Басты тақырыпРуханият

Семей сапары

«Сендердің абзалдарың мінез-құлығы жақсы болғандарың»

Мұхаммед пайғамбар(с.ғ.с)

     1990 жылдың мамыр айының ортасы болатын. АІІБ-і бастығының сол кездегі саяси-тәрбие саласы бойынша орынбасары Әлиасқар Қапанұлы шақырып алды да «Сен, Нариман Шакирович бастаған топпен Семейге барасың, ағатайыңа барып жолық», – деді.

    Нарағам 25 мамыр күні ерте шығатынымызды, Қайнарға бір түнеп, одан әрі Абай ауданына – Қарауылда «Семей-Невада» қозғалысының бастамасымен өтетін ядролық жарылыстарға қарсы дүниежүзілік конгреске қатысатынымызды, оған Олжас Сүлейменов, шетелдерден көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысатынын, конгресс аяқталған соң Семей өтіп Қарқаралы райкомының тарихын Семейдің архивінен іздестіретінімізді, Сейтқұл ағаның жұмысы суретке түсіру, менің міндетім бұрынғы арап әрпімен жазылған документтерді оқып, кирилицаға түсіру екенін айтты.

     25 мамыр күні таңғы сағат 6-да жиналып, Исатай Шаниннің «Таблетка» УАЗ көлігімен жолға шықтық. Жолшыбай Қарағайлыға соғып, Мейірхайыр Қағазбаевты – Қарағайлы КБК-ның партком хатшысын алдық.

Кештетіп Қайнарға да жеттік. Жолбасшымыз:

    «Әуелі Бәкен ақсақалдың үйіне соғып сәлем берейік», – деді. Бәкен ақсақал деп отырғаны, белгілі журналист Қарлығаш Құспанованың әкесі екен.

     Нарағамның Қайнардағы «бекеті» кішігірім тойға дайындалғандай сыңайлы. Үй-ішімен амандасып, танысқанша, Қарқаралыдан конгресс делегаттарының екінші легі – Қарқаралы ауданы «Семей-Невада» қозғалысының төрағасы Мақсым Омарбеков, журналист Қарлығаш Құспанова және редакция УАЗ-ының жүргізушісі Гайдар Қабасов келіп жетті.

     Қайнарда басы қосылып «бүтінделген» Қарқаралының делегациясы ертеңіне түске қарай қос УАЗ-бен Қарауылтөбеге бет бұрдық.

     Абай ауданының райкомына кіріп тіркелдік. Басына құс қауырсынын тағынған үндіс пен малдас құрған қазақ бейнеленген дөңгелек белгі алып кеудемізге тағындық – толыққанды конгресс делегаты қалпына ендік.

    Нарағамның бұл сапардағы кейпі жол жүру жағдайына төселгенін былай қойғанда, өзімен сапарлас адамдардың ыңғайсыз жағдайда қалмауын бірінші кезекке қоюы, оның адамгершілігінің айнасы сипатты еді. Әйтпесе, райкомға кірген біздерді жарқын қарсы алғандарымен, тамақ даярлап, күтерлік кейіптері байқалмады – өздерімен-өздері әбігер, қарбалас дүние. Енді ше, жан-жақтан, оның ішінде шетелдерден қаншама делегация келмек. Оларды қарсы алу, орналастыру, бабын табу оңай емес қой.

     Нарағамның сапарластарының жағдайын туғызып жүруі де өз алдына жеке жұмысы сияқты еді. Ол кісі сапарластарының ішіндегі ең кішісі – бала, мені де баласынып сырт қалдырған емес. Қайта, мені бірінші іздейді де өзінің қасына отырғызып алады.

    Ертеңіне, түске қарай Қарауыл төбенің сыртын бетке алып, конгресс болатын жерге келдік.

    Ат шаптырым жазыққа дөңгелете ақшаңқан киіз үйлерді тігіп тастаған. Бізді, Қарқаралы делегациясын қайнарлықтар тіккен киіз үйге орналастырды.

   Келген делегацияның санын адам білместей, ығы-жығы халық. Сол жерден 46 «Икарус» автобусының келгенін санадық.

   Конгресс жиналысы ұзаққа созылған жоқ. Әр елден келген беделді тұлғалар өз ойлары мен пікірлерін қысқаша мәлімдеді, соңы концертке ұласты.

    Олжас Сүлейменов Қарауылтөбенің етегіне орнатылған қара мрамор ескерткіштің ашылу рәсімін жасап, ол жерде Хиросима, Нагасаки және Семей полигоны құрбандарына ескерткіш орнатылатынын жариялады.

   Түн ішінде дала жолының екі жағына лаулатып жағылған оттың ортасынан ұрандап өтіп, әр адам бір-бір тастан лақтырып, үйінді жасадық.

   Қайнарлықтардың арнайы тіккен киіз үйінде қарқаралылықтар жеке дөңгелек жер үстелге жайғастық. Көрші үстелге өзге қонақтармен бірге Невада штатынан келген қыз бен жігіт жайғасты. Нарағам бұл жерде де өзінің жан-жақтылығын танытып, әлгі екеуімен танысып алды да, өзінің қасына шақырды. Аудармашы арқылы әңгімелесіп, қызға ғашық болып қалғанын айтып соңын қалжыңға айналдырды.

    Сөйтсек, невадалық қонақтарды киіз үйге енгізгенімен, оларды күтуге арнайы адам бөлінбей қалған екен. Осыны байқаған Нарағам оларды өзінің жанына отырғызып, қазақи дәстүрді, дастарқандағы тағамдардың қасиетін, жасалуын, денсаулыққа пайдасын, өзге де дүниелерді түсіндіріп, әрі қалжың сөздермен күлдіріп қонақтарды сергітіп отырды.

   Сөйтіп, Нарағам шетелдік қонақтарды бауырына тартып, қайнарлықтарды ыңғайсыздықтан аман алып қалды, әрі қазақ дәстүрін түсіндіріп, ұлт туын бір көтеріп тастады.

   Мақсым ағам киіз үйдегі ас үстінде бұйра қап-қара шашы иығына түскен, сақалды, жылтыр қара кәстөм-шалбар киген, ұзын бойлы, арықша келген қазақ жігітімен танысып, соңынан қайнарлықтардың киіз үйінің көлеңкесінде ұзақ сұхбаттасты. Мақсым ағамның айтуына қарағанда Алмас Естеков сол кездегі билікпен «мінезі жараспай» шет елге кетіп қалғанға ұқсайды. Сұхбат тақырыбы бізге беймәлім… Нарағам «Мақаңның қасындағы кім, өзі бұзақыға ұқсайды екен», – деп сұрап қояды.

    Осы сапар Нарағамның бастамасымен Жидебайдағы мұражайға соғып, тамашаладық. Мұражай меңгерушісі Ғазиз Күзембаев әрқайсымызға Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірбаяны, өлеңдері мен әндері /ноталары/ жазылған «Аманат» атты кітапты бұрыштама жазып, сыйға тартты.

    Мұражайдың әрбір экспонаты өзінше сыр шертеді. Тілсіз экспонаттармен сөйлесудің кілтін мұражай меңгерушісі Ғазиз Рахымұлы ашып, әрқайсысын жеке сипаттап, оның шығуы, жасалуы, қолданылуы, мұражайға жеткізілу тарихын егжей-тегжей әңгімелеп берді.

    Мұражайдан әрқайсымыз мол әсер алып шықтық. Жол сапарының санатты әңгімесі Бәкен ақсақал мен Нарағам арасында қыза түсті.

   Тартымды әңгіме жетегіне еріп Семейге түн ішінде жеттік. Күндіз Семей архивінің «шаңын қағып» Қарқаралы аупарткомына қатысты құжаттарды іздестіреміз. Бұл менің архив сөрелерін бірінші көруім еді. Кешкілік Нарағамның туыстарының, таныстарының үйіне қонаққа барамыз. Әр отбасы құрақ ұшып қарсы алады.

      Соңғы күні Нарағам «демалыс» жариялады. Бәріміз Семей қаласын араладық, Сейтқұл ағам суретке түсірді.

     Іс-сапарды тәмамдап, шама-шарқымызша жинаған тарихи құжаттарды алып, Қарқаралыға олжалы оралдық. Біздің әкелген тарихи құжаттарымыз Қарқаралы аупарткомының 70 жылдық мерейтойын атап өтуге кәдеге жарады.

    Қарқаралы жұртына мейлінше еңбегі сіңген, көптеген ұстаздарды, мемлекеттік қызмет кадрларын даярлаған, үлкен жүректі, көркем мінезді, көпшіл, атын алтын әріппен жазуға тұратұғын үлкен адам – Нарағамен сапарлас болу балаң жігіттердің әрқайсысының басына бұйыра бермесе керек.

    «Семей сапары» мен үшін «ел көріп, жер көріптен» бөлек – кәдімгі мәдени, рухани сабақ-сапар болды.

     Бұл сапардан мен өте көп, пайдалы әсер алып қайттым. Бастысы – басшы азаматтардың барлығының кекірек бола бермейтіне көзім жетті, Адами дұрыстықты көрдім, куәсі болдым.

