Сәкен театры Түркияға барады
Қарағанды мәдени ошақтарының ішінде «Арқаның Ақсарайы» атанған Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының орны бөлек. Биылғы 91 маусым аясында түрлі тың қойылымдарымен көрермендерін қуантып жатқан қарашаңырақта Арқа төріндегі айтулы шаралар, небір думанды жиындар дүрілдеп өтіп жатады. Қазақ поэзиясының алыбы Сырбай Мәуленов атақты Сәкен Сейфуллинді: «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, өлеңнің құшағына сыя алмайтын. «Қазақты көргің келсе, міне, осы деп» деп, көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» деп жырға қосқан екен. Ал, Сәкен театрын да кенді өлкеге табан тіреген кез келген қонаққа ұялмай көрсетуге тұрарлық өнер ордасы дер едік.
1931 жылы партия Қарағандының көмір қорын игеру туралы шешім шығарып, Қаулы қабылданып, Одақтың әр түпкірінен Қарағандыға түрлі ұлт өкілдері ағылды.
Одақтағы үшінші «кочегарка» атанған көмірлі өлкеге көптеп келген жұмысшы күші негізінен жастар болды. Ал, мәдени ойын-сауық отауы, рухани демалатын орын жоқтың қасы еді. Сондықтан, жастардың жергілікті жерде тұрақтап қалуы үшін комсомол комитеті Өлкелік комсомол комитетінің үлгісімен Қарағандыда Жұмысшы жастар театрын ашу қолға алынды.
Атап айтсақ, 1931 жылдың аяғында «драмкружоктар» құрылып, 1932 жылы қазіргі Сәкен театрының іргетасы – Жұмысшы жастар театры болып қаланды. «Драмкружоктан» бастаған тұңғыш артистер қатарында Зейнел Көшкімбаев (кейіннен ҚазCCР-ның еңбек сіңірген артисі), Нұрмағамбет, Торша Жабаевтар, Жәмила Шашкина (Қазақстанның халық артисі), Бүкшебай Шалов, Үнзила Әбеуова, Мапруза Баязитова және тағы басқа таланттар болған.
1934 жылы театр труппасына келіп қосылғандар қатарында: режиссер Р.Ильматов, кейіннен ҚазақССР-ның халық артистері атанған Рахия Қойшыбаева, Мүлік Сүртібаев, Әйкен Мұсабекова және ҚазақССР-нің еңбек сіңірген артистері атанған Әнуар Шәймерденов пен Мұқан Бектеновтер болды.
Алғаш рет сахна шымылдығы Ж.Шанин мен Қ.Байсейітовтің «Зәуре» пьесасы бойынша қойылған спектакльмен ашылды. 1936 жылы Петропавлдан бөлінген соң, Қарағанды облыс орталығы мәртебесіне ие болып, облыстық қазақ драма театры, біраз уақыттан соң облыстық музыкалық қазақ драма театры болып қайта құрылады.
Небір сахна саңлағының ізі қалған, көптеген дарынның қанатын қатайтқан киелі орда осы кезге дейін бірталай белесті бағындырған. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, елдің алғысына бөленіп жүр. Бүгінде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов сияқты аға буын өкілдері бастаған Дина Заитова, Айдос Нұрмағанбетов, Ахай Жұмамұратов сынды жас талантты актерлер қоштаған ұжымды Құрман Қалымов жемісті басқарып келеді. Марқұм Сансызбай Бекболатов басқарған тұста театрға академиялық атақ берілгенін атап өткен жөн.
– 90 жылдық тарихы бар Сәкен театры маған дейін де жарқыраған, менен кейін де жарқырап тұра береді. КСРО кезінде мемлекеттік сыйлықты алған жалғыз облыстық театр. Мәртебесі – өте биік. Ұжымдық жүйе әбден қалыптасқан. Көне тарихтан сыр шертетін алғашқы қазақ театрларының бірі. Біз не істесек, өз міндемізді орындадық. Асқар таудай ағалардың игі бастамаларын, сара жолын жалғастырудамыз. Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы көп қолдау көрсетіп отыр. Өнер жанашырлары баршылық. Мәртебеміз сондықтан да биік тұр. Біздікі – 90 жылдан бері жасалған еңбектің заңды жалғасы. Сол биік мәртебені жоғары деңгейде ұстап тұра алсақ – мақсатымыздың орындалғаны, – деген еді бір сұхбатында Құрман Өмірбекұлы.
Іргелі театрдың шығармашылық жолдағы жетістіктері мол. Әріге бармай-ақ, былтыр Мәскеудегі Е.Вахтангов театрынан режиссер Гүлназ Балпеисованы командасымен шақырып, «Қаракөз» шығармасын қойғаны ерекше оқиға болды. Қойылым аншлагпен өтті. Жалпы, қазір театрдың әр қойылымы аншлагпен өтетінін айта кету керек.
Көрерменнің театрға өз еркімен келуі – үлкен жетістік. Қазір ұжым сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Айдын Салбан сахналаған «Ұлтқа қызмет» спектаклі халықтың сол кездегі көңіл-күйін дөп басса, Шерхан Мұртазаның күрделі «Текебұрқақ» туындысы, Оралхан Бөкейдің «Атаукересі», Шыңғыс Айтматовтың «Арманым – Әселім», Кеңес Жұмабековтің «Рахымжанның Қасымы» және басқа да бірқатар қойылым көрермендердің көңілінен шықты.
Осы тұста театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Абзалбекұлының ерен еңбегін атап өткен жөн. Айдын Абзалбекұлы шетелге барып, спектакль қойған білікті маман. Башқұртстанда спектакль қойып, «Үздік режиссер» атанған. Былтыр Қ.Қуанышбаев театрында қойған моноспектаклі оған «Үздік режиссер» атағын алып берді. Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына орай өткен фестивальде тағы да «Үздік режиссер» деп танылды.
Былтыр театрдың бес бірдей қызметкері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Мамыр айының 22-сі мен 1 маусым аралығында театр ұжымы Түркияның Трабзон және Конья қалаларында Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» туындысымен екі бірдей театр фестивалінде бақ сынайды.
Бұдан бөлек, былтыр 1 маусым халықаралық балалар мерекесінде Айдын Салбанның «Ойыншықтар оянғанда», кейін «Мұзды өлке» атты балаларға арналған қойылымы сәтті сахналанды. Енді, биыл 1 маусымда балалар мерекесіне орай, Алматыдан қуыршақ театры бағытында арнайы білімі бар мамандарды шақырып, театр жанынан қуыршақ театрын ашуды жоспарлап отыр.
Тағы бір жақсы жаңалық – театр оркестрінің құрылуы. Бұл – алдағы уақытта музыкалық академиялық қазақ драма театры болуға деген нақты қадам. Бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылуда. Оркестр жасақталған. Құрамында 21 музыкант маман бар. Дирижері – Әбілқайыр Сағынбаев. Қыркүйек айында оркестрдің сүйемелдеуімен классикалық «Қыз Жібек» туындысын сахналауды жоспарлап отыр. Ал, әндерді театр әртістері орындайды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz