Руханият

Құлпытас

Ескерткіштер – ел тарихы, халық мұрасы. Жергілікті халықтың соңғы 200 жылда қалдырған ескерткіштерінің бірі – халық жәдігерлері. Оның ішінде, кесенемен қатар қойылатын құлпытастар бар. Қазіргі кезде кесене басына қара немесе қызыл гранит орнатумен қатар, адамның бейнесін салу дәстүрге айналды. Құлпытастың бетіне марқұмның суретін салу кеңестік дәуірде кең етек алып, кейін сол дәстүрге жалғасты.

Құлпытастың тарихи жәдігерлік ролі оның уақыт мерзіміне байланысты. Ал, кіші мемориалды сәулет кешенінің бір бөлшегі ретінде пайда болу кезеңі өте көне уақыттан бастау алады. Құлпытас жасау сымбат өнерінің орнына жүрді. Тастан адамның суретін қашап жатпай, мәрмәр тасты төрт қырлап мүсіндеп, бедерлеп, жазу жазып белгі қойды. Халық қайтқан адамға арнаулы жоқтау жырын шығара бермейтін секілді мүсін жасағанда сол кісінің кескінін ойып шығармаса да, жалпыға бірдей құлпытас қою салты туды.

Қайтыс болған адамды алдымен халық жырмен жоқтайтын болды. Сонымен қатар, қабір басына қойылған құлпытас пен жоқтау жырының мақсаты ортақ, біріндегі олқылықты екіншісі толтырып, мәңгілік ескерткіш қалдырды. Құлпытас жасау, қою – қазақ халқының тас өңдеу өнерінің мемориалдық бағытының ерекше бір бағыты. Құлпытастың кіші мемориалдық ескерткіш ретінде қалыптасуы жайында тарих ғылымында, әр кезеңде әр түрлі пікірлер айтылған. Алғашқы пікірді 1898 жылы А.Мұстафин түркі дәуірінің сынтастарымен қазақ құлпытастарын байланыстырады. Бұл пікірді кейін басқа зерттеушілер М.Меңдіқұлов пен Б.Ибраев қолдаған болатын. Құлпытастың шығу тегі Т.Басеновтің пікірінше, сынтастармен байланысты. Осы гипотеза Э.Масановтың еңбегінде қолдау тауып, қазақ құлпытастарының антропоморфтық қалпынан бастартып, бұл дәстүрді көне түрік руникалық жазбалармен (бангу-таш, бітіг-таш) байланыстырады. Алтай жеріндегі сынтас алдына қойылған бағана тас тізбегі жөнінде, зерттеуші ғалым В.Кубарев бұл өңірдегі осы бағыттағы тастар және қорымдардың қойылуы ерте кезден бастап қалыптасқан. Молалардың тізбегі солтүстіктен оңтүстікке қарай қоныстарға қатысты болғанын баяндайды .

Түрік кезеңіндегі балбал тастардың пайда болуы кезеңі белгісіз. Дегенмен, зерттеуші С.Руденконың пікірі бойынша, балбал тастардың саны, жерлеу ғұрпына қатысқан ру-тайпалардың құрамына, санына қатысты. Себебі, балбал тастар әйел және балалардың молалары алдына қойылған.

 

Алтай бағана тастары, балбал тастарға қатысты, бұл қайтыс болған адамның тірі кезіндегі моласы үйі, ал бағана тас ат байлайтын бақанды білдіретін белгі болуы мүмкін деген жорамалды Л.Потапов айтады. Ортағасырлық Алтай өңірінің қорғандары жанынан балбал тастың, ат байлайтын орны табылмағанмен, жер үйлерінде осы дәстүр дәл осы қалпында шығыс жағында атбайлар бағандар болған. Бағана тастардың қаралы жиынға жиналған жұрттың, атбайлар қазығы болған жорамалды толықтай түседі. Якут асында кейінгі уақыттарға дейін жиналған жұрттың есебіне байланысты, сонша ат қазық дайындалған.

Орталық Қазақстанда құлпытастардың геометриялық формасы декоративті әшекейленуі және тарихи кезеңіне байланысты бірнеше түрі кездеседі. Құлпытастың әшекейлену және өте күрделі түрлері Батыс Қазақстан территориясында өте жиі кездеседі. Аталған мемориалдық кіші ескерткіштерді кешендерге байланысты зерттеуші ғалым С.Әжіғали бірнеше топқа бөлген.

Құлпытастар архитектуралық шешімі бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Қарапайым табиғи тастан тұрғызылған, көркемдік, антропоморфтық.

Табиғи тастан тұрғызылған құлпытас

Аумағы шағын (биіктігі – 0,5-1,0 м) табиғи тасты құлпытас ретінде пайдалану. Бұл жағдайда үйменің немесе үйіндінің батыс жағынан қойылады. Мұнымен қатар тассағанамен (тассағана – дегеніміз сәулет ескерткішінің кіші түрі) де бірге қойылады.

Топографиялық орналасу жағынан ортағасырлық кесенелер және үлкен қорымдарда кездеседі. Табиғи тастың бетіне ру таңбасы салынған, құлпытастың аумағы әр дәрежеде (биіктігі – 0,50,7 м). Мысалы, Домбауыл кешені мен ортағасырлық Басқамыр қалашығының басындағы табиғи тастан қойылған құлпытастар.

Үйменің басына қойылған құлпытас

Құлпытастың бұл түрі Орталық Қазақстанның әр өңіріндегі қорымдарда кездеседі. Дегенмен, басым көпшілігі Ұлытау ауданында орналасқан. Мысалы, Алаша хан, Аяққамыр кесенелерінің маңында бірнеше жерде орналасқан. Бұл құлпытастардың белгісі беті тегіс, аумағы (биіктігі – 0,5-0,6 м, ені – 2,0-0,3 м). Біршама бөлігінде ешқандай таңба-белгі байқалмайды. Бұл – өте қарапайым, өзінің қалыптасу тегі жағынан әр түрлі ескерткіштерге қатысты. Құлпытас қазақ халқының діни көзқарасында үш әлемді білдіреді. Үстіңгі бөлігі аспан әлемі ,екінші негізгі бөлік адам ғұмыры және жерге орнатылған жерасты бөлігі.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button