    Нариман – «Нар» және «Иман» сөзінен құралған өте үлкен мағаналы қазақ аты.

    Нар – күштіліктің, төзімділіктің, биіктіктің және маңғаздықтың белгісі болса, Иман – Ұлы Ислам дінінің басты қағидасы, адамгершіліктің ең биік шыңы.

   Қазақтың «Атына заты сай» деген баламасы дәл Нарағаңдай тұлғаларға қатысты айтылған болар.

   Осы күні сонау 1979 жыл есіме еміс-еміс түсе береді. Сол жылы Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектептің 8 класын тәмамдап, қаладағы зооветеринарлық техникумға түсуге бет бұрдым.

  Онжылдықты тәмамдап жоғары оқуға түсе қою мен үшін шындығында қиындау болатын.

   Сол себепті, төменнен бастап орта арнайы білім ала берсем, кейінгісін тағы көре жатармын деп ойлағанмын.

   Өкінішке орай, мектепке соншалықты «қажеттігі бар» оқушы болмасамда, техникумға оқуға баруыма мектеп басшылығы қарсы болды, құжаттарымды бермеді. «Сала қоятын» адам да болмады. Жанашыр мұғалімдер «документіңді бермеуге правосы жоқ» дейді, бірақ, өздері кірісуге дәрмендері жетпейді.

   Қыркүйек туып, қатарластарым тегіс қалаған сабақтарына кірді. Мен мектепке бармадым. Қыркүйектің 10-ы болды. Әшейінде сабаққа уақытында тұра қоймасаң «шаңыңды қағып алатын» әкем он күн бойы үндемеді. Жолымның түспегеніне ішінен ол кісі де қапалы болатын.

   Біраз кластастарым қаладағы № 72-ші кәсіптік училищеге түсіп, («квота» әр кластан 5 оқушы) оқып жатыр. Ол жаққа барып сұрастырсам документ болса қабылдай береді екен. Ал, маған мектептен документті кім бере қояды.

   Сөйтіп жүріп жақсылығына сырттай құлағым қанық жақсы адам ойыма түсті. Қыркүйектің 14-і не 15-сі болса керек, райкомға, Нариман Орманбетовке бардым. Ол кезде ол кісінің қызметінің де қандай екенін білмеймін. Әйтеуір сөзі өтетін райкомның белді басшы қызметкері екенін ғана білемін.

   Нариман Шәкірұлы галстугін түзеп қойып, жылы қарсы алды. Жағдайымды тізбектеп айтып шықтым және мектепке барғым келмейтінін де айттым.

   Өзге сұрақ қоймастан, аты-жөнімді сұрап алды. Сосын телефон трубкасын көтеріп, дөңгелетіп цифрларды терді де, біреумен сөйлесті. Соңынан: «менің атымнан барады, қабылдау қажет», – деді.

   Сол күннен бастап Нарағамның арқасында кәсіптік училищеге қабылдандым. Соңымнан документім «өзі келді».

   Сөйтіп, райкомның басшы қызметкері баланы қабылдап, оның шаруасын бірден шешіп бере салды.

   «Ол кісінің орнында басқа береу болса ше?», – деп ойлаймын осы күні. «Сен кімсің, мектепке бармаймын дегенің не, совет тәртібіне неге бағынбайсың» дегендей немесе соған төркіндес сұрақтың астына алар ма еді, тіпті, «мектебіңе қайтып бар» дер ме еді?

   Осы күні Нарағамның тұлғасына ұқсайтын адамдарды жан-жағымнан ойша, көңілмен іздестіремін… «Заманына қарай адамы».

    Нарағамның құдай қосқан жары, ұрпағының анасы, менің ұстазым Рымбала Сәдуақасқызы кездесе қалған жерде: «Манарбекті Нарекең өте жақсы көретін», – деп көпшілік арасында айтып отырады. Ол сөздер мен үшін үлкен мәртебе. Нарағамның тұлғасы, ол кісімен бірге жүрген «Семей сапары» менің жадымда мәңгі қалды. Бәрі де кешегідей, көз алдымда. Өмір – өзенде Нарағамның сенімін ақтап келе жатырмын-ау деп ойлаймын.

    Мінеки, Қарқаралы халқы атынан Нарағам бастап барған делегация Семей зұлматының жабылуына осылайша өз үлесін қосып қайттық.

Манарбек КӘРІМ,

Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің басшысы.

Суретте: Семей сапарынан көрініс. Гайдар Қабасов, Алмас Естеков, Бәкен ақсақал, Нар-Ағам, Мейірқайыр Қағазбаев, мен және Исатай Шанин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button