өтеді, сондықтан, осындағы әрбір әріптесіммен сыйлас, қадірлес болуға ұмтыламын. Ұжым жетекшісі қалалық мәслихаттың депутаты Айнагүл Күлембаевадан бастап, барлық маман қызметкерлер өз ісінің шебері десем, артық айтқандық емес. Ұжым жас мамандармен толығуда. Қазір жаңа құрал-жабдық жеткізілуде. Жаңа технологиялық компьютерлік жүйе – соның бәрін бір кісідей меңгере білуіміз керек. Түптеп келгенде адам денсаулығын сақтауға, аурудың алдын алумен сабақтасып жатады.

– Еңбек жолындағы ұстаздарыңыз болды ма? Оқу бір бөлек, іс жүзіндегі тәжірибе басқаша болып келеді ғой.

– Дәрігерлік мамандық – өте ауыр да күрделі мамандық. Адам тағдырына бей-жай қарай алмайсың. Ел арасында мынандай қағида бар. Өміріңді сақтап қалатын бір құдай, одан кейін дәрігер. Халықтық қағида ғой, оған қарсы келе алмайсың. Сырқат қашан да жазыламын деген үмітпен жүреді. Сол үмітпен дәрігердің алдына келеді. Жылы сөзіңе жадырап, жүзінен нұры ойнаған сырқаттарды жиі көремін. Мұндайда өзімнің де жан дүнием тебіреніп кетеді. Ұстаз дедіңіз ғой. Иә, ондай ұстаздар менде болды. Қаладағы белгілі кардиолог Каспий Қапашқызы Кеңесовадан алған тәжірибем өмірлік темірқазығыма айналды. Дәрігерлік мамандықты меңгеру инемен құдық қазғандай білмейтінім әлі де көп. Мұндайда ұстазым Каспий Қапашқызымен хабарласамын. Қажет болса, ақыл-кеңесін аламын, алдына барамын. Қарамағында істедім. Сондай-ақ, Бәтима Арыстанбекқызы Оңғарбаеваның кардиолог ретінде ысылуыма ықпалы айтарлықтай болды. Мен осындай тәлімгерлердің іс-тәжірибесін, кісі қабылдаудағы үлгі-өнегелерін бойыма сіңіруге талпындым. Одан жаманшылық көрген жоқпын, – дейді Гүлім Еламанқызы.

***

Айтпақшы Гүлім Еламанқызының отбасын таныстырмаппыз ғой. Жолдасы Азамат Құсанұлы, ол да дәрігер. Отбасында Санжар атты ұлы өсіп келеді.

– Қазір адамдардың мінез-құлқы өзгерген бе, қалай? Кейде жаныңа тиеді, шапшаң мінезді. Мына арпалысқан қоғамда не дүние орнына келіп жатыр дейсің. Тіршілік сол, өмір дегеніміз күрес. Осыны сабырлылыққа, парасаттылыққа жеңе білдіруіміз керек. Қысқа тіршілікте бір-біріміздің жүрегімізді ауыртпайық, салмақ түсірмейік, сыйласып жүрейік. Бұл да жүрек сырқатының бірден-бір емі,- деді Гүлім күлімдеп.

Игі тілегі көңілімнен кетер емес.

Иә, жүрейік жүрек ауыртпай.

Балқаш қаласы.

Суретте: кардиолог Гүлім Омарова.

Сұхбаттасқан

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.