Рухани жаңғыруРуханият

«Самородный сары алтын”

Мен Қасым ақынның несімен Қасым екенін айтқым келді. Бірақ Аманжолов емес. Басқа. Теміртаулық Қасым Ботанов. Ақынның шығармашылық кештері қала деңгейінде аталып өтсе де, облыс, қалаберді республика көлеміне есімі әлі де кеңінен танымал бола қоймағанына қапалымын. Көзі тірі кезінде айтып қалғанға не жетсін?! «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген қанатты сөз бар. Бірақ жырының қуаты, поэтикалық арсеналының байлығы провинциал ақын қатарына жатқызбайды оны. Кешегі нәзік-сырлы Кәрім Сауғабаев, Тұрсын Жұмашевтар фәни жалғаннан біржола көшсе де, иланымды, отты өлеңдері көптеген оқырманның көңіл түкпірінде сақталып, шоқ боп маздап жатқаны жасырын емес. Оларды провинциал ақын деп қалай айтарсыз?! Қасым Ботанов та сол қатардан.

Әсілінде шығармасы жүрегіңнің төрінде көптен күткен сыйлы қонақтай жайғасып орын таппаса, ол жөнінде пікір айтудың қажеті шамалы. Өз басым қызуы кем, бірақ көзтаныс болған соң мақтауға тура келіп, шығармашылығын сөз еткенде қолданатын әбден таптаурын, жауыр болған қадірі аз сөздерге жатырқай қараймын. Шынайы көңілден, ақадал жүректен шықпаған соң, олардан міндетсудің қолқаңды алар қоламта иісі аңқып тұрады. Ал, Қасым ағаға келгенде әңгіменің жөні тым басқа.

Оның есімі естілгеннен-ақ, жаныма шуақ, жүрегіме қуат құйылғандай болады. Мұның сыры алдымен адамдықтан бастау алатын адами келбетінде, кесек кісілік мінезінде жатыр. Қасекеңнің кімнің де болмасын меселін қайтармайтын, сүрінгенді демеп, жығылғанды тіреп жүретін, ұдайы қол ұшын беруге дайын тұратын өзіне ғана тән аяулы мінезі бар. Жуанмәрттік осы қалпынан ол ешуақытта тайған емес, ісі түссе, бұра тартатын табанының бүрі жоқ кейбір жандардың санатында емес ол. Теміртау, қалаберді облысымыздың көптеген азаматы оның атымтай-жомарттығын көрген, дәмін татқан. Меценаттық – Қасекеңнің бір қыры. Бірақ онысын айғайлап әйгілемейді. Үнсіз тындырады. Қасекең осы ірі мінезінен әлі бір таймай келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халқымыз. Әйтпесе мына сияқты қалт-құлт еткен аумалы-төкпелі, есігінен мереке, бесігінен береке кеткен рухани игіліктердің бәсі кем түскен заманда кереметті көктен күтіп, игілік пен ізгілікті айтпай, құрдымға жіберіп, қимылсыз қол қусырып, қарап отырудың өзі күнәдай. Бұл кезең – адамдық пен надандықтың, тектілік пен мәңгүрттіктің сыналар шағы десек те болмай ма?! Сонау 90-жылдары ат төбеліндей Теміртау қазақтары төл газетін шығармақ болғанда, Қасекең сөзге келмей, өз қызметінің жанынан ойып тұрып екі бөлмелі баспана бергенін әлі ұмыта қойған жоқ. Бір анығы – қазақтың рухын көтеретін, өрелі де келелі ісін ұдайы қолдайтын шын мәніндегі меценат Қасым Ботановтың сегіз қырлы, бір сырлы кісілік келбеті осылай ажарланады…

Өмір дерегіне жүгінсек, өткен ғасырдың ортан белінде оқуын бітірісімен жолдамамен шалғай шеттегі Татарстанға кеткен Қасым аға қазақтың басты өнері – өлеңнен бір сәтке де іргесін аулақ салмады. «Ат айналып қазығын табар» дегендей, араға он шақты жыл салып, сары дала Сарыарқаның кіндік тұсы – Теміртауға келіп орын тепкенде, негізгі қызметін атқара жүріп (тіс дәрігері), өлең-жырды назардан тыс қалдырмады. Ойы дестеленіп, кемелденген сайын, сөзі кестеленіп, көркемделе түсті. Қаламынан туған сұлу да сырлы өлеңдері жарқыл ата бастады. Қаламының желі бар Қасекең әр жылдары ай сәулелі, күн шуақты өлеңдерінен тұратын «Аяулы менің аңызым», «Жиһангер жұлдыз», «Жанама жалған» секілді талай жыр топтамаларын шығарды. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған ақын шығармашылығының түйінді қорытындысындай «Нұр жаусын!» атты топтамалы өлеңдер жинағын қалың оқырманға ұсынды. («Tengri. ltd» ЖШС баспаханасы, 2020 ж.). Жыр жинағын неге бұлайша атауын ақынның өзі былай деп пайымдайды: «Бүгінгі ғалымдар, жаратылыстың құпиясына үңіліп, атомды бөлшектеп, электронды санап, ақырында ақылға бағынбайтын, әрі бөлінбейтін тылсым – НҰР-ға (ғылым тілінде – ФОТОН-ға) тіреліп отыр. Осы бір ғажайып НҰР-дан электрондар, атомдар, құлағының ұшы көрініп жүрген молекулалар, қалаберді өзіміз және бізді қоршаған, көз жетіп көңіліміз сезетін дүние – ғалам пайда болыпты. Халықтың – Алла алдымен Нұрды жаратқан («Інжілде» – «Да будет свет!») деуі тектен-тек айтылмаған. Өйткені, бүкіл жиһанның алғашқы негізін құраған – ғажайып НҰР екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Ғалымдарға жалын сипатпай келе жатқан бұл ғажайыпта, бір-біріне мүлдем қарама-қайшы келетін Толқын (құбылыс) мен Түйіршіктің (зат) қасиеттері тоғысады екен. Осыдан КВАНТ теориясы туындайды. Сонымен, біздің санамыздағы Жаһан, әуел бастан қарама-қайшылықтардан тұрады. Жарық пен түнек, махаббат пен ғадауат, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық. Тұла бойы қайшылыққа тұнған Адам да нұрдан жаратылған біртұтас әлемдік құбылыс. Бұларды бөліп қарастыру мүмкін емес. Мұсылман қауымы бір-біріне «Ассалаумағалейкум!» деген тілекпен сәлемдеседі. Бұл біздің тілімізде – «Нұр жаусын!» деген ұғымды білдіреді. Жауабы – «Уағалейкумассалам!» – «Жалғыз маған емес, бар әлемге жаусын!» деген лебіз. Өзіміздің қазақ тіліне аударсақ, сәлеміміз – «Нұр жаусын!» болады да, жауабы – «Әлемге жаусын!» болып шығады». Жыр жинағының аталымы төркінінде осындай әспетті ой жатыр.

Қасекеңнің мінезі мен өлеңінде алшақтық жоқ. Мейірімді, адал, аузын ашса көмейі көрінетін аңғал, ақпейіл, бала мінезді Қасым ағамыздың өлеңі де өзі сияқты қарапайым, адалдықтың алтын жібімен өріліп, өрнегін табады.

«Дауласудан, жауласудан дін аман,

Кәдімгі бір қорқатындай кінәдан.

Ережесіз, қағидасыз өмірде,

Қарға адым жер аттамайды бұл адам…

Көңіл шіркін сабасына келе алмай,

Күн кешесің ережені жеңе алмай.

Белгілі жай еш күнәсіз жүріп-ақ,

Пейішке де қаламыз ғой ене алмай», – дейді «Ереже» өлеңінде.

Ақын да сәби мінезді, белгілі бір қалыппен, сызып қойған ережемен жүрмейтіні кәдік. Біреудің ала жібін аттамаған ақын көңілінің кейде еркіндікке, асаулыққа ұмтылуы заңды-ақ. Оған имандай сенесің. Ақынның қалыптасып қалған ақындық кредосы оқушысын иландыра алумен өлшенуі тиіс. Шын ақын мен құр ақынды ажырата білетін «тура би» сыншы – жыр түсінер оқырман. Өлеңсүйер қауым ғана «жүрек көзімен» оқып көріп, асыл мен жасықты айыра алады. Өлең мехнаты өмірдегі бақытқа әкеледі. Қасым Ботановтың бақыты – өлеңінде. Табиғаттың лезде өзгеретін аумалы-төкпелі мінезін ақын былайша өрнектейді:

«…Таң шапағын төгіп тұр аямай-ақ,

Шалшық кешіп самал жүр жалаңаяқ.

Жылап алып жүгіріп кететұғын,

Табиғаттың мінезі баладай-ақ… («Мінез»).

Әдебиетте өліге жан бітіретін кейіптеу тәсілі бар. Осыны Қасекең әдемі қолданады. «Шалшық кешіп самал жүр жалаңаяқ» – осының куәсі.

Жалпы, ақындық сияқты қасиетті, құдіретті өнердің жолына түсу, соның «ауруымен ауыру», екінің бірінің басына қона бермейтін бақ. Мұны ақындық ауруымен ауырғандар ғана түсінеді. Қасекең өлең кептерін – бақыт құсын аялай біліп, басына қондыра білген, санаңа шырақ жағып, жүрегіңе нұр құятын, қиялыңа шабыт бітіріп, жігер жанитын, өмірдің өзіндей әдемі жыр туғызған ақын. Қасым Ботановтың сонеттері әдемі. Қазіргі қазақ назымына (поэзиясына) кейіннен қосылса да, ұлттық ою-өрнегімен бедерленіп үлгерген өлең түрлерінің бірі осы – сонет . Демек, ақын үздіксіз даму, өсу үстінде болғанының айғағы. Өйткені, сонет – жалпы өлең өнеріндегі ерекше көркем құбылыс қатарына жататын сұлу поэзия түрлерінің бірі. Сондықтан да, ол шын мәніндегі талант құдіретін керек етеді. Он төрт жолдан тұратын дәреже-деңгейі жоғары бұл өлең түріне екінің бірі бара алмау себебі – қалыптасқан дәстүрлі форма пішінін берік сақтай отырып, өлеңнің ішкі мазмұнының идеялық-көркемдік жағын да үйлесіммен тең ұстап, шектеулі үдеден шығу қиындығында жатса керек. Қасекең сол үдеден шыға білген.

Бір анығы – ақынның ақындық болмысын танытатын көп қырлылық, ең әуелі оның поэтикалық арсеналының байлығын білдірсе, оған үлкен ізденістің, шығармашылық өсудің, таным өрісінің кеңеюінің нәтижесінде ғана жетуге болады. Ғажабы сол, Қасым Ботановтың да дарын қуатымен ерекшелігі мол, еуропалықтарға тән өлең түрі поэтикалық қалыбы бөлек қазақтың қолтума қара өлеңіне оп-оңай айналып, келісті үйлесімін табады. Тар аяда ақын айтам деген ойын емін-еркін жеткізеді. Бұл – сөз шеберінің ақындық диапозоны мейлінше кең екендігінің дәлелі.

Ақын алдында – сексеннің сеңгірі тұр. Сол мұзартқа жыр пырағын мініп, шабытпен шығатынына кәміл сенгіміз келеді. Алдын ала болжауды Құдай сүймейді. «Құдайды күлдіргің келсе, жоспарыңды айт» деген бар ғой. Ақынға Алла ғұмыр берсін деп тілейік.

Елеужан СЕРІМОВ, заң ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button