«Senim» сенімге ие болып келеді
«Senim109» Бірыңғай үйлестіру орталығы іске қосылғаннан бері 800 мың өтінішті қарапты. Оның 80%-ы жедел шешілген көрінеді. Биылғы бес айда 50 мың өтінім қаралған. Аймақ тұрғындарын алаңдататын мәселелердің басында жолдардың жабылуы мен ашылуына қатысты өтініштер, одан кейін электрэнергиясының сөнуіне, қар тазалауға, көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, бұралқы иттерді аулауға, сондай-ақ, жолдардың жағдайына қатысты хабарламалар бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.
Бірыңғай үйлестіру орталығының директоры Азиза Карамулдинаның айтуынша, «Senim109» облыстың 13 қаласы мен аудандарын қамтиды. 220 мемлекеттік және 30 коммуналдық мекемелермен байланыс орнатқан.
– Өткен жылдың мамырынан бері тұрғындарының өтініштеріне жедел жауап беру үшін мониторингтік топ құрылды. Мониторингтік топ айтылған мәселенің шешілуін қадағалайды. Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының Call-орталығын «Senim109» қызметінің бірыңғай байланыс орталығына біріктіру жоспарлануда. Сондай-ақ, біздің Сall-орталықтың базасында Қарағанды облысының тұрғын үй қорын, атап айтқанда лифт шаруашылығын жаңғыртуға қатысты қоңырауларды қабылдау алаңы құрылады. Көптеген операциялық процестерді автоматтандыру аймақты дамыту ісіне халықты тартуға қол жеткізуге, облыс әкімдіктері мен оның бөлімдері қызметінің тиімділігін талдауға, сондай-ақ, тұрғындармен кері байланыс жасауға мүмкіндік берді, – дейді Азиза Даниярқызы.
Электрондық қызмет көп көмек
Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий басқарма жұмысына тоқталды.
– «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 3 374 бейнебақылау камерасы және жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 148 кешен жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері аталған кешендер жолда жасалған 37 мыңнан астам бұзушылықты анықтауға мүмкіндік берді, – дейді басқарма басшысы.
Мемлекеттік қызметті электронды түрде алу мүмкіндігі аймақта артып келеді. Мәселен, тұрғындар былтырдан бері жер учаскелерін рәсімдеуде электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланады. Облыстың 8 қаласында онлайн форматта өтініш беруге болады. Бұл ретте жер учаскелерін беруге қатысты барлық процесс оны таңдаудан тіркеуге дейін электронды форматқа ауыстырылғанын баса айту керек. Сонымен қатар, қарастыру мерзімі бір жылдан 30 күнге дейін қысқарды. Спикер бұл қызметті облыстың 4,5 мың тұрғыны қолданғанын атап өтті.
– Жемқорлық тәуекелдерін жою үшін қалалық қызметтердің IQala порталы бар, – дейді Константин Ильницкий. – Егер коммуналдық қызметтер ұсыну үшін немесе тіркелген адамды азайту үшін келісім жасау керек болса, оны үйден шықпай-ақ портал арқылы жасауға болады. Қазір порталда «Қарағанды Жарық», «ҚарағандыЖылуСбыт», «Теплотранзит Караганда», «КарагандаЭнергоСбыт», «Қарағанды Су», «ҚазТрансГаз Аймақ» және «Қазақтелеком» сынды ірі монополистердің 59 қызметі ұсынылған. Коммуналдық қызметтер қатары алдағы уақытта артады. Мұндай цифрлық қызметтерді жыл соңына қарай Теміртау және Балқаш қалаларының да тұрғындары алады.
IT-хаб жастарға мүмкіндік
«Террикон алқабы» IT және Digital саласындағы талантты жастарға таптырмас орта болып қалыптасып келеді. Ол IT секторын дамытатын дарынды жастарды тарту орталығына айналды. Аймақтағы террикон алқабының тәжірибесі негізінде өңірлік IT-хабтар республиканың басқа аймақтарында ашылуда. Өткен жылы 350-ден астам іс-шара өткізілді, оның ішінде, стартаптарды жеделдету және инкубациялау бойынша 7 бизнес-бағдарлама бар. Соның арқасында жобалар 450 миллион теңгеден астам табыс тапты.
