РуханиятТұлға

Ұстаз салған сара жол

ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, әнші, ұстаз Қайрат БАЙБОСЫНОВ 70-ке толды. Ұстазымның мерейтойында ол кісінің ұстаздық бейнесін, әншілік сипатын, кісілік тұлғасын, жадымда жатталған естеліктерді бүкпесіз жазбақпын.

Қайрат ағам үнемі көңілді жүргенді мұрат тұтады. Айналасымен жадырап, жайнап, қалжыңдасып амандасуды өзіне міндеттеп алған сияқты. Үнемі ізденіс үстінде, ой жетегінде болғандықтан ба, ойын басқа жаққа бұрғысы келмейтіндей көрінеді кейде. Артық сөзбен шаруасы жоқ, сөйлесе қиыннан сөз табатын адам. Өнерге жан-тәнімен берілген. Қолына домбыра алса, тоқтамай, кемінде бір сағаттай ән шырқайды. Көкірегі қойма сырсандық па дерсің! Қазақтың шоқтығы биік әндерінің түгелін біледі десем, артық айтқандық емес.

Кейбір әндердің тарихын айта отырып, шабыттана, арқалана, әнге басқанда, біз шәкірттер делебеміз қозып, орнымызда қозғалақтап отыра алмай кетеміз. Сұрапылдығы сондай, арман-қиялдарға барып-келіп, әнмен шалқып, өзіміздің қайда жүргенімізді ұмытып қаламыз. Енді бұл кісінің мінсіз ән зергерлігін, ән орындау техникасын сөзбен жеткізу өте қиын. Әнді бірде былай құбылтса, келесіде мүлдем басқаша өрнектеп, бір жағынан енді ұстадым-ау деп отырғанда, екінші жағынан сытылып шығып кетеді.

Қарапайым ғана бір әннің бірнеше нұсқасын біледі, қай кезде үйреніп, қай уақытта мақамына салып алғаны беймәлім жұмбақ. Айтылмай жүрген, әлі илеуге түспеген әндерді бір-екі естіп алып құлпыртып, өзіңе қайта үйретіп, басқа сырларын ашып бергенде бас шайқайсың. Ойының ұшы-қиыры жоқтығына таңданып отырғаныңда, ұрымтал сәтті пайдаланып, тысқа шығып кетеді. Аңдып отырған біз есік сырттан жабылды-ау дегенде, домбыраны ала салып, жалма-жан, шыдамсыздана, жаңа ғана айтқан әндерінің кейбір тұстарын айғайға басып-басып қайталап есте сақтап қалуға тырысамыз.

Сырттан бой жазып, сыныпқа қайта кіргенде, тым-тырыс отыра қалатынбыз. Бір қызығы, сабақ барысында шыбынның ызыңы естілмес тыныштық орнайтын. Иә, ағамыз жай ғана күлімсіреп: «жаңағы қышқырып-пысқырып, қиқылдап айтып жатқан әндеріңді қайталап айтыңдаршы, ал» деп бір-біртіндеп тыңдайды бізді. Енді ән айтып көр, бағанағы бүлкіл жоқ, сасқалақтап ештеңе көрсете алмай қаласың.

Шыдамында шек жоқ, барлық әнімізді тыңдап болып, өзі домбырасын алып, қағып-қағып жібереді де, жіберген қателеріңді қойдай тоғытады. Өзіңнен өзің ұяласың. Ол – ол ма, домбырамен ән сүйемелдеу барысында, күтіп алып шығарып салатын жерлерінде, Қали, Байғабыл, Қосымжан, Жүсіпбектердің қағыстарын өзінше өңдеп, түрлентіп құйқылжытқанда жаның кіреді-ау. Сол аралықтарда диктафонымыз қосулы тұрады, бірнеше ән жазып аламыз. Жаңағы ән айтысынан соң, домбырадағы ешбір әншіде жоқ қағыстарды тыңдағаннан кейін, өзіңнен-өзің ән айтқың келе береді.

Сабақ барысы мен үшін өте қызықты өтетін. Бір таң қалатыным, шәкірттерін қалай дамыту керектігін, қайрау, жану, шабыттандыру, намыстандыру дегендерді өте жақсы меңгеріп алған. Жалғыз мен ғана емес, барлық шәкірттері таңертеңнен кешке дейін әнге дайындалып жүреді.

Әсілінде, нағыз әншінің ең басты қаруы – домбырасы. Домбыра жүрмесе, ән де жүрмейді. Оны кез келген өнерпаз жақсы білсе керек. Кезінде Үкілі Ыбырайдың қалтасында бірнеше тиек жүретін көрінеді. Әннің мінезіне қарай тиектері де ауысып отырыпты. Байқап қарасаң, домбыраның атқаратын қызметі зор. Шамамен, ұстазымда алты-жеті домбыра бар, әр сабақ сайын кезек-кезек әкеліп бізге ойнатады. Бастапқыда домбырасын тастап, тысқа шығып кеткенде, білдірмей тыңқ еткізіп шертіп жіберіп, өз домбыраммен салыстыратынмын. Соған қарап, мен де дыбыс іздей бастадым.

Домбыраларын өзі жөндеп, бетін ашып-жауып алатын шеберлігі бір төбе. Жақсы домбыралары жетерлік. Бірақ, неге бетін ашып, қайта жөндей береді десем, ертеректе бір тамаша домбырасын жоғалтып алыпты. Сол дыбысты үнемі іздейді екен. Оны сөз арасында өзі айтып отырады. Домбыраларының көбісін әдемілеп өрнектеп тесіп алады. Құдай бұл кісінің бойына сал-серінің болмыс-бітімін үйіп-төгіп бере салғандай.

Он үш жасында орындаған Қасымхан Асановтың «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Қызылорда вальсі», Ғазиздің әні «Ғазизді», С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», Мәдидің «Қарқаралы» әндерін тыңдасаң, сол уақыттың өзінде әнші болған екен ғой деп таң қаласың. Құдай әншілікті тумысынан берген сияқты. Өйткені, өзіндік қиялы, өзіндік мінезі, даралығын айқындап тұрады.

Қайрат ағаның әнді бұзбай, түпнұсқасымен сөзін ауыстырмай айтыңдар дегенін естіп келеміз. Сосын әндерге артық иірім қосқанды, соған ұқсас иірім, қайырымдардың қайта-қайта қайталанатын тұстарын қадағалап жүреді. Ұстазы Жүсекеңнен үйренген әндерінің ноталарын өзгертпей, қаз қалпында үтір-нүктесіне дейін тура сақтайды.

Бір байқағаным, менің ұстазым да, ұстазымның ұстазы да домбыра ойнауға аса шебер. Қайрат ағаның айтуынша, Жүсекең Әбікен Хасеновтің, Мағауия Хамзиннің күйлерін желдіртіп шертіп отырады екен. Бұл жайында белгілі күйші, профессор Орынбай Дүйсен ағамыздың айтқанынан да естідім. Ал, енді Қайрат аға шертпе күйлерді жастайынан әнмен қатар алып жүріпті. Жас кезде бұдан да көбірек үйрену керек еді дегенін бірде естіп қалғанмын. Дайрабайдың «Дайрабайын», Әшімтайдың «Қоңыр қазының» оң бұраудағы нұсқасын керемет шертеді. Жүсекеңнің дауысы – тенор, ал Қайрат ағаныкі – баритон. Домбыра тартыстарында да айырмашылықтар өте көп.

Жүсекең талдап тартса, Қайрат аға көсілдіріп жүргізіп тартады. Яғни, бұл жерде Қайрат аға ұстазының домбыра тартысын одан сайын дамытып, түрлендіре түскенін байқаймыз. Бұл ойым нақтырақ болуы үшін Жаяу Мұсаның «Сапар» әнін екі тарапта салыстырайық. Жүсекең бұл әнді оң бұрауда айтса, Қайрат аға теріс бұрауда орындайды. Егер Қайрат аға бұл әнді оң бұрауда орындағанда, басқа әншілерден ерекшелігі, айырмашылығы болмаған болар еді. Бұл әнде басты құндылық, айырмашылық, әншінің ән айтуынан бөлек өзінше өрнектеп (импровизация), жан-жақты құбылтуында болып отыр. Қос тұлғаның қазақ ән өнерінің дамуына, өркендеп ғылыми айналымға түсуіне қосқан үлестері қазақ әншілік өнерін бірнеше сатыға өсіріп отыр.

Қайрат ағаның әзілсүйгіш, өте көңілді адам екенін біраз өнер адамдары жақсы біледі. Бірақ, ұстазым сабақ барысында бөтен әңгімені жақтырмайтын, тиып тастап отыратын. Ұстаздық арақашықтықты сақтап жүреді.

Бір орайы келгенде, Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» деген әнін үйренгім келді. Қайырмасында «Ахау Бәлдижан, Бәлдижан» деп басталатын жері бар, кейбір әншілер «Әлдижан, Әлдижан» деп те айтады. Соның себебін сұрадым.

– Аға, «Бәлди» деген не сөз, қыздың аты ма? – деп едім.

– «Бәлди» емес, «Балғи» деп түзеді.

– Мен кейбір әншілерден «Бәлди» деп естіп қалдым, – дедім.

– Жоқ, бұл енді қызды еркелеткендегі емеуріні ғой, Жүсекең «Балғи» деп айтатын деді.

Расында Жүсекең «Балғижан» деп орындайды екен. Аудиожазбасынан тыңдап, көзім әбден жетті.

Бір ғажап қасиеті – шәкірттерін бөлмейді, тең көреді. Әрқайсымен әртүрлі дайындық жасайды. Ұстазым салған сара жол мені тура жолдан ешқашан адастырған емес. Сабақ барысында айтқан әңгімелерін, үйреткендерін қазір өз шәкірттеріме мақтанып айтып отырамын. Қайрат ағадай алып әнші, қазыналы ұстаз болу – кез келген шәкірт арманы. Ал, алдынан сабақ алып, шәкірті атанудың өзі үлкен бақыт.

Сырым МҰХАМЕТЖАНОВ,

өнертану ғылымдарының магистрі.

Басқа материалдар

Back to top button