«Алматы-Екатеринбург» халықаралық автожолының Балқаш қаласына жақын бөлігінде орналасқан «Капля» жол бойы сервистік аймағын дамыту жұмыстары қарқын алды. Бұл жоба алдағы уақытта өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, мыңдаған жүргізуші мен саяхатшыға сапалы қызмет көрсететін заманауи орталыққа айналмақ.

Қарағанды облысында жол бойы сервисін дамыту басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып келеді. Осы мақсатта Балқаш маңындағы жаңа аумақта инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіпкерлік нысандарын орналастыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда аталған аумақта аукцион нәтижесінде жеті жер телімі инвесторларға берілген. Бүгінде мұнда жанармай құю станциясы қызмет көрсетіп тұр. Сонымен қатар, қонақүй мен дәмхана құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін ұзақ жолға шыққан жолаушыларға жайлы демалыс пен сапалы қызмет ұсынбақ.
Жобаның келесі кезеңінде туристік бағыттарды дамытуға ерекше назар аударылады. Осыған байланысты Шұбартүбек пен Тораңғалық туристік кенттері бағытында ірі жанармай құю кешендерін салуға арналған тағы үш алаң белгіленді. Бұл бастама Балқаш көлінің жағалауындағы туристік аймақтардың қолжетімділігін арттырып, өңірге келушілер санының көбеюіне ықпал етеді. Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, бизнесті дамыту үшін қосымша 40 гектар жер бөлу жоспарланған.
– Бұл аумақта сервистік нысандарға арналған шамамен 80 жер телімін қалыптастырып, инженерлік желілер тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, негізгі көлік ағынына кедергі келтірмеу мақсатында қосымша жол салынады, – дейді қала басшысы.
Жол бойындағы сервистік инфрақұрылыммен қатар, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Заманауи технологияларды енгізу арқылы жүргізушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау көзделуде.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Елемесовтің мәліметінше, «Қарағанды-Балқаш» автожолында жүргізушілердің рөлде отырып қалғып кетуінің алдын алуға арналған 14 лазерлік кешен орнатылған. Сондай-ақ, жол қоршауларына арнайы жарық қайтаратын жапсырмалар орналастырылған. Бұл құрылғылар түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында жолдың көрінуін жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мамандардың пікірінше, «Капля» сервистік аймағының дамуы Балқаш өңірінің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға жол ашады. Ең бастысы – халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан бұл нысан туристер мен жүргізушілер үшін заманауи әрі тартымды аялдау орнына айналмақ.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



