Руханият

Қасиетті қарашаңырақ

Дарынды жастар шоғырланған Қарағанды өңірінде кәсіби өнер ұжымының ашылуы заңды құбылыс еді. 1938 жылдың 6 наурызында филармонияның іргетасы қаланады. Осы жылдардан бастап, ұжым көпшіліктің талғамын қалыптастырып, қазақ музыка мәдениетінің дамып, өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосып келеді. Алғашқыда бұл өнер шаңырағында (кейін мерейлі атақтарға ие болған) Қазақ КСР-ның Халық әртістері Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Зәбира Жұбатова, Қосымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртістері Қуан Лекеров, Мағауия Көшкімбаев, Алтын Әлиева, Қайныкен Әлімбаева, Нағима Өсербаева, Жабай Тоғандықов қызмет етті. Және тағы да көптеген есімі белгілі өнерпаздар филармонияның өркендеуі жолында талмай еңбек еткен-ді.

Сурет филармонияның баспасөз қызметінен

Филармонияға 1990 жылы – ұжымның іргетасын қалаушылардың бірі әрі бірегейі, Халық әртісі Қали Байжановтың есімі берілсе, ал, 1999 жылы концерттік бірлестік атын алады.
Бүгінгі күні Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік құрамында Қазақстанның беделді ұжымдарының қатарына енетін 2 академиялық оркестр, 1 джаз оркестрі, 1 фольклорлық ансамбль, 1 хореографиялық ансамбль, 3 эстрада ансамблі, 1 халық әнін орындаушылар ансамблі бар.

1983 жылы құрылған Е.Рахмадиев атындағы академиялық симфония оркестрінің алғашқы көркемдік жетекшісі және тәлімгері ҚР Халық әртісі, профессор Тө­леп­берген Әбдірашев болды. Өнер ұжымының қалыптасуы мен дамуына дирижерлер Н.Клинов, В.Норец, С.Ферулев, Қ.Ахметов зор еңбек сіңірді. Оркестрдің бас дирижері – Айдар Торыбаев, ди­рижері – халықаралық конкурс­тардың лауреаты, Қазақстан Ком­позиторлар одағының мүшесі Әбілқайыр Сағымбаев. Өнер ұжы­мы Қазақстан қалаларында және Ресей, Франция, Испания, Германия, Түркия, Қытай мемлекеттерінде гастрольдік сапарларда болды.

Ал, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі 1988 жылы құрылады, оның ал­ғашқы құрамы – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлектері. Оркестрді басқарған алғашқы дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай болатын. 1990 жылы оркестрге ұлы күйші, халық композиторы Тәттімбеттің аты берілді. 1992 жылы оркестрге жетекшілік етуге КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев шақырылды. Қазір өнер ұжымының Тәттімбеттің атымен қатар Академиялық оркестр деген мәртебелі атағы бар. Ұжым әр жылдары гастрольдік сапармен АҚШ-та, Франция мен Швейцарияда, Швеция, Чехияда, Иран, Ирак, Түркия, Ресей мен Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде болды.

Бүгінгі күні оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, бас дирижер – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ерлан Бақтыгерей, дирижері – халықаралық конкурс­тардың лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әбілқайыр Сағымбаев.
Джаз оркестрінің іргетасы 1994 жылы қаланды. Оркестрдің алғашқы күнінен бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко бас дирижері және көркемдік жетекшісі міндетін атқарып келеді. Джаз оркестрі әр жылдары гастрольдік сапармен Түркия, Ресей, Қырғызстан, Сербия елдерінің көрермендері алдында өнер көрсетті.

