Басты тақырыпРуханият

Ұрпақ игілігі – ұлы рух

    Ұлы Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ өмір жолы мен шығармашылығы елімізде күн сайын насихатталып жатса – артық емес. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған жазушының Алаш қана емес, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқырмандар білімін толықтырып, қиын да қызықты тағдырын келешек ұрпаққа үлгі ету – эстетикалық тәрбие. Осы орайда, Шет аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімнің ұйымдастырумен Мәдениет үйінде «Шоқтығы биік жазушы» атты оқырмандар конференциясы өтті.

«М.Әуезовтің туғанына 120 жыл» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, әдеби шолу жасалды. Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер – әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан адамзатқа ортақ тұлға. Тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі.

Ұлы жазушының 120 жылдық мерейтойында 60 жыл кейін шегініп, жазушының Ташкентте ұлттар достығы съезінде сөйлеген бейнетаспадағы даусы оқырмандар назарына ұсынылды. «Бала Мұхтардан – дана Мұхтарға дейін» атты М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесіне арналған шағын слайд көрсетілді. Жазушы шығармашылығы жайында кітапханашы М.Құнанбаева «Әуезовтің әдеби мұрасы» және «М.Әуезов – әлем әдебиеті мойындаған тұлға» атты мәлімдеме жасады. Әдебиетші, өнерпаз Берікбол Амангелді М.Әуезовтің шығармаларына шағын шолу жасаса, оны кітапханашы Г.Мұхтарова «Ұлылық үлгісі» атты деректі баянымен толықтырды.

«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. Оның қазақ көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелгені – өз алдына бөлек әңгіме. Шығарманың әлем әдебиетінде «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алғанын бүгінгі ұрпақ құлағына сіңіре беруіміз керек, әрине. Осыған орай, дәстүрлі әншілердің Ж.Елебеков атындағы республикалық байқауының лауреаты Еркебұлан Ахметов Абайдың «Сегіз аяқ» әнін орындады.

Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан алған әсері жөнінде аудандық кітапхананың жас оқырманы, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Қарақат Құрмашева баяндап берді. Жазушының ғылыми еңбектері, очерк, мақалаларына Б.Шідербекова тоқталды. Ол 1917 жылы жазған «Адамдық негізі – әйел» деп аталатын публицистикалық мақаласының өзінде елдік, мемлекеттік ойлар айтқан. «Ел болам десең – бесігіңді түзе!» деген М.Әуезов сөзін қазақтың әрбір шаңырағы маңдайшасына ойып жазып қойса, артық емес.

Оқырмандар конференциясы барысында М.Әуезов туралы оқырмандарымыз қаншалықты білетінін анықтау мақсатында сұрақ-жауап алынды. «Естеліктер сыр шертеді» слайды арқылы оқырмандарға М.Әуезовтің мұражайы таныстырылды. Ұлы суреткер өмірден өткеннен кейін өкімет қаулысымен 1963 жылы өзінің тұрған үйі мұражайға айналды.

Оқырмандар конференциясын ұйымдастырушы – тәлімгер, мәдениет қайраткері Гүлшара Қамиқызы сөз алып, рухани шараны қорытындылады. М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпаққа да сарқылмас игiлiк, ұлы рух. Оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiн ұрпақ жадында жаңғыртпай, ел боламыз деу – күмәнді әрекет.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button