АймақБалқаш

Өнері өркендеген өлке

Приозерск қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Қала руханияты мен шығармашылық әлемінің өкілдерін ұлықтаған бұл кеш өнерге деген құрметтің, мәдениетке деген жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды. Өнер мен руханиятты ту еткен мәдениет майталмандарының еңбегі еленіп, олардың ел өміріндегі маңызы кеңінен насихатталды.

Сурет автордан

Салтанатты шара күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйімен ашылды. «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күй көрерменге ерекше рух сыйлап, ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді. Домбыраның қоңыр үні кештің шымылдығын айқара ашып, жиналған жұртты рухани әлемге жетеледі.

Кеш тізгінін ұстаған Елена Анатольевна мен Ернар Әбілов мәдениет саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі орнына ерекше тоқталды. Олар мәдениет қызметкерлері халықтың рухани дүниесін байытып, елге қуаныш пен шабыт сыйлап жүрген жандар екенін атап өтті.

Кештің ресми бөлімінде Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Ұлан Алмас сөз сөйлеп, мәдениет пен өнер өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол өз сөзінде шығармашылық ұжымдардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, мәдениет саласының қала өміріндегі маңызын ерекше айтып, жеткізді.

Салтанатты шара барысында қоғамдық-саяси және мәдени өмірге белсене араласып жүрген бірқатар мамандар қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында №1 жалпы білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Елдос Қалжігітов, №2 мектептің музыка пәні мұғалімі Жадыра Ерланқызы, қалалық кітапхананың кітапханашысы Жанар Әлімбайқызы, мәдени-демалыс орталығының дыбыс режиссері Мерей Бесбайұлы, әдіскер Гаухар Кеңесбайқызы және мәдени ұйымдастырушы Ұлболсын Әмірбай бар.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің баспасөз хатшысы Жанар Оралбай, «Priozersk FM» парақшасының негізін қалаушы Марина Трубачёва және «Қоржынтүбек жаршысы» газетінің бас редакторы Исатай Махамбет Алғыс хатпен марапатталды.

Қаланың мәдени өміріне белсенді атсалысып жүрген шығармашылық ұжымдар да назардан тыс қалмады. Приозерск қаласының мәдени-демалыс орталығындағы «Шабыт» домбырашылар ансамблі, «Кербез» және «Жорға» би ансамбльдері 50 мың теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды. Бұл өнер ұжымдарының еңбегіне берілген лайықты құрмет еді.

Кеш барысында «AMANATt» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттары да табысталды. Марапаттарды партияның Приозерск қалалық филиалының төрағасы Алтынай Рахимбаева табыс етті. Алғыс хат иелері қатарында мәдени-демалыс орталығының директоры Жанат Абулова, дыбыс режиссері Ерік Оспанов және қалалық кітапхананың кітапханашысы Гүлстан Мұқашева болды.

Мерекелік кеш әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы «Аяла» би ансамблі «Лялечки», «Жасмин» билерін тарту етсе, «Жорға» би тобы «Зверополис» биін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жас әншілердің өнері де кеш көркін аша түсті. Балнұр Сарманова «Өзің ғана» әнін шырқап, нәзік үнімен көрермен жүрегін тербесе, Арлан Саятхан орындаған «Жылайды жүрек» әні көпшіліктің көңілінен шықты. Ернар Әбіловтің орындауындағы «Хикаям» әні мен Елдос Қалжігітовпен бірге шырқаған «Қазақ үшін» әні кештің рухын асқақтатты.

Мерекелік кеш аясында қаладағы мәдениет саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының музыкалық бөлімінің жетістіктері де ерекше аталып өтті. Биыл бұл бөлімнің құрылғанына 56 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде бұл орталық жүздеген баланың өнер әлеміне қадам басуына сеп болып, музыка арқылы шығармашылыққа баулыды. Музыкалық бөлімнің түлектері бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қостанай педагогикалық институты секілді беделді оқу орындарында білім алуда. Н.Кутявина, А.Тлеутаев, Л.Казимова, Т.Мұқаш, Н.Жолдасбек сынды талапты жастар бүгінде өнер жолында өз білімдерін шыңдап жүр.

Бүгінде бөлімнің педагогикалық ұжымының шамамен 40 пайызы – осы орталықтың бұрынғы тәрбиеленушілері. Олардың қатарында Елена Литвинова, Елена Волкова және Анастасия Митина сынды білікті ұстаздар бар. Бұл – шығармашылық сабақтастықтың жалғасы іспетті.

Осыдан жиырма жыл бұрын педагог Айман Нұртаеваның жетекшілігімен домбыра сыныбы ашылып, «Балбырауын» домбырашылар ансамблі құрылған болатын. Алғашында небәрі 15 баладан құралған ансамбль бүгінде 60 өнерпазға дейін өсіп, түрлі деңгейдегі байқаулар мен мәдени шаралардың белсенді қатысушысына айналды.

Приозерск қаласында арнайы мәдениет сарайының жоқтығына қарамастан, өнердің өрісі тарылған емес. Қала мәдениетінің жандануына үлес қосып жүрген мамандар ұлттық руханиятты дамыту жолында аянбай еңбек етуде. Бұл туралы мәдениет саласының өкілдері тілге тиек етті.

– Қаламызда мәдениет сарайы болмаса да, өнерді дамыту жолындағы жұмыс ешқашан тоқтаған емес. Алдағы уақытта арнайы мәдениет үйі салынса, осы салада еңбек етіп жүрген мамандар қаланың мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеріп, өнер ордасының өркендеуіне зор үлес қосады деп сенемін, – дейді Приозерск қаласының мәдени-демалыс орталығының директоры Жанат Жалғасбекқызы.

Айта кетейік, расында, мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ал, сол руханиятты ұлықтап жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Приозерск қаласында өткен бұл мерекелік кеш өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің және ұлттық құндылықтарға деген адалдықтың айқын айғағына айналды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button