«Аққу» фольклорлық-хорео­гра­­фиялық ансамблі 1993 жылы ұлттық би өнерін насихаттау мақсатында құрылған болатын. Республикалық эстрада өнері студиясының түлегі Қорлан Мұқатова ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып көп жыл еңбек етті. Ұжым халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазіргі кезде ансамбльге «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Назгүл Авильхан жетекшілік ете­ді. «Аққу» әр жылдары Вьетнам, Белоруссия, Ресей, Голландия, Фран­ция, Швейцария, Швеция, Германия, Оңтүстік Корей, Қытай, Малайзия, Ирак, Түркия елдерінде гастрольдік сапармен табысты өнер көрсеткен.
«Арқа сазы» фольклорлық ансамблі 2004 жылдан сахна төрінде. Репертуарында халық әндері мен күйлері, жергілікті композиторлардың шығармалары бар. Халық­аралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Францияда, Швейцарияда өтетін дәстүрлі халықаралық фольклор ансамбльдері фестивалінің тұрақты қатысушысы. Гастрольдік сапармен көптеген шетелде өнер көрсеткен. Көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері Байқара Сәдуақасов.

«Әуен», «Мерей», «Арай» ша­ғын ансамбльдері эстрадалық бағытта жұмыс істейді. Құрамында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, дәстүрлі және эстрада ән орындаушылары, аспапта жеке орындаушылар еңбек етеді. 1995 жылы құрылған «Әуен» ансамблінің қазіргі көркемдік жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» Камшат Насырова, музыкалық лекторий негізінде ашылған «Мерей» ансамблінің көркемдік жетекшісі – Серік Асанбаев болса, ал, 2012 жылы құрылған «Арай» ансамблінің қазіргі көркемдік жетекшісі – Санжар Ашкенов.

2025 жылы дәстүрлі ән орындаушылар шоғырланған «Наз­қоңыр» халық әнін орындаушылар ансамблі жинақталды. Құрамында Арқа дәстүрлі ән мектебінің өкілдері, танымал орындаушылар еңбек етеді. Жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов.

Бүгінгі таңда Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Әбуғалисын Шоқанбаев, Александр Севостьянов, Тал­ғат Ыдырысов, Жақсыгелді Кемалов, Полатхан Ташимов, Татьяна Передеро, Сержан Мұсайын, Әсет Абильдин, «Мәдениет қайраткерлері» – Ержан Құспанов, Балғабек Смағұлов, Меруерт Ибраева, Жанета Алдыханова, Алексей Филиппов, Ирина Воробьева, Меруеш Башай, «Мәдениет саласының үздіктері» – Ғазиз Ажбағамбетов, Ержігіт Оспанханов, Сахибеден Құлғалиев, Әлия Құлғалиева, Наталья Киндсфатер, Сапарғали Боранбаев, Ләззат Сәрсенбекова, Аманкелді Үсенов, Алтын Мұсайын, Қанат Бақыраев, Ержан Базарбеков, Гүлмира Жакупбаева, Мейрамгүл Кәріпжанова, Гүлбану Серікова, Нелли Резанова, Қайрат Омаров, Медет Осатаев еңбек етеді. Сондай-ақ, халықаралық және республикалық конкурс лауреаттары – Дулат Аханов, Әсел Қарабаева, Гүлмира Тапай, Нұрбол Темірғалиев, Арайлым Жүкенова, Рысты Рахымжан және басқа да көптеген өнерпаздың есімі ел ішіне жақсы таныс.

Концерттік бірлестіктің музыканттары мен әншілері шетелде, сонымен қоса рес­публикалық, облыстық концерттерде, қалалық іс-шараларда үнемі өнер көрсетіп, әр бағыттағы шығармаларды орындап келеді. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі – Қазақстандағы ең ірі, кәсіби өнер шаңырағы. Еліміздің абыройын шетелдің атақты сахналарында асқақтатып, қазақ ән-күй өнерін дүние жүзіне таныстырып жүр. Оркестрлер мен ансамбльдердің репертуары мол, жан-жақты. Классикалық шығармалар, ұлттық өнеріміздің жауһарлары әрдайым толысып, жаңарып отырады. Еліміздің, шетелдің атақты дирижерлері, композиторларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынас жасап, шығармашылық байланыс үзілген емес. Алдағы уақытта концерттік бірлестік көрерменге жаңа жоспарлар, тың шығармалар ұсыну үшін қызу еңбек үстінде.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы

Басқа материалдар

Back to top button