Өмірі өнеге еді

Аймақ-атырапқа аты кеңінен танымал абыз тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің фәни жалғаннан бақиға озғанына да жыл толып қалыпты…

Сұлтан Қапарұлы 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы, Шұқыркөл ауылында туған. Мамандығы бойынша – заңгер, экономист-ғалым, доцент, профессор. Еңбек жолын Қарағанды политехникалық институтында (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) оқытушылықтан бастаған. Кейінде іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен танылып, партия, кеңес жұмысына, басшылық қызметтерге тартылған. 1963-1969 жж. Қазақстан КП Қарағанды обкомының хатшысы, екінші хатшысы, 1969-1982 жж. Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Кенді өлкенің өсіп-өркендеуіне есепсіз еңбек сіңірді. Кейінде сан арналы білім саласына бет бұрып, 1982-1996 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық институтының ректоры болды. Осы кезеңде оқу орнының қанатын кеңге жайып, бет-беделінің қалыптасуына, қоғам өмірі үшін аса маңызды маман мұғалімдер даярлау ісіне ұзақ жылдарғы бай іс-тәжірибесімен лепті үлес қосты. Бұрындары бірер ғана мамандық бойынша кадрлар дайындайтын оқу орнының жанынан бірнеше факультет ашылып, іргелі білім ордасына айналды. 97-жылдары осы оқу орны жабылғаннан кейін, жаңадан ашылған «Болашақ» институтының ректоры ретінде сол кісінің кабинетінде отыру бақыты маған бұйырды. Сондағы келіп-кетіп жүретін адамдар Сұлтекеңнің үлкен ұйымдастырушылық, іскерлік, адамгершілік қасиеттерін аса бағалап, жас ректор, маған сол жолмен жүруді аманат ететін.

Сұлтан Қапарұлы 1997-1999 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болды. Терең білім, мол тәжірибе мәслихат жұмысының алға басуына да барынша септігін тигізді. Сол қасиеттері арқасында осы жылдары Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев мұражайының ғылыми кеңесшісі де болды.

Сонша жұмыстың сыртында ғылыми жұмыстармен де жүйелі айналысты. Экономика, педагогика және құқық саласына арналған 200-ден астам ғылыми және публицистикалық еңбектері бар. «Центральный Казахстан: природа и природные ресурсы, события и люди, реформы и развитие» (2003) атты бірегей кітаптың авторы.

Ел үшін сіңірген еңбегі Үкімет тарапынан жақсы бағаланып, жеті орденмен және көптеген медальдармен марапатталды. Қарағанды қаласының және Қарағанды облысының «Құрметті азаматы» атақтарына ие болды. Басқа да атақ-дәрежелері қаншама?!

Мен Сұлтан Қапарұлымен ұзақ жылдар бойы жақсы, тіпті, тығыз қарым-қатынаста болдым. Жалпы, туған елге, жерге деген, адал еңбекке деген сүйіспеншіліктің арқасында елдің жағдайын, ұлтының мүддесін мұрат еткен ғажайып жан, қажымас қайраткерді бүкіл халық құрмет тұтты, қадірледі десем, артық айтқандық болмас.

Сұлтан ағаның өмірлік жары Роза Балбатырқызы да – есімі елге белгілі, ғазиз жүректі жан еді. Сұлтан ағадан бір жыл бұрын дүние салды. Апай бүкіл саналы ғұмырын Қарағанды қаласындағы беделді оқу орны – ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебінің – қазіргі Б.С.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қалыптасуы мен дамуына арнады, ұзақ жылдар бойы осы оқу орны қабырғасында табан аудармай еңбек етті. Өңірге кеңінен танымал қарапайым оқытушы, қажырлы ғалым болды. Қатардағы оқытушыдан ұлағатты ұстаз дәрежесіне көтерілді. Оны көтерген – адал еңбегі, шәкірттеріне деген ықыласы, шәкірттерінің ұстаздарына деген махаббаты. Р.Құлжақаева – заң ғылымдарының кандидаты, қазақ қыздары арасынан шыққан заңтаным саласындағы алғашқы профессор, басқа марапаттары өз алдына бір төбе. Н.Әбдіров, И.Борчашвили, Е.Оңғарбаев, А.Смағұлов, М.Қызылов, Б.Сыздық сияқты есімдері елге белгілі азаматтар Роза Балбатырқызын өздерінің ұстазы санайды. Апайдың шәкірттерінің бәрін санап шығу мүмкін емес. Олардың сапында қатардағы жедел қызметкерден айбынды генералға дейін кездеседі.

Бір отбасында қазақтың екі жақсысының басы қосылып, шаңырағын еңселі еткен. Отағасы Сұлтан Қапарұлы мен отанасы Роза Балбатырқызы екеуінің қазыналы Қарағандының өсіп-өркендеуі үшін сіңірген еңбектері, көрсеткен үлгілері ұшан-теңіз. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар ұл-қыз өсірген өнегелі ата-ана. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген. Сұлтекең мен Роза апайдың бауырынан шыққан Раушан, Ерлан сияқты белгілі тұлғаларды Қарағанды түгіл, бүгінде бүкіл Қазақстан біледі. Екеуі де өз дәрежесінде ата жолын қуған. Ерлан – экономика ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер. Раушан – медицина ғылымдарының докторы, профессор. Біраз жылдардан бері Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Сұлтекең мен Роза апайдың немере-жиендерінің өзі қазірде қатарға қосылып қалды. Ата-ананың жолын, дәстүр бұзбай, заман талабына сай қалыпты білім алып, қоғам өміріне белсене араласа бастады.

Сұлтан Қапарұлымен жүздесудің өзі бір ғанибет еді. Әредік кездесіп қалғанда шаруа айтпайтын, шаршатпайтын. Көңілді қажытпайтын, салиқалы да парасатты сұхбатпен әңгіме қозғап, көп отырмай, қоғам өміріндегі жақсы, жағымды жаңалықтар, Елбасының табанды, салиқалы саясатының арқасында еліміз ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жүріп өткен ғажайып жолдың тағылымды тұстары туралы ой-толғамдарымен бөлісетін. Сонша таныс-біліс бола жүріп, Сұлтан ағаның бір уайым айтқанын, таусылып сөйлегенін, тіпті, дауыс көтергенін көрмеппін. Сондай-ақ, біреудің сыртынан ғайбат сөйлегенін де естімеппін.

Қандай жағдайда, қандай ортада болсын, ол кісінің табиғи болмыс-бітімі, мінез-құлқы адамдармен ара қатынасы ерекше үлгі еді. Қашанда елдің бетінде, желдің өтінде жүріп үйренген жан кез келген ортаны баурап әкететін. Оның өзінде келеңсіз килікпей, сырбаздығымен, мәдениетімен, орынды әңгімесімен, айтар ойының нақтылығымен алатын.

Сұлтан Қапарұлы өзінің өнегелі өмір жолымен, егер адам бірдеңеге ұмтылар болса, кез келген кәсіби биікке көтеріле алатынын нақтылы дәлелдеді. Сұлтекең – өз елінің қалыптасуына елеулі үлес қоса білген санаулы тұлғалардың бірі. Оның жоғарыда айтылған «Центральный Казахстан: природа и природные ресурсы, события и люди, реформы и развитие» атты монографиясы өзіне теңдесі жоқ толымды ғылыми-зерттеу-еңбек. Жұмыста Орталық Қазақстанның тылсым табиғаты мен табиғи қорларынан бастап, оның зерттелуі, игерілуі, кеніштердің, кенді өлкеде бой көтерген қалалар мен кенттердің тарихы, онда еңбек еткен тұғырлы тұлғалардың өмірбаяны, тағы басқалары бәрі-бәрі кеңінен қамтылған. Ғылыми тұрғыда, танымдық негізде жан-жақты талдау жасалған. Мұнда да терең таным-білім, қалыпты көзқарас, байыпты ой-толғамдар менмұндалап тұр. Еңбекті Орталық Қазақстан тарихы туралы жазылған осы тектес жұмыстардың жарқын бір тарауы деуге әбден болады. Ел мен жер тарихына жаны алаң әрбір адамды бейжай қалдырмайды, сондай-ақ, осы сала бойынша ізденуші маман-ғалымдардың назарынан тыс қалмайды, ізденістеріне септігін тигізеді деп білеміз. Айтар едім, бұл еңбек өңір туралы әлі талай жазылатын іргелі еңбектерге бастау бұлақ болады.

Сұлтекеңнің артында өнегелі өмір жолы, тағылымды тарихы қалды. Ел мен жердің бағына туған тұлғалар – қашанда халық байлығы, мақтанышы. Осы сөздің биігінен қарасақ, С.Қ.Досмағамбетов – өз заманының қалаулы қызметшісі, қажырлы қайраткері, ел бағы үшін туған тұлға. «Жақсының өзі өлсе де, аты, рухы өлмейді» деген осы!

Ерен еңбегімен ата салтына, ел дәстүріне лайық өресі биік, ғибратты өмір сүрген Сұлтан Қапарұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

ҚР Ұлттық ғылым

академиясының мүшесі,

заң ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.