IT кластердің бөлігі болып табылатын «Terricon school» заманауи бағдарламалау мектебі ең танымал және перспективалы бағдарламалау тілдерінде оқытуды ұсынады. Мектеп Astana Hub «Tech Orda» IT-стартаптар халықаралық технопаркі ұйымдастырған бағдарламалау мектептеріне қаржылық қолдау көрсету бағдарламасына қатысады.
– Қазіргі уақытта 90-ға жуық студент оқудан өтуде. Оның 58-і бағдарламалау мектептерін «Tech Orda» қаржылық қолдау бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Айта кету керек, бұл бастама Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан жылына 150 мың IT маманын даярлау тапсырмасын орындауға бағытталған, – деді Константин Ильницкий.
Байланыс пен интернет
Басқарма шалғай елдімекендердегі байланыс пен интернет сапасына былтырдан бастап, баса мән беріп келеді. Облыстың 6 ауылдық елдімекенінде байланыс желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін Абай ауданындағы Қоянды және Қойбас, Ақтоғай ауданындағы Қарасу, Қарқаралы ауданындағы Қаракөл және Аппаз, Бұқар жырау ауданының Төрткөл ауылында ұялы байланыс мүлде болмаған. Қазір төртінші буын кең жолақты интернетке қол жеткізді. Спикердің айтуынша, Нұра ауданының Тікенекті, Баршино, Талдысай, Жанбөбек және Құланөтпес ауылдарында үй интернеті қосылған. Жыл соңына дейін Ақтоғай ауданындағы Ақши ауылы мен Қарқаралы ауданының Ақжол, Талды, Қоянды, Абыз, Ақбай-Қызылбай, Айрық және Сарыобалы ауылдары төртінші буын мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі.
– Былтыр жыл соңында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілді. Ол Мемлекет басшысының елдің интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды. Оның негізгі мақсаты – халықты кем дегенде 100 Мбит/с жылдамдық интернетпен қамту. Жыл соңына дейін облыстың 42 елдімекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Жалпы, 2027 жылға дейін облыстағы 164 ауылдық елдімекен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі, – деді спикер.
Оның айтуынша, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылымды құру жоспары бар.
– Алдағы екі жылда 14 антенналық мачта құрылымын орнату жоспарланған. Баянауылға қарай жол бойымен келе жатқанда ұялы байланыс жоғалып кететінін бәрі біледі. Мұндай Балқаш пен Қарқаралы бағытында да байқалады. Антенналық діңгек құрылымдарының құрылысы аяқталғаннан кейін бұл мәселе шешімін табады. Тағы бір назар аударатын мәселе – 5G желісін одан әрі енгізу. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласында орталық бөлігінде – 3, Оңтүстік-Шығыс бөлігінде – 4, Майқұдықта – 4 және Пришахтинскіде 2 базалық станция орналастырылған. Келесі жылдың соңына дейін Қарағандыда тағы 45 базалық станция орнату жоспарлануда, – деді Константин Ильницкий.
Ол интернет жылдамдығының төмендігі оқу сапасының төмен болуына себеп екенін алға тартып, бұл мәселенің алдағы екі айдың ішінде SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы кең жолақты интернетке қосылуы арқылы шешілетінін жеткізді.
– Қазіргі уақытта мұндай интернетті Қарағанды негізгі орта мектебінің, Абай қаласының іргесіндегі Қызыл бөлімшеге қарасты №8 орта мектебінің және Осакаров ауданы, Ақпан ауылындағы №30 негізгі орта мектебінің балалары пайдаланады. 1 қыркүйектен бастап, облыстың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді, – деді ол.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz