Басты тақырыпРуханият

Тарихи құжат санамызға серпін берді

   Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызды мәтіні мен мазмұнын айтпағанның өзінде осынау құнды дүниенің ең алдымен қазақ тілінде жарық көруінің өзі санамызды серпілтіп тастады. Болашағымызға айқын бағдар белгілеп, уақытпен үндескен мақаланың әр сөзін мұқият оқып, талқылап жатырмыз.

Біздің ұлтымыз қандай қиын заманда да, жаугершілік кезеңдерінде де еңсесін түсіріп, рухын жоғалтып көрген халық емес. Қазақ халқы айдай әлемге танылған Тәуелсіздік жылдарында белді бекем буып, қайраттана, жігерлене түстік.

Рухани жаңғыру бүгін ғана басталып жатқан жоқ. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен азаттыққа қол жеткізген күннен бастап ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани серпіліс пен сілкініс үстінде келеміз деп сеніммен айта аламын. Десек те, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы нұрлы келешегімізді айшықтап қана қоймай, әр сала бойынша нақты міндеттер мен мақсаттарды саралап көрсетті.

Мәселен, біз тәрізді мәдениет пен өнер жауынгерлеріне Елбасы мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталған 2-ші тарауының әр жолы «соқырға таяқ ұстатқандай» бағдар көрсетіп тұрғанын әріптестеріміз бірауыздан атап көрсетуде. Әсіресе, «Біз 21-ші ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз» деген жолдар біздің жұмысымыздың бағдаршамы іспеттес деп қабылдап отырмыз.

Жаңғыруымыздың жаңа жолын көрсеткен мақалада «Бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс» деп атап көрсетілсе, біздің С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының ұжымы 85 жылдық тарихында осы тұрғыда елеулі істер атқарып келсе, алда енді осы абыройлы міндет-мақсатты еселеп арттыра беретін болады. Өйткені, санаға сілкініс әкелген бағдарламалық мақала бізге қанат бітірді, құлшыныс туғызды.

Мәдениеттің бәсекелік қабілетін қалыптастыру жолында біздің театрдың ұлттық құндылықтарды ұлықта­ған қаншама қойылымдарымен шетелдік көзіқарақты көрермендер жыл сайын танысып отырады. Бірер жыл бұрын Сербияда өткен халықаралық театрлар фестивалінде М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын сахналап, ондағы жұрт осынау күрделі драманы қалай қабылдар екен деп қобалжығанымыз есімде. Алайда, спектакльдің соңында қазылар алқасының төрағасы, сербиялық сарапшы: «Сіздерде 7 атаға жетпей қыз алысып, қыз беруге болмайды» деген салт-дәстүр осы күні де сақталған ба?» деп тікесінен сұрақ қойды. Мен «Әрине, сақталған!» деп жауап бердім. Сонда әлгі әріптесім «Онда сіздің ұлтыңыз қаны таза, ұлы халық екен. Әлемнің көп елдерінде мұндай тазалық атымен жоқ қой» деп, біздің қазақ деген халықтың ұлттық құндылықтарына бас иген еді. Ұлтымыздың осындай ерекшелігін ұғып, оны құрметтеген әріптесіме сол ерекшелікті ұғындырған өнер атты ұлы құдірет еді.

Біз болашағымызды айшықтап берген Елбасы мақаласынан ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп, өз көрермендерімізбен қатар, шетелдерге шығару міндетін терең ұғына түстік.

Санамызға серпін берген тарихи құжатты басшылыққа алып, мәдениетіміз бен өнеріміздің жаһандық жаңғырудағы бәсекелестігін арттыру жолында жұмыла еңбек ете береміз деп ойлаймын.

С.БЕКБОЛАТОВ,

«Халықтар достығы» орденді С.Сейфуллин атындағы облыстық

қазақ драма театрының

басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button