Олжас Бектенов Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов пен Роман Скляр Ұлытау облысының жаңа әкімін таныстырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр Ұлытау облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.

Депутаттарға Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты – Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижелері бойынша 64 депутат 87%-ы Есет Байкеннің кандидатурасы үшін дауыс берді.

ҚР Президентінің тиісті жарлығымен Ұлытау облысының әкімі болып Есет Байкен тағайындалды.
Премьер-министр өңірдің жаңа әкімі Есет Байкенді таныстырды.

Сөз сөйлеу барысында Олжас Бектенов жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан дамуындағы маңызды тарихи кезеңнің бастауы болғанын баса айтты. Мемлекет басшысы жуырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында экономиканы дамудың жаңа моделіне көшіру міндетін қойды, бұл барлық деңгейде заманауи әрі тиімді жұмыс тәсілдері мен қағидаттарын енгізуді талап етеді.

Премьер-министр Президенттің өңір басшылығына берген бірқатар тапсырмасын атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылды. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Өңір басшылығына инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Сонымен қатар автомобиль жолдарының құрылысын, әсіресе Қарағанды – Жезқазған күре жолын салуды жеделдету қажет. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарының қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән беру қажет. Бұдан бөлек, Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік әлеуетті арттыру бойынша тапсырма берілді.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысының Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүзеге асыру халықтың тұрмысына оң әсер ететін нақты нәтижелер арқылы көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Есет Берікұлы Байкен 1986 жылы Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Баршын ауылында дүниеге келген.
2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2010 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Экономика бакалавры, құқықтану бакалавры.
Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші, сонан соң бас маман ретінде бастады.
2010 жылдан бері «Астана қаласы әкімдігі аппараты» ММ әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы.
2013 жылы Астана қаласы әкімінің бас инспекторы, «Астана қаласы әкімдігі аппараты» ММ ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің жетекшісі болып тағайындалды.
2016 жылы ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің хатшылық сарапшысы болды.
2017 жылдан бастап Нұра ауданы әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР Президенті Аппаратының Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.
Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі (02.08.2017–31.01.2019)
Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі (01.02.2019–03.07.2019)
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары (04.07.2019–28.08.2019)
Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының басшысы (29.08.2019–10.2020)
Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі (10.2020–02.2022)
Астана қаласы әкімінің орынбасары (02.2022 бастап)
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

