Осакаров ауданындағы Ақбұлақ ауылында жақында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар «Мөлдір бұлақ» акциясының барысында қатысушылар ауыл жанындағы байырғы бал бұлақтың көзін аршып, айналасын тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Акцияны «Қазсушар» РМК-ның «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК филиалының Қарағанды пайдалану басқармасы еліміздің барлық өңірлерінде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау мақсатымен ұйымдастырған. Шараға аудан басшылығынан бастап, түрлі мекеме өкілдері, ауыл тұрғындары белсене қатысып, ат салысты.
Игілікті шараның бастауында сөз алған «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК филиалының директоры Ондасын Жиенқұлов, Осакаров ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы Саят Бекенбаев табиғатқа жанашырлық шарасының мән-маңызына тоқталып, көпшілікті ортақ іске бір кісідей жұмылуға шақырды. Ауыл ақсақалы Монғолбай қажы асарлатқан ағайынға ақ тілегін арнап, батасын берді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, аз ғана уақыт ішінде бұлақ көзі ашылып, айналасы тазарып, айтарлықтай көріктеніп қалды. Қатысушылар, сонымен қатар, осы маңатқа бірталай жас көшеттер отырғызды. Олардың күтімін келешекте ауыл тұрғындары өздері қадағалайтын болады.
Шара соңынан жергілікті өнерпаздардың күшімен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ауыл халқына мереке кезіндегі тамаша тарту болды.
Табиғатты қорғау, аялау, қолдан келгенше қамқорлық жасау – кімге болса да парыз. Туған жердің табиғатына келгенде бұл парыз тіптен еселене түспек. Сондықтан, «Мөлдір бұлақ» акциясы табиғатқа қамқорлықпен қатар, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, ауызбіршіліктің бір көрінісі деп білеміз.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы





