Осакаров

Майталмандар мерейленген мезет

Жайқалтып егін егіп, мыңғыртып мал өсіруге машықтанған Осакаров ауданында Агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі айрықша салтанатты жағдайда аталып өтілді. Аудандық мәдениет үйінде атаулы күнге орай ұйымдастырылған жиында жұртшылықты аудан әкімі Нұркен Қобжанов ақжарыла құттықтап, маңызды сала майталман мамандарына лайықты марапаттарын табыс етті.

  • Осакаров ауданының атақ-даңқын өзінің өзгеше бітімді еңбекқор адамдары ертеден асырып келеді. Солардың еселі еңбегінің арқасында біздің өңір ауыл шаруашылығындағы тартымды дәстүрлері қалыптасқан, жағымды жаңалықтары жыл сайын жаңғырып жататын аудандардың алдыңғы легінде. Бұл – бұлжымас үрдіс. Біз, яғни, аудан тұрғындары осынау ешқашан өзгермес орынды мақтан тұтамыз. Агроөнеркәсіп кешенінің тәжірибесі бай тарландары өздерінің берекелі қолдарымен ел ырзығын арттырудан жалығып көрген емес. Сондықтан, бүгінгі атаулы мейрам осы сала еңбеккерлерімен қатар, солардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде әл-ауқаты жыл санап нығая түскен барша аудан тұрғындарының ортақ мерекесі, – деді Нұркен Сайфиддинұлы өзінің жүрекжарды құттықтау лебізінде.

Аудан басшысының ақтарыла айтқан құттықтау сөзінен соң еңбегімен ерекшеленген жекелеген тұлғаларды марапаттау рәсіміне кезек берілді. Халықтың «Еңбегіне қарай құрмет» делінетін тәмсілінің қапысыз айтылғаны осы жолы тағы бір мәрте айғақталды.

Нұркен Қобжанов алғашқы кезекте ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн. теңгенің грантын иеленген «Байсариева Гулпаршын Зайтжановна» ЖК иесіне арнайы сертификатты тапсырды.

Кәсіби мерекеге орай, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекцияларының құрылғанына 20 жыл толуы құрметіне және ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосқан қомақты үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенінің Құрмет грамотасымен Қанат Шайкенов марапатталды. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы аудан әкімі Нұрлан Қобжановқа да салтанатты жағдайда табыс етілгенін айта кету артықшылық етпейді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен адал еңбегі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасын иеленгендер қатары да қалың болды. «Росток» шаруа қожалығының жетекшісі Григорий Лега, «Ақтөре» ЖШС директоры Жанатбек Ақтөреев, аталған кәсіпорынның механизаторы Александр Будницкий, «Жанел» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Мұқашев және «Төлеуов» ЖК жетекшісі Қайырбай Төлеуов осы санаттан бой көрсетті.

Бірқатар майталман азаматтарға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен адал еңбегі үшін аудан әкімінің Алғыс хаты берілсе, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегі және ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарын алып, мерейі өскен жандар да аз болмады.

Елордада Қарағанды облысының ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесін ұйымдастырып өткізуде белсенді қимылымен көзге түскен Ирина Ушакова Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Еңбегімен ел құрметіне бөленген бір шоғыр үздік еңбеккерді облыстық деңгейдегі салалық кәсіподақ ұйымының елеп-ескергені де салтанатты сәттің шырайын енгізе түсті.

Осы орайда марапатталушылар санының мол болуының себебін мына бір деректер арқылы түсіндіре кеткен жөн секілді. Бүгінгі таңда Осакаров ауданының агроөнеркәсіп кешенінде ірілі-ұсақты 610 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Оның ішінде 487 шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтары, 120 жауапкершілігі шектеулі серіктестік белсенді әрекет етеді. Енді бұларға жалпы саны 8,4 мыңды құрайтын, бағымында меншікті малы бар жеке шаруашылықтарды қосып есептеу керек. Әрине, көңілді көркейтер көрсеткіш – бұл.

Жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісіне 852,0 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер аумағы тиетінін айтпай кетуге, әсте, болмайды. Оның 457,0 мың гектары – егістік алқап, 378,0 мың гектары – жайылым, ал 3,6 мың гектар жер аумағы – шабындықтың үлесінде.

Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысымен аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 30,2 млрд. теңгені құраған екен. Оның 19,2 млрд. теңгесін өсімдік шаруашылығы берсе, 10,9 млрд. теңге көлеміндегі өнім мал шаруашылығына тиесілі. Осы кезеңде аталған саладағы қызмет көрсетулер көлемі қаржыға шаққанда 14,4 млрд. теңгені құраған.

Иә, Осакаров ауданы – облыстағы ең ірі егін шаруашылығы аудандарының бірі һәм бірегейі. Аймақта өндірілетін барлық астық көлемінің 44,5 пайызы (380,7 мың тонна) осы ауданның үлесіне тиеді.

Жетістіктің жеңіл келе қоймайтыны белгілі. Ол көп ізденіс пен тынымсыз еңбекті қажет етеді. Қазіргі таңда межесі биік, мұраты асқақ ауданда ауыл шаруашылығы өндірісіне инвестиция салуға пәрменді бетбұрыс бары байқалады. Материалдық-техникалық база жыл сайын жаңғыра түсуде. Өнімділігі жоғары заманауи үлгідегі отандық және шетелдік техниканың сатылып алынуы – соның айғағы. Нақтылай түссек, үстіміздегі жылдың 9 айында жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 198 бірлік жаңа техника аудан аумағына жеткізіліп, пайдалануға беріліпті.

Жоғарыда аталған уақыт кезеңі аралығында мал шаруашылығында қол жеткізілген көрсеткіш те тым қомақты. Мәселен, 5,7 мың тонна ет өндірілсе, сүттің көлемі 37,5 мың тоннаға жеткен. Ал, жұмыртқа 6,6 млн. данаға бір-ақ шығыпты. Бұлай болар жөні бар, әрине. Өйткені, ауданда қазіргі таңда 33,3 мың ірі қара, 30,1 мың бас қой-ешкі, 14,6 мың бас жылқы – бағылымда. Берекенің арта түсуіне 60,5 мың құстың тигізіп отырған әсері де айтарлықтай.

***

Еңбеккерлерінің ілкімді істері ілгері басуға негіз қалаған ауданның бүгінінен ертеңі жарқын бола түсері күмәнсіз. Ендеше, дала төсін дүбірлі еңбек думанына айналдыруға қалыптасқан ауыл шаруашылығы саласы майталмандарының мерейі мейлінше өсе түсер сәттер әлі де алда.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button