Руханият

Әке – Құнанбай, бала – Абай…

Жақтап та, ақтап та шыға алмайтын кездер болады. Мақтауға да, даттауға да аузың бармайды, бірақ, жазу керек. Сәкен СЕЙФУЛЛИН атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында тұсауы кесілген «Жас Абай» қойылымына қатысты біздің пікір осындай. Осал емес, айтарлықтай алып бара жатқан артықшылығын да байқай алмадық. Осымен аяқтай салуға болар еді. Алайда, түсінікті болу үшін тарқатамыз.

Абайдың жастық шағына «аға сұлтанның ақын баласы» (Ғ.Жайлыбай) деген тіркес жақынырақ тәрізді. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайдың баласы неден таршылық көргендей? Сондықтан, Абайға екінің бірінің қолы жете бермегені анық-ау. Өзі де айтпай ма, «Мен паң едім, Бейқам едім, Еш нәрседен қайғысыз. Тез дерттендім, Кейде өртендім, Кейде мұз» деп. Семейдегі Ахмет Риза медресесінен бір емес, екі бірдей елеулі ел адамы алып келгенінің өзі біраз жайды аңғартпай ма? (Спектакль Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының желісі бойынша сахналанған) Қатардағы қаймананың бірі болса, жалғыз өзі сауда керуенінің біріне ілесіп жүре бермес пе еді Зере мен Ұлжанның Телқоңыры? Аға сұлтанның баласы қаншалықты еркін, бұла өскенімен, үлкен тәрбиеде, ерекше назарда болған деген сөз. Төсектен сөйлеп тұратын, содан күні бойы мұқым қазақ мәселесін шешу жолында тынбай сөйлейтін Құнанбай тәрбиесін алу да заманындағы ең озық оқу орнында тәрбиеленгенмен бірдей. Одан артық болмаса, кем емес. Осы тұрғыдан келгенде, Құнанбай – өте күрделі образ. Қойылымда ол ашыла қойды деп кесіп айту қиын. Абайды өсірген – қазақ даласында, Құнанбай маңында өтіп жатқан тап тартысы ғана емес шығар. Белгілі деңгейде ол оқиғалардың да әсері тимеді деп айта алмаймыз. Абайды Абай қылған – әкесінің тәрбиесі мен ілімі, әжесі Зеренің ертегісі болуы мүмкін.

Шығыс ілімімен сусындатқан ол кездің медреселерінің білімі өте жоғары болғанын өткенде бір жазбадан оқыдым. Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, әл-Бируни, тағы басқа ғұламалар салып кеткен, тұнып тұрған даналық, кемелдікке бастайтын ілім. Физика, астрономия, алгебра сияқты пәндердің бәрі оқытылған. Қазір білім бар да, ілім жоқ қой. Қазіргі білім – ақпарат, жіліктің сыртын ғана көрсетеді. Ал, Шығыс ілімі сол жілікті шағып, майын ішкізеді. Әлгіндей тәрбие мен кемел ортадан шықпаса, Абай бола ма? Оған өзінің «туысы жаннан бөлек-ті» дегенін қосыңыз.

Спектакль Әуезовтің романындағыдай Абайдың оқудан қайтуынан өрбиді. Ауылдағы той, қара-құра елдің айқай-шуы мазаны алады-ақ, бірақ. Сахна болған соң, малды ауылдың шу-шұрқанын сол қалпында әкелген қайбір ләзім екен? Құрық пен бұғалықты көрсетіп қалған орынды, сонша шу-даңғаза құлаққа түрпідей тимей ме? Және жалғыз емес, бұл екі-үш рет қайталанады. Сахна – алакөлеңке. Жас Абайдың балалық, жастық кезінің бәрі ауыр ой мен қайғыда өтті дей алмаймыз. М.Әуезов романындағы Абай – Абайдың шын өмірінен алшақ болуы әбден кәдік. Сөз жоқ, ол – ұлы шығарма. Кейінгі бір абайтанушылар «Абай жолындағы» Абай – Абай емес!» деп те айтып қалып жүр. Ол кезде идеологияның ықпалы өте күшті болған көркем шығармаға.

Шығарма авторлары Т.Ибрагимов пен М.Әбілдің ұтқаны – әкесі Құнанбай мен бала Абай арасындағы жарастық пен өзара түсіністік. Бірінебірі қарсы шықпаған, «әке – балаға сыншы», Абай қорытынды шығарып отырған. Ру арасындағы тап таласында да Абай әкесін жақтап шығады. Оның турашылдығын артық көреді.

Ал, Абай мен Тоғжан тақырыбы, бозбала ақынның алғашқы махаббатына қатысты көріністің бәрі сәтті шыға бермеген. Абайдың махаббат лирикаларын еске түсірердей асқақ сезімдерге жетелердей сюжеттер байқалмады. Бірсыдырғы. Екі жастың кездесіп, күйіп-жанғаны, Ерболдың көріп қойғаны ғана. Бәлкім, елжіреп сүюді былай қойғанда, екі жас жақындасқанда «елбіреп» деп келтіретін хакім шығармаларын оқып өскен бізге солай көрінді ме, кім білсін?! Айтпақшы, осы арада Құнанбай Ұлжанға Алшынбай биге құда түсіп бару жағын қамдастыра бер деп тапсырып қойған.

Ру араларындағы талас-тартыстармен қатар, Абай өміріне ауыр тиген – Қодар мен Қамқа оқиғасы. Ол қасіреттен кешкен қайғысы жақсы көрсетілген. Сезімтал бала ақын жүрегінің ауырғаны, өзіне келе алмай сандырақтап, есі кірерлі-шығарлы күйде ыстығы көтеріліп жатып қалғаны шынайы шыққан. Содан айыға алмай жатқанда бұл шаңыраққа әлдебір ақын құдайы қонақ болып келеді. М.Әуезов романындағы Барлас пен Байкөкше ақындардың Құнанбай шаңырағына түсетіні ғой. Бірақ, мұнда жолаушы ақын бейнесі біртүрлі олақ көрінді. Абайдың өзі «қобыз бен домбыра алып топта сарнап» дегеніндей, қобызы бір жағында, дауысы бір жағында, айтқан сөзін ұғып болмайсыз. «Домбырам не дейді, мен не деймінге» ұқсаңқырап кеткені қынжылтты.

Бала Абайдың кейпіне енген А.Аман тай рөлді жақсы сомдап шықты. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов, қоюшы-суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Тұяқов, әуенмен әрлеуші – С.Мұстафина. «Біткен іске сыншы көп» қашанда. Аз-кем кемшіліксіз дүние жоқ. Алайда, бұл жазбаны оқып, спектакльден қалуға тағы болмайды. Керісінше, осы автордың сыны қаншалықты орынды, соны таразылауға барады мәдениетті елдің баласы. Әке – Құнанбай, бала – Абай, бағамдау кімге де болсын оңай тимесі анық.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button